Сәулеттi мектеп салынбақ

Пятница, 08 Апрель 2016 03:34

«Сәуле» шағынауданындағы 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп құрылысы өткен жылы басталған. Жергілікті тұрғындар жаңа оқу ордасының ертерек пайдалануға берілуін тағатсыздана күтіп отыр. Өйткені, шағынаудандағы №76 мектепте оқушылар үш ауысымда білім алуда. «Сәуледе» соңғы жылдары тұрғындар саны артқандықтан, білім ұясының тапшылығы да сезіле бастады. Осыған орай, жыл соңында жергілікті өрендер жаңа әрі заманауи мектепте дәріс алмақ.

DSC 0193

Құрылыс басына арнайы барғанымызда будьдозерлер жаңа нысанның іргетасы түсетін орында топырақты нығыздап, тегістеп жатты. Олардың арасында бульдозерші Мұрат Сәмбетов те бар. Оның айтуынша, бұл жұмыстар мектептің сапалы әрі сейсмикалық шыдамды болуына септігін тигізеді. Әзірге құрылыс басында екі ауысымда 35 адам жұмыс істейді. Олар осындағы әрбір жұмысқа жауапкершілікпен қарауда. Ал мектептің іргетасы бой көтерген соң, жұмыс күші 500-ге дейін артады. Сол кезде жергілікті тұрғындарды да жұмысқа тартуға мүмкіндік болады. Құрылысқа 18 техника жұмылдырылған. Мердігер мекеме «АРТ-Құрылыс» ЖШС-нің прорабы Құлажан Тәліповтың мәлімдеуінше, мектеп құрылысы осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.

– Мектеп іргетасының орнын қазу жұмыстарын өткен жылы қараша айында бастадық. Оның тереңдігі 21 метр болады. Сәуір айының 15-20 аралығында іргетасын құямыз. Құрылыс материалдары да отандық өнім. Тек арматураны ғана Ресейден сатып алдық. Ал бетонды өзіміз шығарамыз. Құм Арыс қаласынан әкелінеді, цемент Састөбедегі зауыттан жеткізіледі,– дейді Қ.Тәліпов. 

DSC 0201

Жаңа мектепте 1200 оқушы білім алмақ. Бес корпустан тұратын үш қабатты заманауи білім ордасының акт залы, спорт залы, асханасы және жабдықталған сынып бөлмелері болады. Құрылыс нысанының сметалық құны – 1 миллиард 445 миллион 861 мың теңге.
Айта кетейік, «АРТ-Құрылыс» ЖШС-нің құрылыспен айналысқанына 10 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде облысымызда 1200 орынға арналған 16 мектеп салған. Сонымен қатар, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы облыстық әкімдік ғимаратының құрылыс жұмыстарына да осы мекеме атсалысқан.

Қазіргі таңда «Сәуле» шағынауданындағы Рысбек Мырзалиев атындағы №76 мектепте 1258 оқушы үш ауысымда білім алуда. Әл-Фараби ауданы әкімдігі халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Жәннет Оразұлының айтуынша, оқу ордасы 2001 жылы салынып, 500 орынға арналған. Ал 2011 жылы жөндеуден өтіпті. Шағынауданда халық саны артқан сайын мектеп тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Қазір «Сәуледе» 9 мың 776 адам тұрады және 3500 тұрғын үй бар. Мектептен бөлек, 1 отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен 400-ден астам бүлдіршінді тәрбиелеп отырған №35 «Сәуле» атты балабақша жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызметкерлер үшін жұмыс барысында смартфон мен планшет қолданбау туралы енгізілген өзгеріс күшіне енді. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік орган қызметкерлері жұмыс уақытында фото-бейне камералары бар және интернет желісіне қосылатын гаджеттерді пайдалана алмайды. Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлерге интернетке қосылмайтын қарапайым қалта телефонын ұстауға ғана рұқсат етілген.

org xini536Айта кетейік, бұл тыйымның жергілікті полиция қызметкерлері мен журналистерге қатысы жоқ. ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаевтың айтуынша, жергілікті полицияға «WhatsApp» арқылы хабарламалар алуға мүмкіндік беріледі. Осы ретте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха мұндай шешімнің ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесімен келісілгенін мәлімдеген. Сондай-ақ, жуырда Орталық Комуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева журналистерге смартфон пайдалануға тыйым салынбағанын ерекше атап өтті. Бұл бұйрық мемлекеттік аппараттар мен мемлекеттік қызметкерлерге бағытталғанын және әкімдіктер тарапынан журналистерге смартфон пайдалануға тыйым салу бұйрыққа сәйкес келмейтінін баса айтты.
Мұндай өзгерістің енгізілуіне жоғары лауазымды тұлғалардың қолы қойылған бірқатар маңызды құжаттардың «WhatsApp» және «Facebook» желілері арқылы жұртшылыққа тарап кетуі себеп болды. Осы ретте, қызметтік ақпараттарға, мемлекеттік құпияларға қолжетімділігі бар қызметкерлерге смартфон пайдалануға тыйым салынған.

