Шымкентке арналған ән көп, алайда...

Пятница, 17 Октябрь 2014 09:29 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 15509 раз

Шымкент– тек шымқалалықтардың ғана сүйікті қаласы емес. Еліміздің әр өңіріндегі тұрғындар үшін де келбеті келісті шаһар. Содан болар, әр қазақтың баласына Шымқала ыстық. Күн сайын жаңарып келе жатқан қаланы жырламаған ақын, әуенге қоспаған сазгер жоқ шығар?!

Десе де, шырайлы шаһарға арналған әндердің бәрі хит болып кеткен жоқ. Олардың арасынан танымал әндер көп деп айта алмаймыз. Әйтсе де, жүректерге жететін әуендер жоқ емес. Композитор Айжігіт Асановтың «Шымкент» әні қаланың әнұраны ретінде танылды. Сондай-ақ ән «Мұнарлан» тобына шығармашылық табыс әкелді. Сәтті шыққан туындыны жас өнерпаздар өз биігіне көтерді. Халықтың жүрегінен жол тапқан ән мерекелік шаралар да ғана емес, тойларда да шырқалып жүр. 

Ақын Бақытжан Ауданбаев пен сазгер Ержан Серікбаевтың Шымкентке арналған «Ару қала» әні мазмұндылығымен, иірімдерімен ерекше. Туындыны әнші Хадиша Шалабаева орындап жүр. Композитор әннің шығатын биігі алда деп сенеді. Түнгі қаланың келбетіне сүйсінген Бақытжан Ауданбаев «Шымкент түнін» де әнге қосады. Белгілі сазгер Ержан Серікбаевпен бірге жазған әзіл-қалжыңға құрылған «Шымкенттің салқын сырасын» жұртшылық жылы қабылдаған еді. Ақынның астарлы мәтіні, сазгердің әуезді шығармалары үйлесіп, тыңдарманға ерекше әсер қалдырды. Алайда автор Бақытжан Ауданбаев «Шымкенттің салқын сырасын» басқа тақырыпқа ән табылмады ма деген сыңайда сынағандар көп болғанын айтады. Досы Ержан «ән шығарайық» деген соң, Бақытжан аға сөз жазып береді. Сол екен, ән Шымкенттен асып, республика деңгейінде талқыға түседі. Қалжың аралас әнді сазгер мен ақын хит болады деп ойламапты.
– Асқақ Астана, арайлы Алматымен қатар шырайлы Шымкентіміз күн санап көркейiп келеді. Қазір қаламыздың атқан таңдай ажарына сүйсінбеу мүмкін бе?! «Шымкент» туралы әнімді 2007 жылы жазған болатынмын. Ән байқауында жүлде алмаса да, жоғары бағаланды,-дейді Айжігіт аға.
Иә, Шымқала туралы әндер жеткілікті. Бірақ жазылған шығармалар халыққа жетіп жатқан жоқ. Тыңдаған жерде жүрегіңді бұлқындырар әуендер саябырсып қалғандай. Жалаң ұранға, жалған пафосқа, жеңіл ұйқасқа құрылмаған әндердің жарыққа шықпауы неден? Оның себебін композитор Айжігіт Асанов әнге насихаттың жоқтығымен түсіндіреді. «Ақылы арналар әннің бейнебаянына қаражат сұрайды. Ал әннің жарыққа шығуы үшін оны әрлеу қажет. Шымкент туралы әндеріміз теледидардан беріліп, баспасөз беттерінде жарияланбаған соң ел қайдан білсін?! Сахнаға шықпай шаң басып жатқандары қаншама?! Қала күнінде туындыларымыз ескерілсе нұр үстіне нұр болар еді,-дейді.
Қала күні әншілердің әдеттегідей ән айтып қайтатын тойы емес. Жылына бір келетін мерекеге арнап, репертуарға жақсы ән қосуға болады. Алайда бүгін бар, ертең жоқ патриоттық әндер жазып, ақынның да, сазгердің де, әншінің де уақыты текке кетіп жатқандай. Ел назарын аударған шаһарға өнер иелері жеңіл желпі той әндерінен гөрі ой салатын есті әнді неге орындамасқа?! Шырайлы Шымқаланы әнге арқау етіп, оны аймақтарға насихаттасақ несі айып?!

Сіз не дейсіз?

Марат Омаров,
Бүкіләлемдік
композиторлар
қауымдастығының
мүшесі:

– Астанада жүрсем де, Шымкент көз алдымнан кеткен емес. Сүйікті қалаға деген сағыныш есейген сайын арта береді екен. Көңіл күйімнен жүрегімді «Шымкент-Шымқала» әні жарып шықты. Ән облысымыздың 80 жылдық мерейтойында арнайы жүлдеге ие болды. Бірақ өкінішке қарай, орындаушысын әлі тапқан жоқ. Лайықты әнші болса, сөзге келместен берер едім.

Бақытжан Ауданбаев,
ақын-сазгер:

– Шымкентке арналған төрт әнім бар. Бірақ мәселе әннің санында емес, сапасында ғой. Төрт әннің бәрі керемет шықты, елге жақсы танымал деп айта алмаймын. Дегенмен бәрінде перзенттік көңіліммен жаздым. Соның айғағындай «Шымкент» деген әнім сәтті шыққан сияқты. Мерекелік шараларда, ән кештерінде жиі шырқалады.

Мақсат Айтжанов,
әнші:

– Шымкент туралы жазылған әндер көп. Бірақ жүрекке жетпей жатқаны өкінішті. Өйткені патриоттық әндер ескірмегенімен, әншіге қаржылай табыс әкелмейді. Керісінше той әні өтімді. Кейде әуені жеңіл, мәтіні мағынасыз болса да, ел той әндерін тыңдағанды ұнатады. Сондықтан патриоттық әндер арзан ұйқас пен жалаң ұранның «құрбаны» болып жатыр. Ал тыңдарманға керегі жаттанды мәтін, жалаң ұран емес, сананы селт еткізер әдемі ән емес пе?! Репертуарымда ақын Бақытжан Ауданбаевтың сөзіне жазылған Марта Ташенованың «Арман қалам» -атты әні бар. Кезінде әнге композитор Марта Шеңгелбайқызының демеушілігімен бейнебаян да түсірілді. Жергілікті телеарналар арқылы да берілді. Осы туындыны қайта өңдеп, тыңдарман назарына жаңа сапада ұсынғым келеді.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

Последнее изменение Пятница, 17 Октябрь 2014 09:42
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.