Қураған ағаштар кесiлуде

Среда, 16 Март 2016 04:58

Шымкент көшелеріндегі қураған ағаштарды бұтау жұмыстары жалғасуда. Қазір «ЛТД-Тұрмыс» және «Бәйтерек ЛБ» ЖШС-нің жұмысшылары қаланың орталық көшелеріндегі жасыл желекті санитарлық формаға келтіріп жатыр.


IMG 0486Өткен жылы қыркүйек айынан басталған ағаш бұтау жұмыстары күн жылынған сәтте бұрынғыдан да қыза түскен. Ағаштардың шіріген, қураған бұтақтары кесіліп отыр. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарамсыз ағаштар түбімен қопарып алынып тасталынуда. Мәселен, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің көгалдандыру бөлімінің басшысы Жеңісбек Нұрденовтың
айтуынша, ай сайын қала көшелерінде құлауға шақ тұрған ағаштар кесіледі. Ә. Диваев, Бейбітшілік, Б. Момышұлы, Ә. Жангелдин көшелері мен Темірлан тас жолы бойында ағаштар қалың өскендіктен, жұмыс қолының басым бөлігі сонда жұмылдырылған. Бұталған ағаштар «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі жұмысшылары мен көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына және мүгедек азаматтарға тізім бойынша үлестіріліп беріледі.
Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Жандос Бостановтың айтуынша, өткен жылы қаланың көгалдандыру және жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына қалалық бюджеттен 670 миллион теңге бөлінген. Ал биыл қанша қаржы қаралатыны алдағы уақытта өтетін мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде белгілі болмақ.

psШымкентте наурыз айының ортасынан бастап ағаш әктеу жұмыстары басталады. Мәселен, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-не бекітілген көшелерде барлығы 50 мыңға жуық ағаш әктеледі. Осы мекеменің агрономы Ержан Жантасовтың айтуынша, ағаштардың әктелуі – олардың тазалығы мен әсемдігін қамтамасыз етіп, біркелкі көрінуіне септігін тигізеді. Әктің құрамы ағаш діңіне пайдалы заттарға бай. Ағаштарды құрғап кетуден сондай-ақ, құмырсқа мен шыбын-шіркейден қорғайды. Тек жай жапырақты ағаштар ғана әктеледі. Әктің орнына басқа дәрілік заттар қолданылмайды. Тек, шыршалардың тамыр жаюуына және жақсы өсуіне мүмкіндік беретін дәрілер себіледі.

Жануарларға қызығып, оларды асырағысы келетіндер көп. Әйтсе де, қаладағы жеке үйлер мен пәтерлерде ит пен мысық ұстаудың өз қағидалары бар екенін бірі білсе, енді бірі хабарсыз. Яғни, үй жануарларына ветеринарлық құжат алу, байлап ұстау, асырау және тұмылдырық кигізіп, серуендету қағидасына сәйкес әрекет ету қажет. Ал арнайы ережеге бағынбаған жағдайда үй иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Мысықтар патшалығы»

DSC 0930Кейбір адамдардың жан-жануарларға деген ықыласының ерекшелігі соншалықты, тіпті үй ішінде асырауға дайын. Солардың бірі – ит пен мысық. Күн сайын жануармен «сөйлесіп», қамқорлық көрсететіндер баршылық. Шымкент қаласының тұрғыны 78 жастағы Чурова Мария Васильевна (суретте) сондай жүрегі кең адамдардың бірі. Қазір оның қамқорлығында 15 мысық пен бір ит бар. Мария әжейдің үйіне барғанымызда
кейуана олардың аттарын шатастырмай, өзіне шақырумен болды.
– Мен мысықтарды жақсы көремін, – дейді жалғызілікті әжей. – Ең алғашқы мысығымды 30 жыл бұрын асырап алдым. Менің оларға жаным ашиды. Бұл бірінші себеп. Ал екіншіден, жалғыздығымды білдіртпейді. Күн сайын таңертең жануарлар үшін ерте оянып, тамақтарын беремін, олардың орнын тазалаймын. Көп қимылдағаным денсаулығыма да пайдалы. Кеудемнен жаным шыққанша, көшеде панасыз қалған мысықтарды үйге әкелуді тоқтатпаймын.

Қағидаларды білесіз бе?