Шымкент қалалық құрылыс бөлiмiнiң басшысы:

Шымкенттің аумағы кеңейіп, қала жылдан жылға көркейіп келеді. Соңғы кездері зәулім үйлер мен ғимараттар көздің жауын алады. Әлеуметтік нысандар қатары артып отыр. Экономикалық дағдарысқа қарамастан, құрылыс саласында даму мен қарқын бар. Не атқарылды және алдағы жоспарлар қандай? Бұл туралы қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Еркін Құрманқұлұлы Бұхарбаевпен сұхбаттасқан едік.

d272b840-229f-41fb-aade-cf6f9bfbead7– Еркін Құрманқұлұлы, Шымкентте баспана мәселесі өзектілігін жойған емес. Қазіргі уақытта қалада қанша тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр?

– Өздеріңізге мәлім, бірнеше жылдан бері Шымкент қаласында тұрғын үй салу жұмыстары өте қарқынды. Үй кезегінде тұрған азаматтардың басым бөлігі баспанамен қамтылды. Негізгі құрылыс жұмыстары жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында және «Тұран» шағынауданының шығыс бөлігінде жүріп жатыр. Мәселен, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында өткен жылы 2699 пәтерді құрайтын 37 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы 15 үй тапсырылып, 1080 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, өткен жылдан биылға өтпелі 4 үй бар. Олар «Тұран» шағынауданында салынуда. Негізінен мемлекеттік қызметкерлердің уақытша тұруы үшін берілетін қызметтік және жас отбасыларға арналған үйлер. Биыл да 4 үйдің құрылысы басталатын болады. Қазіргі уақытта ол үйлерді салу үшін арнайы конкурс өтіп, жеңімпаздар анықталды. Осылайша, 8 үйдің құрылысы осы жылдың еншісіне тиіп отыр. Сондай-ақ, биыл жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 12 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысын бастамақпыз.

– Өзіңіз айтып отырған үйлердің санатына тоқтала кетсеңіз. Шымкентте қай санаттағы тұрғын үйлерге басымдық берілген?

– Құрылыс нормасы және ережесі бойынша салынатын үйлердің санаты болады. Оларды 1,2,3 және 4 санаттар деп бөлеміз. Қазір біз мемлекеттік талаптарға сәйкес, 3 және 4 санаттарға басымдық берудеміз. Яғни, 3 санаттағы үйлердің шаршы метрі болады. Ал 4 санаттағы үйлердің пәтерлері шағын болып келеді. Мұндай үйлер бағдарлама бойынша кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Мәселен, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы 4 санаттағы үш бөлмелі пәтердің шаршы метрі 65-70 болса, ал үшінші санаттағы пәтердің шаршы метрі 85-87 шаршы метр. Пәтердің бөлмелері кішкентай деп кейбір азаматтар шағымдануда. Біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Бұл – мемлекеттің тапсырысы. Қазір үй кезегінде 20 мың адам тұр. Олардың барлығын ертерек және барынша пәтермен қамтуымыз керек. Ал жағдайы бар азаматтар үлкен әрі жайлысын сатып-ақ алады.

– Қазір тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны қанша?

– Кезінде тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген қаржыны үнемдеу мақсатында бір шаршы метрге 80-100 мың теңге жұмсалсын деген талап қойылған еді. Осы ретте ақшаны жеткізу үшін арзан құрылыс материалдарын қолдандық. Ал қазір мұндай шектеуді алып тастады. Сондықтан қазір үй құрылысының жобасын жасаған кезде заманауи әрі сапалы құрылыс материалдарын қолдануға басымдық беріп жатырмыз. «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы салынатын үйлердің бір шаршы метрі 140 мың теңге, ал «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы салынатын пәтерлердің бір шаршы метрі 160 мың теңге. Үшінші санаттағы үйлердің бір шаршы метрі 158 мың теңге болса, ал төртінші санаттағы үйлердің бір шаршы метрі 147 мың теңгені құрады.

– Айтпақшы, құрылыс материалдарын қайдан әкелесіздер? Отандық өнім бе, әлде шетелдік компаниялармен жұмыс істейсіздер ме?

