Шуағыңды шаша бер, Шымқала! Избранное

Среда, 22 Октябрь 2014 06:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4055 раз

Шымкентте биылғы «Қала күні» мерекесі ерекше аталып өтті. Сегіз күнге жалғасқан думанды мерекенің әрбір күніне атау қойылып, қала аумағында түрлi iс-шаралар ұйымдастырылды. Шуағын шашқан шырайлы Шымшаһардың соңғы қорытынды мерекелік күні Әл-Фараби алаңындағы гала-концертпен түйінделді.

 

   

Кең алаңқайда ұйымдастырылған концертте қала әкiмi Дархан Сатыбалды жұртшылықты мерекемен құттықтады. Қала күнiне арналған мерекелік кеш алдымен  флешмобпен басталды. Оған қаламыздағы ЖОО-ның студенттері мен мектеп оқушыларынан құралған 300-ден астам жастар жұмылдырылды. Олар бір мезетте қимыл жасай отырып, ұлттық нақыштағы әуенге би биледі. Бұдан соң сазды оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқалды.

Әл-Фараби алаңындағы сәнді сахна төрінде таксомоторлы компаниялар арасындағы байқаудың қорытындысы шығарылды. Шаһардағы 8 такси компаниялары бақ сынаған бұл бәсекеде «Sity» такси компаниясының ұжымы үздік шықты. Жеңімпаз ұжым мен жүлдегерлерге Құрмет грамоталары, бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ осы күні алаңда қаланың кешегі-бүгінгі келбетінен сыр шертетін фотокөрме мен гүлдер көрмесi тұрғындарға ерекше көңiл күй сыйлады. Бұл экспозициялық көрмеде қаладағы жалпы орта мектеп ұстаздарының қолдан жасаған бұйымдары, гүл дестелері мерекенің ажарын аша түсті. Ашық аспан астындағы аталмыш көрмені арнайы аралап көрген қала әкімі Дархан Сатыбалды бұл игі істерге қолдау көрсеткен барша азаматтарға ризашылығын білдірді.

Шаһардың шырайын келтірген мерекелік шара «Алтын күз» карнавалдық шеруiмен жалғасты. Мұнда алма, алмұрт, алша, қауын-қарбыз, болгар бұрышы, асқабақ сынды түрлі жеміс-жидектердің кейпіне енген 2000-ға жуық әлеуметтік сала мамандары, яғни мұғалімдер, дәрігерлер шеруде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шаттығы шалқыған мерекеде шеруге қатысушылар Тәуке хан мен Республика даңғылдарымен және Т. Айбергенов көшесімен жаяу жүріп өтті.
Шымқаладағы шуақты мейрам елiмiзге танымал эстрада жұлдыздарының гала-концертiмен өрнектелді. Жанды дауыстағы ән кешінде Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Ернар Айдар және «Кешью» және «All Давай» топтары әуенді әндерімен жұртшылықтың жанын жадыратып, әдемі кештің әрін келтірді.

Сәбит ТАСТАНБЕК.

Последнее изменение Пятница, 31 Октябрь 2014 11:37
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Шымқала Шырайы Патриоттық әндер әуеледi »