2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының қалаларында және басқа да елді мекендерінде ит пен мысық асырау және оларды серуендету Қағидалары бекітілді. Ит пен мысықты ұстауға санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтерді, ветеринариялық ережелерді және ветеринарлық нормативтерді сақтаған кезде ғана жол беріледі. Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бөлімі басшысының орынбасары Төреәлі Жұбановтың айтуынша, ит пен мысық асырағандар көршілеріне зиянын тигізбеуі шарт.
– Бір отбасы тұратын жеке тұрғын үйлерде, көпқабатты үйлердің жеке пәтерлерінде, тұрғын үй жайларында көршілердің аллергиясы болмаған жағдайда, пәтер тұрғындарының барлығының жазбаша келісімі негізінде асырауға болады. Ал кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде, бау-бақша және саяжайларда, демалыс базаларында иттерді байлаулы немесе торлы орында ұстаған жөн. Яғни, қоршаған ортаны мазаламайтын және қауіп төндірмейтін жағдай жасалу қажет. Сонымен қатар, үй жануарларын кіреберістерде, дәліздерде, баспалдақтар алаңшаларында, жертөлелерде және шатырларда ұстауға жол берілмейді. Жекеменшік тұрғын үйлерде тұратын иелері иттердің қашып кетпеуін, адамдарға және басқа да жануарларға шабуыл жасамауын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, ол жерде иттің бар екенін ескертетін тақтайша ауланың кіреберісіне ілінуі тиіс, – дейді Т.Жұбанов.
Мұнан соң, ит пен мысық иелері жан-уарлардың тазалығына, денсаулығына да жауапты. Дер кезінде құтыруға қарсы вакцинаны міндетті түрде ектіруі тиіс. Ветеринариялық мекемеде үй жануарларының иелері ветеринариялық паспорт алу арқылы ит пен мысықты тіркейді. Ол құжатта аурудың алдын алынғандығы туралы белгі соғылады.
Ит пен мысықты серуендету қағидалары қала мен ауыл тұрғындары үшін де ортақ. Мәселен, итті тұмылдырығымен ұзындығы 1,5 метрді құрайтын қысқа шылбырда серуендеуге рұқсат етілген. Ал тұмылдырықсыз және шылбырсыз тек қоршалған аумақтарда, үйрету алаңдарында ғана жол беріледі. Егер итіңізбен автобусқа мінгіңіз келсе, оған рұқсат. Тек жолаушыларды мазаламау үшін көліктің артқы бөлігінде тасымалдай аласыз. Ал кішкентай ит пен мысықты сөмкеде немесе қолда ұстап-ақ қоғамдық көлікке міне аласыз. Үй жануарларын ауладағы балалар ойын алаңшасында, спорт алаңында, балабақшада, мектепте, емдеу мекемелерінде саябақтарда қыдыртуға, қоғамдық шомылдыру орындарында, субұрқақтарда шомылдыруға болмайды. Осы секілді бірқатар ескертулер орындалмаған жағдайда үй жануарының иесі ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бөлімі басшысының орынбасары Төреәлі Жұбановтың айтуынша, жеке үйде немесе көпқабатты пәтерде үй жануарын асырауға шектеу қойылмаған. Тек Қағидада көрсетілгендей, олардың міндетті түрде паспорты (құжаты) және құтыруға қарсы вакцина егілуі және көршілерінің рұқсаты қажет. Ветеринар дәрігер оларды жиі тексеріп тұруы тиіс. Өйткені, ит пен мысықтан құтырудан басқа, гельминттер мен түрлі паразиттік аурулардың жұғуы дәлелденген. Жануарларды асыраңыз, оларға күтім жасаңыз, жанашырлық танытыңыз. Бірақ өзіңіздің және өзгенің денсаулығына зияны тимеуі қажеттігін басты назарда ұстаған жөн.

Ер азаматтардың денсаулығы бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Басы ауырып, балтыры сыздаса да, ауруын жасыратындар көп. Мұның астарында бірнеше себептер қылаң береді. Мәселен, дәрігерге көрінуге ұялу немесе денсаулығына қатысты мәселені ашып айтуға қымсыну секілді өзге де жағдайлар олардың дер кезінде медициналық көмек алуларына кедергі болады. Соның салдарынан денсаулығына айтарлықтай нұқсан келіп, тіпті бала сүю бақытынан айырылғандары да жоқ емес. Ертең қолды мезгілінен кеш сермемес үшін және бақытты отбасын құру үшін дәрігерлер қандай ақыл-кеңес айтады?

