Комендантенің ықыласына бөленген әнші

Пятница, 24 Февраль 2017 06:18 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4305 раз

Кеңес заманының идеологиялық үрдісінің нәтижесінде Куба елі мейлінше дәріптеліп, сүйкімді сипатқа ие болды. Э.Че Гевара, Ф.Кастро тұлғалары культ дәрежесіне көтеріліп, талай жастың қиялын тербейтін. Бүкілодақтық радиодан «Куба-любовь моя» әні жиі беріліп жататын. 1960-жылдары Б.Момышұлының онда барып, Куба әскерилеріне соғыс тактикасы туралы арнайы лекция оқып қайтқаны ерекше мақтаныш болатын. Кеңес Одағында өтетін жарыстар ма, фестивальдер ме, оған қатысатын Бостандық аралының өкілдері ерекше ілтипатпен қарсы алынатын. 1960 жылдары Кеңес өкіметінің шақыруымен Сочиде демалып жатқан Э.Че Геварамен кездескен мәдениет және кәсіподақ ардагері Ж.Сейітжанов ағаның әңгімесі тіпті әсерлі.

11

Соңғы кездері Ф.Кастроның жеке оққағары қазақ азаматы болғанын естіп, тағы мерейленіп кеттік.

Ал шымкенттік әнші, бүгінде ҚР еңбек сіңірген әртісі, өнер ұстазы-профессор Құрман Шойынбаевтың аты аңызға айналған Фидель Кастроның алдында ән салып, испан тілді латынамерикандықтардың, Куба революциясының көсемінің ықыласына бөленгенін осы жұрт білер ме екен?!

1985 жыл. Кәсіподақ па, партия ма, әйтеуір, жақсы байланыстар арқасында Шымкент облысының үлкен өнер тобына Куба еліне бару мүмкіндігі туды. Аспаптық ансамбль (жетекшілері-Қ.Байтемиров, Э.Жолдасов), Алматы медицина институтының Шымкентегі филиалы студенттерінің би ансамблі (жетекшісі-Б.Мейірбеков), әншілер, басқалар режиссер С.Елеусізовтың жетекшілігімен әдемі, ұлттық колоритке бай концерттік бағдарлама жасап, Атлантика асып кете барды... Гавана. Сантьяго де Куба. Ауа райы ылғалды, барқыт жел есіп тұр. Жұртшылық келбетінде мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды білдіргендей уайымсыз, мерекелік күңіл-күй. Сәлемдері жарқын. Қаладағы ескі автокөліктер жылжуынан билеп, ойнап кетіп бара жатқан халықтың жылдамдығы екпінділеу... Гид қалада бір көшені нұсқап, осы көшемен американдық танкіге мінген Ф.Кастроның 1959 жылы қалаға кіріп келіп, Баттиста режимі талқандалғанын жариялағанын айтты. Бостандық аралы азаматтарының қастерлі орны. Әйгілі Монкада қамалы. Оқ тескен қабырғалары әлі сол күйінде, «ремонт» көрмеген бе деп қаласың. Осында орнатылған үлкен сахнада концерт болмақ. Буырқанған, еркіндік буына әлі тоймағандай халық әр номерді жақсы қабылдап жатыр. Әсіресе сахнаға Құрман шығып Фальвоның «Айтыңдаршы, аруларын» орындағанда халық нөпірі теңіздей толқып кеткендей болды.

Ертеңіне қалалық кинотеатр болса керек, бір жабық ғимаратта Кеңес-Куба достығына арналған іс-шара жоспарланған. Залда мылтық асынған әскерилер көп. Сөз сөйлеу керек. Революциялық рух, өнердегі байланыс туралы ойымызды білгір өнер иесі С.Елеусізовпен пысықтап алдық. Сол жерден «Біз-Кронштадттанбыз» фильмінің күйтабағын тауып қойғанбыз. Аты мәшһүр хореограф-балетмейстер Альберто Алонсоның кездесе кеткені қандай жақсы болды. Ол кісімен бұрын кездескендігіміз, таныстыығымыз бар болатын. Институтта испан тілін үйренгенімнің мұндайда пайдасы тигенін қараңызшы... Залдағы қол шапалақ, жарқын-жарқын лозунгтар сүйемелдеуімен бірер сөз айттық.

Құрман орыстың «Калинкасын» әуелеткенде зал гулеп, тіпті билеп кетті.