– Біз отандық құрылыс материалдарын қолданып жатырмыз. Облысымызда су және жылу құбырларын шығарумен айналысатын бір емес, бірнеше компания бар. Солармен жұмыс істеудеміз. Арматураны Ресейден сатып әкелеміз. Өйткені, біздегінің сапасы сын көтермейді. Жеделсаты мен сантехникалық жабдықтар да шетелден әкелінеді. Айта кетейін, бұған дейін конструкция жеңіл әрі арзан болу үшін тұрғын үйлерді салуда пеноблок пен газоблок қолданылатын. Қазір бұл құрылыс материалдарынан бас тарттық. Үйлердің қабырғасы бетоннан тұрғызылуда. Ол құрылысты тездетуге, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қабырғаға қағылған шеге мықтап бекітіледі. Газоблок пен шлакоблоктың кемшін тұсы да осында. Оңтүстікте бетон шығаратын бірнеше фирма бар. Солардың құрылыс материалдарын кәдеге жаратып жатырмыз.

– «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңа пәтерлер берілген кезде, кейбір үйлердің сапасы сын көтермеді. Тіпті, кемшіліктерді қалпына келтіретін мердігерлерді халық таппай қалған жағдайлар болды. Қазір құрылысшыларға қандай талаптар қойылады?

– Иә, кемшіліксіз болды деп айта алмаймын. Алғашында 2013 жылға дейін мердігерлерге берілетін кепілдік мерзімі 2 жыл еді. Қазір 5 жыл бойы құрылыс компаниясы өзі салған тұрғын үйлердегі кем-кетікті түзетуге міндетті. Сондықтан олар құрылысты сапалы жүргізуге барын салады. Бұрын облыстық құрылыс басқармасы мердігерлер арасында тендер өткізіп, оларды таңдайтын, ал біз тек құрылыс барысын ғана қадағалайтынбыз. Биылдан бастап тендерді өзіміз өткізіп, мердігерлердің материалдық- техникалық базасын жіті тексереміз. Бір кездері материалдық-техникалық базасы нашар мердігерлер де құрылысқа араласты. Соның салдарынан олқылықтар да орын алды.

001-14-640x408

– Шымкентте құрылысы уақытша тоқтатылған әлеуметтік нысандар бар ма?

– Қалада 15 әлеуметтік нысанның құрылысы уақытша тоқтатылды. Тұрғын-үйлер, мектептер мен балабақшалардың құрылысы жоспар бойынша жалғасуда. Үш ауысымда оқитын және апатты мектептерді жою үшін олардың құрылысына ақша кедергісіз бөлінді. Мәселен, №59 мектептің, «Достық» шағынауданында 1200 орынға арналған оқу ордасының құрылысына қаржы бөлінді. «Сәуле» шағынауданында да мектептің құрылысы басталды. №53, №54 мектептерде де құрылыс жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатқан кезде, теннис кортына қосымша алаң салу мәселесі де уақытша шешілмей тұр. Мәдениет нысандарына келер болсақ, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында өнер мектебі салынуы тиіс болатын. Әзірге тоқтатылып, келер жылдың еншісіне қалдырылды. Айта кетейін, биыл маусым айында облыстық көркем гимнастика мектебінің жанынан 1200 орынға арналған 3 қабатты жаңа мектеп салынады. Оны 2017 жылдың қыркүйек айында аяқтаймыз деген жоспар бар. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында балабақша мәселесі де шешімін табады. 300 орынға арналған мектепке дейінгі мекеменің құрылысы кәсіпкерлердің көмегімен басталады.
Келесі жылға 26 жобалық-сметалық құжаттар дайын. Қосымша 13 жоба дайындалу үстінде. Құрылыс үшін «Қазақстанның Ұлттық қоры», «Бәйтерек» Ұлттық Басқарушы Холдингі, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қаржы бөлінуде. Облыстық бюджеттен де қаржы қаралуы мүмкін. Сондықтан, құрылыс тоқтап қалмайды, керісінше жалғасын табады. Келер жылға жоспарланған 26 жобаның 12-сі биыл салынса, қалғаны келесі жылы қолға алынады. 2017 жылы «Тұран» шағынауданында тұрғын үйлер салынады. Жайлы да заманауи үйлер салу үшін қала басшысы Ғабидолла
Әбдірахымов инвесторлар тарту мақсатында бірқатар келіссөздер жүргізді. Олардың арасында шетелдік инвесторлар да бар. Мәселен, ресейлік «Сити строй» компаниясы 2,3 санатты жайлылықтағы үйлерді салса, біз әлеуметтік баспананың құрылысын жалғастырамыз. Тұрғын үй салмас бұрын инфрақұрылымына мән берген жөн. Осыған орай, «Тұранда» инженерлік жүйелер мен жол құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, биыл жұмыстар қолға алынды. Онда қазір бір тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті.

– Болашақта «Тұран» шағынауданынан бой көтеретін «Шымкент-сити» заманауи тұрғын және іскерлік орталығы несімен ерекшеленетін болады?