Ерлердiң денсаулығы дәрiгерлер назарында

DSC 1033Осыдан 5 жыл бұрын наурыз айында облыстық клиникалық аурухана жанындағы №1 емханада ашылған «Ерлер денсаулығы» орталығында ер азаматтарда кездесетін түрлі аурулардың алдын алып, емін жасауда. Айта кетейік, осындай орталық еліміз бойынша алғаш рет Шымкентте ашылған еді. «Ерлер денсаулығы» орталығының жетекшісі, андролог әрі уролог Мырзахмет Жанәділовтің айтуынша, бірте-бірте ер азаматтар ауруын жасырмай, дәрігерлерден көмек сұрап келуде. Дегенмен, сырқатын айтуға ұялатындар да кездеседі. Ондайлар жасырын түрде емделуді жөн көреді екен. 2012 және 2015 жылдар аралығында орталықта 9062 пациент қабылданды, оның жартысы ауыл тұрғындары. Орталықтың қызметін қамтамасыз ету үшін 2014 жылы 4988809 теңге, ал биыл 3547837 теңге бөлінді. Орталық ашылғалы бері мұнда 1200-ден астам адам диспансерлік есепке тіркелген. Олар әрдайым бақылауда болып, тиісті мамандардан емін алады. Яғни, тіркеуде тұрғандардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жіті назарында. Онда андрологтан бөлек, кардиолог, уролог, эндокринолог біріге отырып, нақты диагноз қояды. Сондай-ақ, азаматтар тестостерон, спермограмма, уретроскопия, УДЗ тексеруден өте алады. Барлығы да тегін.
Ерлер денсаулығын бақылап, емдейтін орталықтың алғаш рет Шымкентте ашылуы да тегін емес. Өйткені, халық тығыз қоныстанған оңтүстікте ерлер денсаулығына қатысты дәрігерлерге жүгінетіндер жеткілікті. Б.Жарбосынов атындағы Урология орталығының бас директоры Мырзакерім Алшынбаев бірнеше жылдан бері осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаққаны белгілі. Еліміздің бас урологының бастамасы Шымкентте осы орталықтың ашылуына септігін тигізді. Енді міне, андрологтың кабинеті жанында күн сайын ұзын-сонар кезекке тұрған түрлі жастағы ер азаматтарды байқауға болады. Онда Шардара, Созақ, Отырар секілді шалғай аудандардан науқастар арнайы келеді. Өйткені, андролог түгілі, урологтардың өзі аудандарда тапшы. Мырзахмет Шайзиндаұлы Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Мароккода, Италияда оқып келген тәжірибелі маман. Еуропалық урологтар қауымдастығының мүшесі. Оның айтуына қарағанда, ерлердің денсаулығы расында да алаңдатады. Туу көрсеткіші тым кеміп кеткен. Бедеулік пен белсіздік белең алған. Еркектер мен әйелдердің өмір сүру жасында айырмашылық көп. Ер азаматтар әйелдерге қарағанда 12-14 жыл кем өмір сүреді.
– Қазіргі кезде балаға зар болып жүрген отбасы көбейді. Біздің емханада сондай 400-дей адам тіркелген. Мәселен, өткен жылы ерлі-зайыпты 115 азаматты экстро-корпоральді ұрықтандыруға жібердік. Кейбір ер азаматтар өздерінің бедеу екенін білмейді. Үйленген кезде ғана басын тау-тасқа ұрады. Осыған дейін отбасында бала болмаса, бірден әйелге көз алартушы еді. Өйткені, кінәраттың 90 пайызы әйелден болатын. Ал қазір олай емес. Себепті екі жақтан да іздейтін болдық. Медициналық тексеруден өткен соң, екеуінің де бедеу немесе бала сүю қабілетінің төмен екендігіне көз жеткіземіз. Уақытты уысынан шығармай жатып, дер кезінде қаралса жақсы. Әбден асқындырып алған кезде көмек сұрап келетіндер бар. Ал республика көлемінде ерлердің 30 пайызы бедеу екен. Бізге келетін еркектердің дені белсіздік, бедеулік, простатит, аденома, гипогонадизм ауруына шалдыққан. Гипогонадизм дегеніміз – ерлердің 40-50 жастан кейін гормондары азаяды. Сол кезде олар тез толып кетеді, тез шаршайды және терлегіш келеді. Сонымен қатар, еркектердің тестостерондарын тексеріп тұру керек. Ерлердің ағзасындағы осы тестостерон азайса, тез қартаюына себеп болады. Дер кезінде емделмесе, өмірі қысқарады, – дейді М. Жанәділов.

