«Шы­райлы, шежiрелi, құтты мекен»

Пятница, 07 Ноябрь 2014 04:14 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6034 раз

Бас жүлде Айбек Қалиевке бұйырды

Елімізге танымал жыр жүйріктері Шымкентте бас қосты. «Шы­райлы, шежірелі, құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысы облыстық опера және балет театрында өтті. Аламан айтыс «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналды.

6 43Дүбірлі додаға ат арытып келген батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің он ақыны өзара бақ сынасты. Айтысты Халықаралық Шабыт фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы Қалқаман Сарин жүргізді. Ақындар айтысына
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанқызы, сатирик ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, жазушы Мархабат Байғұт, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Мұхамеджан Тазабеков және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжан төрелік етті.  
Жыр доданың шымылдығын алғашқы жұп батысқазақстандық жас ақын Талғат Мықи мен Оңтүстіктен Біржан Байтуов ашты. Жас ақындар шырайлы қаланы жырға арқау етіп, бір-бірін сөзбен қамшылап отырды. Өкінішке қарай, Біржан өз қарымын көрсете алмады. Ал Жамбыл облысынан келген Есет Досалымен айтысқа түскен павлодарлық Қуаныш Шарманов өткір тақырыптарды қозғады. Есет Шымкенттің тарихын жырға қосып, солтүстіктегі жөндеу көрмеген мектептерді сынға алды. Солтүстікте 101 ауылдың мектепке зәру екенін айтып, қарсыласын біраз қағытты. Алайда Шарманов та сөзден тосылған жоқ. Мектептердің сырты бүлінсе де, іші бүтін екенін айтып, ауызбірлігін жоғалтқан елдердің жағдайын сөз етті.
Бұл жолғы айтыстың бір ерекшелігі ел мақтанышына айналған ақындардың бас жүлдені алуы оңайға соққан жоқ. Ақындарға тосын тапсырмалар беріліп, ақындық шеберлігі сыналды. Соған қарамастан сөз зергерлері шынайы айтыстың үлгісін көрсетті. Жастайынан танылған, айтыста айшықты өнер көрсетіп жүрген алматылық Қанат Мырзахан мен оңтүстікқазақстандық Қажымұқан Абзалов бәйге көрігін қыздырды. Қоғамның өткір мәселелерін әзілмен астарлап, ел-жұртты риза етті. Ақындар тапсырма бойынша қайым айтыста да тосылмастан тапқырлық танытып, ұтқыр жауап берді.Ал Алаштың айтулы ақыны, айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев пен шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік Бекарыс Шойбековтің айтысы көрерменнің айызын қандырды. Екі ақын да бір-бірінен қалыспады. Арқалықтық ақын шежірелі, құтты мекеннің әр ауданын жеке-жеке мақтап, сөз маржанын төкті. Жыр жүйріктері тосын тақырыпқа түсірілген суретке де өлең шығарып, ұтқыр ойларын әзілмен жеткізді.
Айтысты тамашалаған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов «Ата-бабамыздан қалған айтыс егемендіктің, тұрақтылықтың арқасында дамуда екенін айта келе рухани байлықпен, ұлттық өнермен қауыштырған айтыскерлерге алғысын білдірді.
Әділқазылардың шешімі бойынша, салмақты сөз бен өткір ой өрбіткен Айбек Қалиев бас жүлдені жеңіп алып, 2 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
1,5 миллион теңгемен оңтүстікқазақстандық Бекарыс Шойбеков 1 орынды еншілесе, 2 орынды (1 миллион) Қажымұқан Абзалов қанағат тұтты. 3 орын (750 000 теңге) қызылордалық Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Сондай-ақ айтысқа қатысушылардың ешқайсысы бос қайтқан жоқ. «Нұр Отан» партиясының арнайы 500 мың теңге жүлдесін иеленді. Және “Қазайтыс” сайты дайындаған арнайы жүлдені Балғымбек Имашев маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевқа табыстады.

Қ. САБЫРБАЙҚЫЗЫ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.