– Шымкентте көпқабатты үйлер көп болуы тиіс. «Шымкент-сити» үлкен шағынаудан болмақ. Онда 25 қабатты үйлер салынады. Облыс әкімі Б. Атамқұлов пен қала басшысы Ғ. Әбдірахымов зәулім үйлердің көптеп салыну қажеттігін айтуда. Бұрынғыдай 5 қабатты емес, ең аз дегенде 9 қабатты тұрғын үйлер салынады. Одан бөлек, мешіт, балабақшалар, мектептер, емхана секілді өзге де көптеген нысандар бой көтереді. Жалпы, Шымкентте құрылыс саласы ерекше қарқынмен даму үстінде. Бұған Елбасымыз
Н. Назарбаев та ерекше мән беруде. Құрылыс болса, басқа да салалардың дамуына септігін тигізеді және жұмыс орындары көбейеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Шымкент қаласы үшін ирригация мәселесі өзекті. Әсіресе, көктем мен күз айларында жауын-шашын, еріген қар салдарынан арық-атыздар арнасынан тасып, кейбір көшелерді су алады. Осы ретте биыл қаладағы 32 көшеде тұйықталған ирригациялық жүйелерді жою мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынбақ.

DSC 0993Бірнеше күн қатарынан жауған жаңбыр ирригация саласына қатысты мамандарды әбігерге салды. Олар күні-түні төтенше жағдай қалыптасқан аумақтарда ретке келтіру жұмыстарымен айналысуда. Соңғы күндері жауған жаңбыр салдарынан қаланың бірқатар аумақтарында мәселе туындады. Атап айтсақ, 112-орамдағы Жұманов, Вишнев және Акация көшелерін су шайған. Ирригация жүйесіне жауапты мекемелердің қызметкерлері қолда бар техниканың көмегімен су тарту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Өтегенов көшесінде орналасқан «Жаңаша» моншасы маңында жауыннан соң су көптеп жиналып, жақын маңдағы тұрғындар мен көліктің жүріп-тұруына едәуір кедергі келтіруде. Бұдан бөлек, Еңбекші ауданына қарасты Арғынбеков, Шаяхметов және Ерімбетов көшелерінің бойына жиналған су тартылып, ретке келтірілген. Қазір қауіпті жағдайға тап болған учаскелерде 40 адам мен 8 арнайы техника және қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің 10 қызметкері жұмылдырылған. Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша, қазіргі кезде мамандар ол аумақтарды жіті бақылауға алған.
– 31 наурызға қараған түні Қошқар ата өзені маңында, Өтегенов және Дархан көшелерінің қиылысында өз бетінше өзен арнасына салынған үйді су басты. Мамандар дер кезінде көмекке келіп, ол жердегі төтенше жағдайды ретке келтірді. Ал өткен жылы үйлерді су алу жағдайлары тіркелген жоқ. Бірақ жол бойындағы арық-атыздарға жиналған су көшелерді шайып кетті. Бұл сол маңда тұратын тұрғындардың жауапсыздығынан орын алды. Өйткені, олар арық-атыздарды өздігінше жауып қойған немесе шаруашылық нысандар тұрғызған. Бұл мәселе жаңа шағынаудандарда көптеп кездеседі. Онда су өтетін бағыттарда жол салынған, – дейді Ерубай Жұрынұлы.
Жауапты маманның мәлімдеуінше, «Шұғыла», «Самал», «Ынтымақ» және «Қайтпас» шағынаудандарында ирригация жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер туындап отыр. Мәселен, өткен жылы «Шұғылада» тұрғын үйлер арқылы өтетін 350 шақырым арық салынған. «Осы ретте үй, жол және басқа да құрылыс салар кезде арық-атыздарды бөгемесе екен. Осындай жағдайлар бізге қиындық туғызып отыр. Әсіресе, Қошқар ата өзені бойындағы үйлер арнаға жақын орналасқандықтан, онда техникамен кіру мүмкін емес. Өткен жылы Қошқар ата өзенін Арғынбеков көшесінен айналма жолға дейін 4,7 шақырым арна салынды. Жауын-шашында ондағы үйлерді су басатын еді», – дейді әкімдік өкілі.

Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесі қала әкімінің басты назарында. Жуырда ғана Ғабидолла Әбдірахымов Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында: «Ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, Қазақстанның өзге де қалалары үшін өзекті болып отыр. Ирригациялық жүйелер ескіріп, жарамсыз күйге енген. Оларды жаңарту үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, алдағы бір-екі жылдың ішінде бұл мәселе шешімін табады», – деген еді. Бұл орайда алда атқарылар шаруа көп. Мысалы, Түркістан, Іляев, Қазыбек би, Аймауытов және Түркістан көшелерінде жауыннан соң су көп жиналады. Биыл Түркістан көшесіндегі тозығы жеткен ирригациялық жүйе жаңартылады. Яғни, Түркістан көшесі арқылы өтетін ирригациялық өткел Қошқар ата өзеніне дейін созылады. Мемлекеттік сатып алу байқауы өткен соң жұмыс қыза түспек. Сондай-ақ, биыл 32 көшеде тұйықталған ирригациялық жүйелерді жою жоспарлануда. Оған қала қазынасынан 248 млн теңге бөлінген. 