Ауруды жасырмаған абзал

IMG-20160222-WA0003Қазір жас отбасылардың арасында ажырасу жағдайлары жиі кездеседі. Мамандар мұны ақпараттандырудың аздығымен түсіндіреді. Мәселен, Мырзахмет Шайзиндаұлының айтуынша, некеге тұрмай жатып, медициналық тексеруден өткен жөн. Оның ішінде адамның иммун тапшылығы вирусының (ВИЧ), жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың бар-жоқтығын анықтап алу қажет. Қазір Ресейде шаңырақ құратын жұптар дәрігер тексеруінен өтуге міндетті. Қазақстанда жастар арасында жыныстық сауаттылық аз. Мамандар мектеп пен отбасында осыған қатысты тиісті әңгімелердің жүргізілмейтінін айтады.
– Қазір ер балалар арасында жыныс мүшесінің дамымай қалу жағдайлары көп. Олардың бірін есепке алып, емдесек, енді біріне шұғыл түрде ота жасаймыз. Мәселен, қазіргі кезде аналар дайын жаялықтарды (подгузниктер) көптеп пайдаланатын болған. Тіпті, кейбірі сәбилеріне тәулік бойы кигізіп қояды. Бұл дегеніңіз ер баланың жыныс мүшесіне айтарлықтай зиянын тигізеді. Ұялы байланыс телефоны мен тар іш-киімнің де әсері бар. Ер азаматтардың денсаулығына келтірілетін тағы бір қатер бар. Қазір жанар-жағар май құю бекеттерінде жұмыс істейтін ер азаматтар көп. Бензиннің құрамында қорғасын болғандықтан, ол еркектің денсаулығына кері әсер етеді. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде мұндай жерде тек әйелдер ғана жұмыс істеп, ерлерге рұқсат етілмейтін. Өйткені, әйелдердің бойындағы қорғасын несеп арқылы шықса, ал ерлерде керісінше. Қорғасын олардың жыныс мүшесінде қалып қояды да, бойына тез тарап кетеді, – дейді Ж. Жанәділов.

Аурудың алдын алу жолы – скриннинг

«Нұрсәт» шағынауданындағы №3 емхананың урологы Данияр Қалдыбеков күн сайын әртүрлі диагнозбен келген науқастарды қабылдайды. Оның айтуынша, көмек сұрап келгендердің арасында жастардың қатары басым. Олар қуық асты безінің қабынуы мен түрлі жұқпалы аурулардан кейінгі асқынулармен келеді. Әсіресе, жаңадан отау құрған жұптарда бұл мәселе өзекті. Өйткені, үйленер алдында бойында ауруының бар екенін білмеген немесе мән бермеген жігіт дертін әйеліне жұқтырады. Ал мұнан соң әйелі бала көтергенімен, ұрық жатырда дамымай қатып қалады. Мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталана бергендіктен, әйелдің ағзасы осыған үйреніп, жатырда бала пайда болу мүмкіндігі азаяды.
– Бізге зәр шығару жүйесінің қабынуымен келетін науқастар көп. Гонореямен ауырғандар да жиі көмек сұрайды. Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қазір 14-15 жастағы ер балалардың үрпісінен жағынды (мазок) аламыз. Егер ауру табылып жатса, науқасты облыстық тері-венерологиялық диспансеріне жібереміз. Сөйтіп, оны 3 жылға диспансерлік есепке алады. Сонымен қатар, созылмалы простатит, бедеулік, простата қатерлі ісігі, қуық безінің қатерлі ісігі, зәр шығару жолдарында тастың болуы секілді аурумен келетіндер көбейіп барады. Күнделікті 30 адам қабылдасам, соның 12-сі ер кісілер. Айта кетерлігі 40 жастан асқан азаматтар ПСА, яғни онкологиялық ауруға қарсы талдама тапсыруы тиіс. Оны көбі ескере бермейді, – дейді Д. Қалдыбеков.

Бедеулiктiң себебi неде?

Еліміздің бас урологы М. Алшынбаев ер адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайлы қарайтынын, халқымыздың бойында ұяңдық басым және еркектің психологиясын өзгерту керектігін айтқан-ды. Демек, қандай тағам тұтынамыз, қандай киім киеміз, кімдермен қарым-қатынас жасаймыз деген
мәселелерге аса мән берген жөн. Жасыратыны жоқ, ер азаматтардың дені сыраға құштар. Ал оның құрамындағы құлмақ (хмель) ерлердің ағзасындағы еркектік гормонның мөлшерін төмендетіп, соның салдарынан қарны үлкейіп, кеудесі өсе бастайды. Яғни, әйелге ұқсау белгілері пайда болады. Қарын шықты дегеннен-ақ, азаматтың еркектік қабілеті төмендей бастайды. Еркек өзін саумын деп есептегісі келсе, мына көрсеткіштерге жіті назар аударғаны жөн. Мықыны мен қарнының ұзындығы 94 сантиметрден аспауы тиіс.
– Әлі де отбасында бала болмаса, оған әйел кінәлі деген пайымнан арыла алмай келеміз. Менің тәжірибемде мынадай жағдай болған. Қабылдауыма келген пациент үшінші әйел алса да, оның бала тумай отырғанын айтып шағымданды. Оны тексере келе, бар кінә жігіттен екені анықталды. Оның ұрығы жоқ болып шықты. Сол үшін жастар үйленер алдын ұрығының сапасын тексертуі керек. Мәселен, еврей халқы отбасын құруды жоспарлайды. Олар жарты жыл бұрын ішімдіктен бас тартып, тек ағарған ішеді. Содан кейін ғана үйленіп, бала сүйеді. Біздің ер азаматтар да, әйелдер де ең алдымен денсаулығына мән берсе екен, – дейді Данияр Қалдыбеков.
Қорыта айтқанда, өзіміздің аға-інілеріміздің әлі де дәрігерге қаралуға, ішкі мәселелерін айтуға жасқанатынын және дер кезінде денсаулығына көңіл бөлуге асықпайтынын аңғаруға болады. Бұл ретте дәрігерлер оларды көбірек ақпараттандыру үшін түсіндіру және насихат жұмыстарына бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлмек.