Фильм басталды. Соңғы кадрлар; Юденич басшылығындағы ақтар тұтқындалған революцияшыл матростардың мойнына тас байлап, Балтық теңізіне лақтырып жатыр. Залда ығы-жығы дауыстар естіле бастады. Енді бір сәт «но пасаран!» деген ұранмен экран атқылана бастады. Зал іші көк түтін. Еліріп кеткен кубалық патриоттар... Апырай, соғысқа дейінгі фильмнің әсер ету күшін әлі жоймағандығын қараңызшы!

Консулдық өкілі М.Голошубин Серік ағамызға келіп, азғана топты ықшамдап алып, комендантенің резиденциясында өнер көрсетуге алып баратын болды. Ескілеу советтік «Лазбен» тиісті жерге келгенде кубалық әріптес өнерпаздардың ыстық ықыластары өз алдына, әсіресе Фидель Кастроның әскери формада ширақ жүрісі, жарқын жестері, ашық мінезі, күлкісі – бәрі есте. Домбырашылар триосы бірнеше композиция орындап, өнер көрсетуін екпінді төкпе күймен аяқтады. Құрман Ж.Бизенің «Смиттің серенадасын» ерекше сызылтып шырқап берді. Комендантенің риза болғаны сондай, орнына тұрып, қол соқты. Ол топтан бір кісі келіп «рахмет, бәрекелде» дегендей жымиып, ром ұсынғаны тағы бар. Енді Құрман «Айнамкөзді» аңыратты. Сәлден соң Фидель өзінің алып денесімен әншіні құшақтап, арқасынан қағып жылы сөздер айтып жатты. «Грацияс» дегеніне, кубалық сигара ұсынғанына қарағанда көсем риза болғаны көрініп тұрды. Жас әншіміз салтанаттан көңілі тасып шықты.

Ертеңіне әскери линкорға мініп Кариб теңізінің айдынына шығу Құрманға тіпті қанат бітіргендей болды... Орыстың «ухасындай» ас әзірленген. Ромның түр-түрі... Сигаралар... – Анау Майями, яғни Америка, мына жағы – Бермуд үшбұрышы... – әңгіме-таныстыру тоқтамайды. Бір кезде Құрман «Ақбақайды» шырқады. Алыстағы Куба жағалауында, Кариб бассейнінде ол ерекше тыныспен орындалғанын әнші ұмытар емес. Капитан Эрнесто Фуэнтос матростарды сапқа тұрғызды. Бұйрық берді. Кеме зеңбіректері гүрс-гүрс атқылап кеп берді. Тәржімашы бұл қазақ әншісіне көрсетілген құрмет белгісі екенін түсіндірді. Әңгімелерінен бұл әншіге деген комендантенің кешегі ықыласының жалғасы деп ұқтық.

Содан бері Құрман әншілік өнерін шыңдаумен келеді. Орындаушылықтың жоғарғы белесі-консерваторияны, көрнекті ұстаз Н.Шәріповадан бітіріп шықты. К.Байсейітова конкурсында жүлдегер атанды. Кейінгі жетістіктері, тынымсыз концерттік қызметі, мемлекеттің ең жоғарғы құрметті атағын алғаны, ұстаздық етуі – бәрі шымкенттіктердің көз алдында. Ұлыбритания, Польша, Ресей, Монғолия, Өзбекстан сахналарында әнші әуезді үнін, жүрек жылуын қалдырған. Қазақ әуені Әміренің Парижды тамсандырған кезінен бастап талай жерде орнығып, әлем ықыласына бөленіп жатқан болса, ол үрдістің ішінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаевтың да үлесі қомақты.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев қаншама ресми қонақтар алдында, мемлекеттер жетекшілері, БҰҰ өкілдері алдында өзінің кең тынысты, тербелген лирикалық-драмалық тенор даусымен қазақтың ән әлемін жайып салды десеңізші! Ал Куба революциясының көсемін байсалды, көрнекті әншіміз ерекше ілтипатпен атайтыны осы бір эпизодты еске түсіруге түрткі болды. Әлем жұртшылығы қатарында Командантеге бақұл бол! – айтамыз. Ал елдің сүйікті әншісі, кезінде Фидельмен дәмдес болып, көсемнің ерекше ықыласына ие болған бұл күнде өнер тарланы ретінде Оңтүстік сахнасының сардарына айналған Құрман Әлтайұлына «шырқа, әуелете бер, қазақ әнін!» – дейміз.

 

Асқар ӘЛИХАН,
ҚР мәдениет қайраткері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.