Ирригация жүйесіне қатысты атқарылған ауқымды жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, Қошқар ата өзенінің Самал базарынан бастап, Ынтымақ елді мекеніне дейінгі 12 шақырымды құрайтын аралықтағы арна бетондалды. Осыдан 3-4 жыл бұрын ондағы үйлерді жаңбыр жауған сайын су шайып, тұрғындар әбігерге түсетін. Ал бүгінде бұл мәселе шешімін тауып отыр. Қалада Қошқар ата, Қарасу, Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау және Жағабай сынды үлкен арналар бар. Өткен жылы Жаңашек каналының 1,1 шақырымы бетондалып, 1,3 шақырымына айналма арық-атыздар салынды.
Қазіргі таңда Шымкенттің ирригациялық жүйесіне жауапты үш мекеме бар. Олар – «ЛТД-Тұрмыс», «Бәйтерек ЛБ» және «Югдорсервис». Бұл мекемелердің бәрінде қажетті құрал-жабдықтар мен техника жеткілікті. Мәселен, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі су тартатын 3 техника сатып алынды. Бұдан бөлек, ирригация әр аудан әкімдіктерінің де қатаң қадағалауында. Олар тазалықпен қатар, ішкі орам көшелеріндегі ирригациялық жүйелерді тұрақты бақылауға алған.

Осыдан екі жыл бұрын Еңбекші ауданының құрамына Төле би және Сайрам аудандарынан 15 елді мекен қосылған еді. Солардың бірі – «Бадам-2» шағынауданы. Тас жолдың бойынан орын тепкен шағын ғана ауыл бүгінде халқы тығыз орналасқан шағынауданға айналды. Шымкентке қосылғалы бері жылдар бойы қордаланған мәселелердің күрмеуі шешіле бастады. Бадам өзенінің жағасын бойлай орналасқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

DSC 0760Шымкент пен «Бадам-2» шағынауданының арасы он бес шақырым. Қалаға жақын орналасқандықтан жергілікті тұрғындар жұмыстан тарлық көрмеді. Олар жақын маңдағы зауыттарда, қалада жұмыс істесе, енді бірі базар жағалап күнін көрді. Шымкенттің құрамына енгелі бері де осы көрініс. Дегенмен, ауылдың тіршілігіне қан жүгіре бастады. Бір кездері әлеуметтік нысан атаулыдан сегізжылдық мектебі мен медициналық пункті ғана бар ауылда қазір өзгеріс көп. Көшелерге асфальт төселді, ауыз су құбыры жүргізілді. Ал ең бастысы ауылдың кіре берісінде жаңа білім ордасының құрылысы қарқын алды. Мектеп құрылысын «ЮСК» ЖШС өткен жылдың қыркүйегінде бастаған. Учаске басшысы Азамат Рахманқұловтың айтуынша биыл жаңа оқу жылында бадамдық оқушылар жаңа мектепте білім алмақ.
– Қазір құрылыс басында 80 адам екі ауысым бойынша еңбектенуде. Оның жиырма шақтысы жергілікті тұрғындар. Техникамыз да жеткілікті. 300 орынға арналған екі қабатты мектептің құрылысына 957 111 млн теңге бөлінген, – дейді А. Рахманқұлов.

DSC 0743Айта кетейік, №97 мектептің тозығы жеткен. Оның кірпіші 1956 жылы сегізжылдық білім ұясы ретінде қаланыпты. Қалған екі сыныпты ауыл балалары көршілес орналасқан «Бадам-1» ауылында жалғастыратын. Бертін келе он бір жылдық мектеп мәртебесін алған. Қазір 98 оқушыға шақталған білім ордасында 379 бала оқиды екен.
Жұлдыз ауылдық округінің төбе биі Оразалы Махановтың айтуынша, бадамдықтар үшін мектеп пен көпір мәселесі өзекті еді. Келесі жылы жаңа көпірдің құрылысы да басталғалы отыр. Көпірдің түсетін орны белгіленіп, қазір жобалық сметалық құжаты жасалуда.
– Өткен жылы қаланың бұрынғы басшысы Д. Сатыбалды бастаған бір топ азаматтар ауыл халқын жинап, көпірдің қазығын қақты. Жергілікті халық үшін бұл көптен күткен қуаныш болды. Өйткені, жылда көктем айларында көпірді су шайып, көлікпен ауылға қатынау қиынға соғып, айналма жол арқылы кіреді. Қисайған ескі көпірдің сиқы көңіл қуантпайды. Ал жаяу жүргіншілер аспалы көпірмен өтуге мәжбүр. Оның өзі әупіріммен әрең тұр, – дейді О. Маханов.

