Шымқала Шырайы Избранное

Вторник, 21 Октябрь 2014 08:15 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7360 раз

Оқушылар қолөнерімен айшықталды

Қала күніне орай 500 оқушы «Жас Ұлан» ұйымына қабылданды. Тәуелсіздік саябағында өткен шараға қала әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов, қалалық мәслихаттың депутаттары, еңбек ардагерлері, мектеп басшылары және ата-аналар қатысты. Халық қалаулылары жасұландықтарға галстуктер мен төсбелгілерін тақты. Қала әкімінің орынбасары үздік оқушыларды ұйымға қабылдануымен құттықтады.

60814676-«Жас Ұлан» ұйымына мүше болу үлкен жауапкершілік. Сендер осы сенім үдесінен көріне біліңдер. Оқуда озат болып, тәуелсіз елдің ертеңгі тірегіне айналыңдар. Ата-аналарың мен ұстаздарыңның үмітін ақтап, еліміздің дамуына үлес қосыңдар. Қала күні құтты болсын!-деді Бахадыр Нарымбетов. 

Қабылдау рәсімінде оқушылар «Жас Ұланның» ережесін бұлжытпай орындауға салтанатты түрде ант берді.
Үш жыл бұрын Елбасы бастамасымен құрылған «Жас Ұлан» қазір қанатын кеңге жайып, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға негіз болатын ұйымға айналды. Мақсаты мен міндеті айқын ұйымға мүше болу-әр баланың арманы. «Жас Қыранға» 1-4 сынып оқушылары, «Жас Ұланға» 5-11 сынып аралығындағы оқушылар қабылданады. Бүгінгі таңда Шымкенттегі қала мектептерінде республикалық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық ұйымының 75863 мүшесі білім алуда.
Шарадан соң көпшілік саябақтағы қала мектептерінің көрмесін тамашалады. Бір сәт шаһар халқы өсімдікпен көмкерілген ғажайып әлемге саяхат жасады. Әртүрлі  гүлден, жемістен жасалған  композициялардан көз тұнады. Таңдап алынған тақырыптарға дайындалған мүсіндер мен еңбектер қаланың бейнесі мен сән-салтанатын айшықтай түсті.  Технолог мамандар мен мектеп оқушылары жұрт назарына түрлі композиция көрсетіп, көгалдандырудың қыр-сырымен бөлісті. Көз жауын алатын алуан гүл шоқтарынан, жемістерден жасалған мүсіндер мерекенің көркін кіргізді.
Гүл дестелерінен безендірілген №78 жалпы орта мектебінің «ЭКСПО-2017» көрмесі қайталанбас көркемдігімен көзге түсті. №40, №102, №68 жалпы орта мектептерінің болгар бұрышынан, түрлі жемістермен, гүл, қырыққабатпен көмкерілген қолөнерлері көрмеге келушілерді таң-тамаша қалдырды. Сондай-ақ №70 С. Бекбосынов атындағы жалпы орта мектебінің жүгері, пісте, долана, алма, бұршақтан жасалған «Сақина» мүсіні, №2 Ә. Бөкейханов жалпы орта мектебінің «Күзгі табиғат сыйы» болды. Ал №18 мектептің «Торсық» композициясы көрмеге келушілерді шығармашылығымен тәнті етті.
-Асқабақтан торсық жасау ыңғайлы болды. Жәдігер ретінде бұл ыдыстың жөні бөлек. Халқымыз көкөніс, етті және сусын, қымызды торсықта сақтай білген. Болашақта ұлттық ыдыстың қолданыста болатынына сенемін,-дейді еңбек пәнінің мұғалімі Дариға Әлімбекова. №84 жалпы орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімдері Елубай Беккусов пен Галина Гостининаның болгар бұрышынан жасалған «Қызғалдақ» жұмысы да жоғары бағаланды. Сондай-ақ №69 жалпы орта мектептің «Көне қала – Шымкент» композициясы да көрменің құндылығын арттырды. Шежіреге бай, саяси экономикалық беделі жас қаланың терең тарихын бейнеленген ескерткішті оқушылар барын салып дайындапты. 

 

- Шымкент ұлы Жібек жолының бір бөлігіндегі керуен жолдарының қиылысында пайда болған. Орта Азия қалаларының құрамына кіретін

 

 көне қаланың бай тарихы мен мәдениеті бар. Біз ежелден сыр шертетін шаһардың келбетін беруге тырыстық,-дейді 7 «а» сынып оқушысы Қуаныш Үмбет.
Қала күніне арналған «Нұрын шашқан Оңтүстік» атты кітап көрмесі жұртшылықтың назарынан тыс қалмады. Өңіріміздің ақын-жазушылары, өнер, мәдениет қайраткерлерінің еңбектері мен шығармалары ұсынылды. Ал қалалық көркемсурет мектебінің оқушылары көрмеге келушілер мен қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
-Менің қалам ең қымбат, ең асыл мекен. Сондықтан Шымкентті шын көңіліммен жақсы көремін. Үшінші қала атауына лайық шаһарда тұратынымды достарыма мақтан етемін. Сүйікті қаламыздың мерейі үстем болып, сән-салтанаты арта берсін!-дейді көркемсурет мектебінің оқушысы Иса Әділбеков. 
Саябақта өткен мерекенің белсенді қонақтары шымқалалықтар болды. Әрқайсысы композициялардың әдемілігіне, балалардың шеберлігіне риза. Жұмыстарына үздік баға беріп жатқандар да бар. Көрме соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

 

 

Последнее изменение Пятница, 31 Октябрь 2014 11:30
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.