Биыл Абай ауданында мүлікті жария ету Заңына сәйкес, жалпы құны 1 миллиард 294 миллион теңге болатын 107 өтініш келіп түскен. Жалпы сомасы 756 миллион 500 мың теңгені құрайтын 55 мүлік жария етілген. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай ауданының әкімі А.Татыбаев мәлім етті.

img 4098Оның айтуынша, мүлікті жария ету науқаны басталғалы ауданда құны 8 миллиард 400 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 602 мүлік заңдастырылған.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ильясов БАҚ өкілдеріне жыл басынан бері жалпы құны 489 миллион теңге болатын 45 өтініш келіп түскенін жеткізді. Ондағы 146 миллион теңге көлеміндегі 20 мүлік жария етілген. Жалпы, бұл ауданда мүлікті жария ету науқаны басталғалы құны 5 миллиард 111 миллион теңгеден астам 385 өтініш келіп түсіпті. Нәтижесінде, 290 өтінішке мүлікті жария ету туралы шешім шығарылып, заңдастырылған.
Қаратау ауданының әкімі Ғ.Исмаиловтың мәліметінше, өткен жылы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияға құны 5 млрд 600 млн теңгеден асатын 514 өтініш келіп түсіп, оның 391-не (4 млрд 107 млн теңге) мүлікті жария етуге шешім шығарылған. Заңдастырылған мүліктердің 95 пайызы тұрғын үйлер болса, қалғаны коммерциялық нысандар. Мүлікті заңдастыру аясында 2016 жылдың басынан бері құны 1 млрд 215 млн теңге болатын 162 өтініш түсті. Оның 161-і тұрғын үй болса, 1-уі коммерциялық нысан. Мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссия құны 571 млн теңгеден астам соманы құрайтын 87 өтінішті (тұрғын үйлер) жария етуге шешім шығарды. 27 өтініштің мүліктері заң аясында жария етуден бас тартылса, қалған 48 өтініш қаралуда.
Ал Әл-Фараби ауданына мүлікті жария ету аясында 2014-2016 жылдар аралығында құны 3 млрд 497 млн теңге болатын 179 өтініш түсіп, оның 107 (құны – 1 млрд 250 млн теңге) өтініші комиссия шешімімен жария етілген. Қазір 17 өтінішті комиссия қарап жатыр.
Айта кетейік, 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енген «ҚР азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Бақылаушылар сайлауға дайын

Пятница, 11 Март 2016 05:56

Облысымызда 1029 бақылаушы сайлау процесіне қатысады. Олардың тізімі нақтыланып, келісім-шарт жасалды және есеп-шоттары ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігіндегі Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының мүшесі К.Бұрхановтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиынға сондай-ақ, облыстық сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның төрағасы Д.Шерімқұлов пен облыстық сайлау комиссиясының мүшесі А.Кәттебеков қатысты.

Сайлау процесін бақылаушыларды дайындап, оқыту үшін облысымызда 400-ден астам арнайы семинарлар өткізілген. 1029 сайлау учаскесіне бекітілген әрбір бақылаушыға сайлау ережелері жазылған кітапшалар үлестіріліп, аты-жөні мен мөр басылған құжат берілді. К.Бұрханов облысымызда сайлауға қатысты жұмыстардың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Айта кетейік, облысымызда 1074 сайлау учаскесінің 45-і жабық болғандықтан, оларға бақылаушылар қатыспайды.
Облыстық сайлау комиссиясына депутаттыққа үміткерлердің біреуінен ғана ресми түрде арыз-шағым келіп түскен. Анықтай келе, ол азаматтың сайлауға қатысу үшін қажетті құжаттарды толық өткізбегендігі мәлім болған. Жалпы, бүгінгі күнде ОҚО мәслихатына берілген 50 орынға 248 үміткер өтініш білдіріп, олардың 216-сы тіркеуден өтті. Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі А.Кәттебеков 3 наурызға дейінгі мәлімет бойынша 70 үміткер өз еркімен және басқа да себептермен тіркеуден шығарылғанын айтты. Оның 11-і облыстық, ал 11-і қалалық және 48-і аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде өтініш бергендер. Атап айтқанда, бұл азаматтардың басым бөлігі кіріс декларациясы туралы мәліметті толық бермеген. Олардың қатарында Сайрам (16 үміткер) және Ордабасы (10 үміткер) аудандарынан тіркелген үміткерлердің қатары басым.Эльмира 