Ауыл тұрғыны Шүкірқожа Махатов өзінің туып-өскен құт мекеніндегі осындай оңды өзгерістерге қуанатынын айта келе, бұйымтайын жеткізді. Ауылда емхана жоқ. Медициналық пункттің санитарлық нормаға сай келмей, жабылғанына бес айдың жүзі болыпты. Содан бері №7 емхана мен «Бадам-1» ауылындағы медицина мекемесіне барып, ем-дом қабылдайды.
Бұрын ауыл тұрғындары жаңбыр жауса, батпаққа батып, жаз шыққанда шаңы шыққан көшелермен жүруші еді. Қазір бұл жағдай реттелген. Өткен жылы 3,5 шақырым көшеге асфальт төселді. Бадамдықтар ауылдың іргесі қаланғалы бері құдықтан су ішіп келді. Қала құрамына қосылған соң, 2015 жылы ауыл ішіне ауыз су құбыры тартылды. Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиевтің мәлімдеуінше, келесі жылы қосымша Достық және Шеңгелді көшелеріндегі 124 үйге ауыз су беріледі.
Алғашында Бадам өзенін жағалай қоныстанған ауылда небәрі 30 шақты үй болса, бүгінде тұрғындар саны 20 мыңнан асады. Ауыл кеңейіп, бір кездері бос жатқан жерлерде тұрғын үйлер салынды. Алдағы уақытта жергілікті халықты біз көрген оңды өзгерістерден бөлек, басқа да қуанышты жаңалықтар күтіп тұр. Ауыл ішінде автобус жүреді, көшелер жарықтандырылады және дәрігерлік амбулатория ашылады деп жоспарлануда. Жаңадан салынған балабақша үйде отырған аналар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.

Азық-түлiк сапасы тексерiлдi

Пятница, 25 Март 2016 05:38

«Азық-түлік сапасы – денсаулық кепілі». Осындай атаумен наурыздың 19-20 күндері Шымкенттің бірқатар сауда орындарында арнайы акция өтті. Акция барысында көкөністер мен жеміс-жидектерді және сүт өнімдерін сатып алушылар үшін тегін жедел-сараптама жасалды.

SWG FiveInnovationTips CustomerExperienceҚаладағы «Фиркан», «Имран», «Метр» сауда үйлері мен «Айна» және «Самал» базарларына мереке қарсаңында келушілердің қатары көп болды. Бұл күндері тек азық-түлік сатып алып қана қоймай, оның сапасын тексеруге де мүмкіндік алды. Акцияны ОҚО бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен ОҚО бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» РМК-ның мамандары бірігіп өткізді. Тексеру барысында сүт өнімдерінің 35 түрі таңдалып, сапасы мен қышқылдығының мөлшері тексерілді. Өйткені, бұл ағарғанды жас балалар көп тұтынатындықтан, олардың сақталу мерзімі мен құрамына мән беру қажет. Дүкен сөрелеріндегі йогурт, ірімшік, айран, сүт секілді өзге де өнімдерді зертханалық тексеру кезінде барлығы да сараптамадан өткізілді.
Акция кезінде жеміс-жидектер мен көкөністер құрамындағы нитрат мөлшері де назардан тыс қалмады. 150-ге жуық көкөніс пен жеміс-жидек тексеріліп, нәтижесінде 12-нен нитрат мөлшерінің шамадан тыс екені анықталды. Айта кетейік, норма бойынша 1 келіге 60 миллиграмм нитрат жеткілікті болса, сараптама нәтижесінде оның мөлшері 100 миллиграмнан артық екені мәлім болды. Зертхана қызметкерлері шетелден әкелінетін жүзім, банан және лимон секілді жемістерден де дәрі қоспасының мөлшерден тыс болғанын айтты.
 Бүгінде сапасыз азық-түлік түрлері анықталған сауда орындарының басшылығына кемшіліктерге байланысты шара қолдану туралы ұсыныс-хат жолданды. Мәселен, азық-түлік сатылмас бұрын оның сапасын анықтайтын зертханалық сараптамадан өтуі тиіс.

Нарықта жүз мыңдаған тауар түрі бар. Оларды таңдау кезінде сапасы мен сақталу мерзіміне назар аудару қалыпты нәрсе. Алайда, кейде осындай жағдайларға мән бермей, тауарды сатып алған соң ғана сан соғып, өкінетініміз жасырын емес. Мұндайда сіздің құқығыңыз қорғалған ба? Өзіңіз сатып алған тауардың ақшасын қалай кері қайтаруға болады? Осыған орай, ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Төлебаев Марат Тұрсынбайұлымен сұхбаттасқан едік.

IMG-20160321-WA0003– Марат Тұрсынбайұлы, тауардың сапасыздығы белгілі болса, оны ауыстыруға немесе ақшасын қайтарып алуға болатынын білеміз. Бірақ кей жағдайларда соған бас қатырып, өзгені де өзімізді де әуреге салғымыз келмейді. Тұтынушының құқықтары туралы кеңірек айтып берсеңіз.

– Тауардың сапасына көңіліңіз толмаса ақшаңызды қайтарып алуыңызға мүмкіндік бар. Яки сол тауардың құнына өзгесін ауыстырып аласыз. Елімізде тұтынушының құқығы заңмен қорғалғандығын ұмытпағанымыз жөн. Өзіңіз айтқандай, бұған бас қатырғысы келмейді немесе өз құқын білмейді. Мәселен, көйлек сатып алдыңыз. Үйге келген соң, оның сапасыз тігілгенін анықтадыңыз делік. Не істейсіз? Әрине, оны сатып алған дүкеніңізге немесе базарға барып ауыстыруды ойлайсыз. Дұрыс. Ал дәл сол жерден сатып алғаныңызды дәлелдеу үшін қолыңызда құжаттар (фискалды чек немесе тауар чегі, түбіртек) болуы тиіс. Сол кезде ғана тауардың ақшасын қайтарасыз немесе басқасына ауыстырып алуыңызға мүмкіндік бар. Егер тауар (азық-түлік емес) пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, пломбасы, заттаңбасы және тауарды сатып алғаныңызды растайтын құжаты, яғни чегіңіз болса, затты алған күннен бастап 14 күннің ішінде сатушы сіз алған тауарды айырбастауға немесе ақшаңызды қайтаруға міндетті. Бұл туралы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14 бабы 1 тармағында және 30 бабының 1 тармағында жазылған.

– Ал базардан сатып алған жағдайда қалай дәлелдейді? Онда тауарды сатып алғанын растайтын құжат берілмейді ғой.

– Ондай жағдайда сол затты алғаныңызды көрген, сатып алғаныңызды растайтын адам болу керек. Немесе ұнамаған жағдайда қайтаратыныңызды айтып, сатушымен алдын ала келісіп алғаныңыз абзал. Ал дүкеннен алған затыңызды қайтармаса немесе ауыстырмаса тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз жазасыз да, екінші көшірмесін дүкен иесіне апарып бересіз. Ол 10 күн ішінде сізге жауап қайтаруы тиіс. Өйтпеген жағдайда сотқа шағымдануға құқыңыз бар.

– Кейбір дүкендерде, тіпті базардың өзінде «Тауар қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деген жазуы бар тақтайша ілінген. Бұл қаншалықты заңды?

– Бұл мүлдем заңсыз. Кәсіпкерлердің олай етуге құқығы жоқ. Осындай жазуды көрген соң, әрине тұтынушының алған затты қайтаруға дәті бармайды. Ал кейбірі қолын бір сілтеп, басын қатырғысы келмейді. Мұндай әрекеттер заңға қайшы. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңында «тауардың қайтарылмайтыны немесе ауыстырылмайтыны туралы ескерту жазылсын» деген бап жоқ.

– Дегенмен, сатып алынған тауардың барлығын дерлік қайтарып алуға болмайды ғой?

– Иә, кейбір тауарларға шектеу қойылған. Яғни, ауыстыруға немесе қайтарып алуға болмайтын тауарлардың тізімі бар. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30 бабы, 1 тармағына сәйкес, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, іш киімдердің, шұлықтың, жануарлар мен өсімдіктердің және метрлеп сатылатын тауарлар қайтарылмайды.

– ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қалай шағымдануға болады? Мамандардан көмек сұрап келгендердің басым бөлігін қандай мәселе мазалайды?

– Өткен жылы біздің мекемеміздің «қауырт желісі» қызметіне 864 азамат көмек сұрап хабарласқан. Оның 53-і біздің тарапымыздан шешілмейтіндіктен, өзге органдарға жолдадық. Ал кеңес беру орталығына 441 адам жазбаша түрде арызданды. Бізге интернет ресурстары арқылы да шағымдана алады. Өкініштісі сол, шағымданушылар өз арыздарында аты-жөндерін, мекен-жайын толық көрсетпейді. Олардың басым бөлігі коммуналдық қызмет түрлері (арыз-шағымдардың 26,9 пайызы) мен бөлшек сауда (шағымдардың 20 пайызы) салаларына қатысты. Медициналық қызметтің сапасына да тұтынушылардың көңілі толмайды (шағымдардың 7,1 пайызы). Мәселен, емханаларда дәрігерге көріну үшін ұзын сонар кезек күту, медицина қызметкерлерінің біліксіздігі де тұтынушыларды жиі мазалайды, шағымданушылардың жартысына жуығы коммуналдық мәселелер бойынша арызданады. Биыл қаңтар және ақпан айларында 31 адам жазбаша түрде шағымданды.

– Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті тарапынан өткен жылы қанша тексеру жүргізілді. Нәтижелері қандай?

– 2015 жылы ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен оның аумақтық басқармалары тарапынан 1929 тексеру жүргізілген. Әкімшілік жауапкершілікке 1906 адам тартылып, 50969240 теңге айыппұл салынды. Соттың шешімі бойынша 17 нысанның жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, сотқа 20 әкімшілік іс өткізіліп, 293 жайт бойынша кемшілікті жою туралы ұйғарым шықты.

– Тұтынушылардың құқығын қорғауда қоғамдық бірлестіктердің көмегі тие ме?

– Әрине. Олардың бізге тигізетін пайдасы көп. Мәселен, департаменттің «тісі батпаған» яғни, заңмен шектелген тұстарында қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шағымданушының арызы бойынша кез келген кәсіпорынды тексере алады. Егер олардың бұл әрекетінен нәтиже шықпаса, сотқа арызданады. Байқауымызша, жазылған шағымның басым бөлігі сотқа дейін шешімін тауып жатыр. Айта кетейін, облысымызда 30 қоғамдық бірлестік тіркелген болса, оның 15-і ғана жұмыс істеп тұр. Ал соның ішіндегі тоғызымен тұтынушылар құқығын қорғау департаменті тарапынан меморандум жасалған.

– Егер тұтынушылар тауардың сапасына күмән келтірсе немесе басқа да қызметтер өз дәрежесінде көрсетілмесе, қандай телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады?

– ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен оның аумақтық басқармаларына баруға және 40-71-65 (Абай аудандық ТҚҚ басқармасы), 35-93-64 (Әл Фараби аудандық ТҚҚ басқармасы), 53-27-84 (Еңбекші аудандық ТҚҚ басқармасы), 39-26-13 (Қаратау аудандық ТҚҚ басқармасы), 21-02-97 (ОҚО ТҚҚ департаменті) нөмірлі «қауырт желіге» хабарласа аласыз. Сонымен қатар, Шымкент қаласында тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын 6 қоғамдық бірлестік өкілдерінен де көмек сұрауға мүмкіндік бар. Олар – «Өткір Нұр», «ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестігі», «DEMEU», «Қоғам», «Адала» және «Оңтүстік» тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестіктері.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Құқығыңыз бұзылған жағдайда 21-02-97 «қауырт желіге» хабарласуға болады. Сондай-ақ, 40-71-65 (Абай аудандық ТҚҚ басқармасы), 35-93-64 (Әл Фараби аудандық ТҚҚ басқармасы), 53-27-84 (Еңбекші аудандық ТҚҚ басқармасы), 39-26-13 (Қаратау аудандық ТҚҚ басқармасы) телефон нөмірлері бойынша шағымдана аласыз.

Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов көпбалалы аналарды Наурыз мерекесімен құттықтап, «Алтын алқа» және «Күміс алқаларды» табыстады.


altyn kursakty analar 23

Ауданға қарасты 12 көпбалалы ананың үшеуі алтын, ал қалғаны күміс алқаға ие болды. Олардың ең жасы Мөлдір Худоярова 31-де, ал ең қарт алтын құрсақты ана Добай Мәриямның жасы 80-де. Екеуі де «Күміс алқа» иегерлері.
М. Худоярованың алты перзенті де қыз. Үлкені 5 сыныпта оқыса, ал кенжесі 1 жасқа толыпты. Көпбалалы ана жоғарғы оқу орындарының бірінде дәріс береді. Ал Добай Мәриям апай «Күміс алқаға» ақ жаулықты әже атанған кезде қол жеткізіп отыр. Ол 1993 жылы Қазақстанға Түркияның Стамбул қаласынан отбасымен көшіп келген. Үлкен ұлы 50-ге таяған. Бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған асыл әже мерейлі, мерекеде көптен күткен алқаларын алған аналардың көңіл-күйлері де көтеріңкі болды. «Күміс алқа» иегерлері алдағы уақытта «Алтын алқаға» да қол жеткізетіндерін айтып, елдің тыныштығына шүкіршілік етті.
Айта кетейік, Әл-Фараби ауданы бойынша, 4183 көпбалалы ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері – 434 болса, ал «Күміс алқа» таққандардың саны – 1176. Ай сайын көпбалалы аналар 13 575 теңге жәрдемақы алады. Жалпы, жыл басынан бері 6 анаға «Алтын алқа», ал 21-не «Күміс алқа» табысталған.

Эльмира АЙНАБЕКҚЫЗЫ

Страница 11 из 27