Әлия мен Мәншүк

Суббота, 05 Март 2016 07:07

DSC 1245Қаламызда көпбалалы отбасылардың бірінде егіз қыздар өсіп келеді. Жеңіс күні дүниеге келгендіктен, ата-анасы олардың есімдерін «қазақтың батыр қыздарындай болсын» деген ниетпен Әлия және Мәншүк деп қойыпты. Олар қаладағы №100 мектептің 1 сыныбында оқиды. Сабақ үлгерімдері де өте жақсы.

Әлия мен Мәншүк Бектасовалар отбасындағы нәзікжандылар қатарын көбейткен бүлдіршіндер. Олардың алдында анасының қамқоршысы әрі көмекшісі болған тағы төрт қыз бар. Үлкені тұрмыс құрып, өз шаңырағының түтінін түтетуде. Анасы Тәкира Әбдірахманова «Күміс алқа» иегері.
Бұл егіздер бір-бірінен айнымайды. Содан болар бөтен адамдар үшін оларды ажырату қиынға соғады. Десе де, қыздардың мінез-құлқы да екі түрлі. Анасының айтуынша, үлкені Әлия ақкөңіл, көнбіс, жайдары болса, ал Мәншүк өте пысық әрі өжет. Сабақты бір-бірімен жарысып оқиды, қайда барса да бірге жүреді. Егіз бүлдіршіндердің тағы бір ерекше қасиеттері– киімдері мен басқа да заттары бірдей болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда ата-анасына ренжуі ғажап емес.
Бір отбасында алты қызды тәрбиелеп отырған ата-ана перзенттерін мақтан тұтады және болашағынан зор үміт күтеді. Шымкентпен бірге өсіп келе жатқан қыздарының болашақта қаланың дамуына да үлесін қосады деген сенімде.

 

Жүз төртiншi көктем

Суббота, 05 Март 2016 06:47

Шымкенттік қарт әжей Жәмилә Өмірова биыл 104 жасқа толды. Екі ғасырдың куәгері болған кейуана тағдырдың бұралаң соқпақтарына қарамастан, дүниеге 10 бала әкеліп, жетілдірген. Бүгінде ұл-қызынан 28 немере мен 100 шөбере көріп отыр.

DSC 1200Жәмилә әже кішкентай кезінен-ақ, қиындықты көп көріп өсті. Енді бой жете бастаған шақта әкесінің жиған бар мал-мүлкі кәмпескенің құрығына ілінді. Әкесі де қамауға алынды. Талғажау етуге бір түйір дән таппаған анасы екеуі бас сауғалап, Ташкент қаласына келеді. Қорғансыз қалған екеуін жол-жөнекей таныс болған бір егде кісі көмектесетінін айтып, үйлеріне ертіп барады. Олардың аңғалдығын пайдаланған бейтаныс адам оның анасына үйленіп, ал жап-жас Жәмиләні 40 жастағы әйелі қайтқан бір кісіге сатып жібереді. Амалының жоқтығынан және аумалы-төкпелі заманда аштан өлмес үшін күйеуімен бір жылдан астам уақыт өмір сүріп, одан бір қыз дүниеге келді. Онсыз да туған жері мен туыстарын сағынып жүрген әйелдің нәрестесі шетінеген соң, кіндік қаны тамған еліне біржолата кетпек болып бел буды. Түнде бәрі ұйқыға кеткен кезде дорбасын асынып, Жетісай жақтағы нағашы әжесі Зағипаны іздемек болып жол тартады. Бақытына орай, нағашыларымен аман-есен қауышып, сол жақта еңбек етті. Жас Жәмилә ә дегеннен-ақ, қарап отырмай, күйкі тірліктің тұңғиығына түсіп кетті. Колхозда трактор айдап, еңбекке белсене кірісті. Киров каналын қазуға үлесін қосты.
Көп ұзамай, Бейсен есімді азаматпен отау құрды. Айта кетерлігі, Бейсен ақсақал 92-ге келген шағында өмірден озды. Бүгінде кейуанадан тараған ұрпақ – үлкен әулет, өмірден орнын тапқан саналы азаматтар. Жәмилә әже ашаршылық нәубетін де, сұрапыл соғысты да көрді. Бірақ тізбелеп, өткенге ренішін білдірген емес. Бүгінгі күніне шүкіршілік ете отырып, өзінен тараған ұрпағының аман-саулығын тілейді.
Қарт әже біздің келгенімізге де балаша қуанды. «Өкімет мені ұмытпапты ғой, қарақтарым! Келгендеріңе рахмет!» деп ағынан жарылды. Десек те, жастар өткен күннен сабақ алсын деді ме, жүрегіне жара салған азапты жылдарды да есіне алды.
– Ашаршылық кезінде көзі қарайған халық ит пен құсты аңдып кетті ғой. Біз құмырсқаның илеуін іздейтінбіз. Оның жүріп өткен ізімен келіп, илеуін қазған кезде 2-3 келідей бидай шығатын. Сол дәндерді қорек етіп, аштықтың тырнағына ілінбедік. Қанша қиындық көрсем де, тірі қалғаныма қуанамын. Бүгін балаларымның ортасында еркелеп отырмас едім. Қолымда бір емес, екі келінім бар. Немере келінім Мөлдір ас-ауқатымды дайындап, шайымды қабақ шытпай әкеліп береді. Бұл – ортаншы ұлымның әйелі Ұлданайдың берген тәрбиесі,– дейді кейуана.
Келіні Ұлданай апайдың айтуынша, енесі бойында күш-қуаты бар кезде өте ширақ болыпты. Кез келген жұмыстың көзін тауып істеген. Тіпті кешегі күнге дейін үйдің шаруасына араласқан.
–Енем 100-ге келген шағында жүре алмай қалды, – дейді келіні Ұлданай апай. – Оған дейін «аяқ-қолым сыздап, ауырдым, шаршадым» деген емес. Даланың жұмысына мені араластырмайтын. Қазір де көңілді отырады. Титтей нәрсенің жақсы жағын көруге тырысады. Осының өзі бәрімізге өнеге.
Ақ жаулықты әжей әлі күнге дейін тың, сөзі ширақ. Сәлемдесу үшін кім келсе де, ақ батасын беруден жалықпайды.
– Шырақтарым, аман болыңдар. Бала-шағаларың көп болсын, уайымдарың жоқ болсын. Ынтымақты болыңдар, ұл-қыздарыңа жақсы тәрбие беріңдер. Халқымыз аман болып, ырысымыз арта берсін! Жаратқан бар жақсылықты сендерге көрсетсін. Әумин!,– деді Жәмилә әже.

Қазақ халқы ықылым заманнан-ақ қыз тәрбиесіне зор көңіл бөлген. Ата-ана, туған-туыс, көрші-қолаң қыздың жүріс-тұрысына мән берген. Ақ жаулықты аналар қыздарының әр қадамын аңдап басып, орынды сөйлеуге үйреткені мәлім. Өйткені, қыз бүгін – қонақ, ал ертең – өзге шаңырақтың түтінін түтететін келін болары анық. Бүгінгі таңда әр отбасында өсіп келе жатқан қыздарға қандай тәрбие берілуде? Ақ жаулықты аналар мен мамандар не дейді?


50784838«Қыз өссе – өрісің» деп бекер айтылмаса керек. Өйткені, бойжетіп, толысқан қыз ертең келін атанады. Ал барған жерінде мақтаулы да абыройлы болу үшін қыз балаға жастайынан берілген тәрбиенің мәні орасан зор. Жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бойына кішкентай кезінен сіңіріп өссе, ата-ананы жерге қаратпасы анық.
Шымкент қаласының тұрғыны Қанаркүл Бижанова небәрі 19 жасында келін атанған. Дүниеге 10 перзент әкелген. Оның жетеуі қыздар. Алтыннан алқа таққан көпбалалы ананың қыз тәрбиесіне қатысты айтар ақыл-кеңесі де мол.
– Қыздарыма ерте бастан-ақ, үлкенді сыйлау, дөрекі сөйлемеу, жүріс-тұрысқа көп мән беру қажеттігі туралы құлақтарына құйып өсірдім. Егер барған жерінің тәрбиесіне мойынсұнып, сыйластығы артар болса, бақытты отбасы болары сөзсіз. Жас кезімде мені де анам осылай тәрбиеледі. Қазір қыздардың кейбір қылықтарына көңілім толмайды. Мәселен, автобусқа мінгенде орын бермей, сағыз шайнап отыратыны және басқа да жөнсіз қылықтары қынжылтады. Бүгінде немерелерімнің тәрбиесіне көңіл бөлемін. Күн сайын жақсы мен жаманды құлағына құйып отырғанды құп көремін, – дейді Қанаркүл әже.
Тәрбиеге ата-ананың тікелей жауап беретіні түсінікті. Бірақ, қыздардың уақытының басым бөлігі мектепте, достарының арасында өтетіндіктен, бұл ретте ұстаздар қауымы да қол қусырып, қарап отырған жоқ.
Қ. Спатаев атындағы №7 техникалық-лицейінің мұғалімі Жібек Әшірованың айтуынша, тәрбиеге көп көңіл бөлу қажет.
– Қазір қызы мен анасының арасында тығыз байланыс жоқ. Оны жұмысбастылықпен, уақыттың жоқтығымен байланыстырамыз. Дегенмен, қыз өсіріп отырған соң, «оның ертеңі қалай болады?» деген сауал мазалауы тиіс. Анасы мен қызы бір-бірімен сырласындай сөйлесуі қажет. Оны шеттен іздемес үшін, анасы қызын өзіне тарта білгені жөн. Қыздардың бойынан биязылық жойылып кете ме деп қорқамын. Өз басым күн сайын сабақты тәрбиелік мәні бар әңгіме айтудан бастаймын. Сол кезде оқушыларым көз алдымда өзгере түседі. Айтқан ақылымнан нәтиже шығаруға тырысады, – дейді ұстаз.
Мектеп қабырғасында мұғалімдермен бірге психологтардың да атқаратын ролі зор. Мәселен, №9 лицейдің психологы Эльмира Муетова қазіргі заманда қыз тәрбиесіне БАҚ пен ғаламтор өзінің ықпалын тигізетінін және оның жағымсыз тұстарының көптігін айтады. Осыдан болар, қыздар арасында әлімжеттілік пен дөрекіліктің көбейгені және өзге де жағымсыз құбылыстардың орын алғаны жасырын емес.

– Соңғы кезде ерте жастан жүкті болу фактілері көп. Осыған орай мектеп психологтары 7-11 сынып қыздарымен гинекологтар жиі сөйлесіп, фильмдер көрсетіледі. Ерте жүктіліктің қыз-баланың ағзасына тигізетін зияны жайлы толық мағлұмат беріп, олардың сауалдарына жауап беріледі. Ойланбай жасаған іс-әрекеттің аяғының немен бітетінін бейне фильмдермен, роликтермен көрсетеміз. Мектебімізде «Сәтті бойжеткен» қыздар клубы ашылған. Онда қыздардың өзіне деген сенімділігін арттырып, болашағын айқын болжауға, арман-мақсаттарына жетуде кеңес беріледі. Сондай-ақ, қыз тәрбиесіне байланысты ата-аналармен де бірлесе жұмыс істейміз, – дейді Э. Муетова.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан ашылған «Әжелер алқасы» да жалпы ұлт тәрбиесіне қатысты бірқатар тындырымды жұмыстар атқарды. Тәрбиеге қатысты жоспарлаған жұмыстары да көп. Алқа төрайымы Үрзада Айтөреева соңғы уақытта ұл мен қыздың сөз тыңдаудан қалып бара жатқанын айтады.

– Қазір дастархан басында отырып, көрген-білгенін әңгімелейтін, ертегі айтатын ата-әже жоқтың қасы. Керісінше, жас жеткіншектер теледидар алдында көп уақытын өткізеді. Ақпарат ағыны тым көп. Қыз бала үшін оның қажеті мен қажетсізі, тәрбиесіне кері әсер ететіні қаншама? Әйелге берілген басты міндет – отбасын құрып, дүниеге бала әкелу, оны тәрбиелеу. Біздің аналық, әжелік парызымыз – қыздың құлағына оның келешекте жар, келін, ана болатынын бойына сіңіру. Бүгінде кейбір қыздар келін болып түскенде тамақ пісіре алмайды және үй шаруасына икемі жоқ. Бұл ретте анасы тәрбиені өз уақытында қолдан жіберіп алған. Ертең барған жерінде қиналмас үшін қыз баласы кішкентайынан-ақ, өзіне қажетті жұмыстың барлығын үйрене бергені жөн. Халық арасында «Істегенің маған жақсы, ал үйренгенің өзіңе жақсы» деп бекер айтылмаса керек, – дейді Ү. Айтөреева. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Қыздардың бәрі бақытты болғысы келеді. Бақытты болу үшін тұрмысқа шығып, бала сүй. Ұрпақ өсір. Ұлтыңды көбейт. Сөйтіп, артыңда алтын із қалдыр. Бақыт деген осы!» деген екен. Олай болса, әрбіріміз үйімізде гүлдей жайқалып өсіп келе жатқан қыздарымыздың болашағына бүгіннен бастап алаңдап, тәрбиесіне мән берейік.

Страница 12 из 27