Халықаралық көрмеге арналды

Вторник, 26 Январь 2016 04:35

Шымкентте «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған бірінші гранд бал өтті. Оған қаламыздан 100 ерікті жас іріктеліп алынды. Халықаралық көрмені насихаттауға арналған кеш «Оңтүстік» қабылдау үйінде ерекше салтанатпен ұйымдастырылды.

DSC 00741«І Гранд Бал» кешіне зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Шымкенттік 50 жұп ортада полонез бен Вена вальсін биледі. Қазақстанның эстрада жұлдызы Жанар Дұғалова секілді өзге де әртістер салтанатты кеште өнер көрсетті. Кештен түскен қаражат әлеуметтік жағдайы төмен және балалар үйінде тәрбиеленетін балаларға көмек ретінде жұмсалмақ.
Айта кетейік, «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы дайындық жұмыстарына 3000 ерікті жасты таңдап алды. Оның 1500-і Астана қаласынан, ал 1500-і өзге өңірлерден іріктеледі. Шымкент қаласы бойынша еріктілер арасындағы іріктеу кезеңі 19 қарашада өтіп, 100 ерікті жас таңдап алынған еді. Жалынды жастар Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде қонақтарға елімізді таныстырып, қызмет көрсетеді.

 

Тазалық пен жер мәселесi өзектi

Пятница, 22 Январь 2016 07:25

Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов халық алдындағы есеп беруін жалғастыруда. №6 орта мектептің ғимаратында өткен кездесуге «Сәуле», «Химфарм», «Забадам», «Откорм» және осы ауданға қарасты елді мекен тұрғындары жиналды. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, зиялы қауым өкілдері, орам, көше басшылары мен үй төрайымдары қатысты.

4444Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Ахметәліұлы жиналған көпшілікке бір жыл бойы атқарған жұмыстарын баяндап берген соң, жарысөзге сұранып, сауал жолдаушылар қатары көп болды. «Сәуле» шағынауданының орам басшысы Бекжігіт Қалданов Сайрам ауданынан өткен ауыл шаруашылығына арналған жерлерде қазір тұрғын үй салынуы себепті жергілікті халықтың құжатты реттеу бойынша бірқатар қиындықтарға тап болғанын айтты.

– Ондай мақсаттағы жер – тұрғын үй салуға арналмаған. Сіздердің қолдарыңыздағы мемлекеттік актіде де «ауыл шаруашылық немесе қосалқы шаруашылық жері» деп жазылған. Мұндай мәселе тұрғын алаптардың барлығында дерлік кездеседі. Бұл мәселемен қазір қала әкімінің орынбасары Н.Көшеров айналысып жатыр. Қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары да құлағдар. Биыл реттеледі, – деп жауап берді аудан басшысы Б.Қалжанов.

Бұдан бөлек, «Забадам» шағынауданының орам басқарушысы А.Тойшыбаевтың айтуынша, халық ағын судан тарығып отыр. Ал «Откорм» елді мекенінің тұрғыны Ж.Әбдуәлиев мал ұрлығы көбейгенін айтты. Әл-Фараби ауданы полиция бөлімінің басшысы Н.Жолдас мал ұрлығының жылдан жылға азайып отырғанын, мәселен, 2014 жылы 30, 2015 жылы 6 жағдай тіркелгенін жеткізді. «Химфарм» шағынауданының тұрғыны С.Ковалеваны тазалық мәселесі алаңдатады. Жаңа контейнер қойып беруін сұрады. Аудан әкімі өткен жылы

626 контейнер сатып алынғанын, түгендеу жұмыстары аяқталған соң, «Химфармға» да орнатылатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, тұрғындардың арасынан Н.Крутицкая, С.Асқаров, О.Бочкарева сөз алып, ирригация, аулалардағы жөндеу жұмыстары мен жылу мәселесіне қатысты сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Кездесу барысында аудан әкіміне жазбаша түрде де сауалдар қойылды. Есеп беру кезіндегі көтерілген мәселелер БАҚ беттерінде жарияланып, шешімін табатын болады.

Көшелер жарықтандырылады

Пятница, 22 Январь 2016 06:32

Жарықтандырылатын көшелердің қатарында аудандардан қаланың құрамына өткен елді мекендердегі Бабашұлы, Сареми, Әмір Темір, Жол-Мұрат-Ақкөл секілді көшелер бар.


2222

Сонымен қатар, қаладағы басқа да көшелер қамтылған. Ал Т. Рысқұлов көшесі Жібек жолынан А. Байтұрсынов көшесіне дейін қайта жөндеуден өтсе, Елшібек батыр-Уәлиханов, Сайрам, Рысқұлбеков (аяқжол шамдарын қайта құру) көшелері де қайта жөнделді. Жалпы, 57 мың 736 шақырым көше жарықтандырылып, 1980 жарық шам орнатылады деп жоспарланып отыр. «Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Конкурс нәтижесі бойынша, наурыз айында мердігерлер жұмысына кіріспек. Жеңімпаз компаниялар өздеріне жүктелген жұмысты төрт айдың ішінде аяқтап бітіруі тиіс» – дейді Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркепов.

Кез келген нәрсенің сұрауы бар. Осыған орай, Шымкентте аудан әкімдері жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде халық алдында есеп беру кездесулерін бастады. Халықпен жүздесіп, атқарған жұмыстарын тізбектеп, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын тыңдау нәтижесінде көптеген мәселелер өз шешімін тауып отыр. Осы ретте Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов жергілікті халықпен алғашқы кездесуін жылдағыдай «Түркістан» шағынауданындағы №62 орта мектептің ғимаратында өткізді. Аудан басшысының есебін тыңдап, көкейкесті сауалдарын жолдау үшін халық көп жиналды. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, шағынаудандар мен көше басқарушылары, орам басшылары, сонымен қатар сала мамандары қатысты.

DSC 0800Қаланың орталығы саналатын Әл-Фараби ауданында өзге аудандармен салыстырғанда мәселе шаш етектен деп айта алмаймыз. Бірақ, күрмеуі шешілуі тиіс жұмыстар жеткілікті. Өйткені, қала аумағы кеңейгелі бері, бұл ауданға елді мекендер қосылып, жауапкершілік жүгі одан сайын артты. Бүгінгі таңда ауданның жер көлемі 14 мың 380 гектарды құрап, 156 мыңнан астам халық тіршілік етіп жатыр. Ауданда тазалық мәселесі назардан тыс қалған емес. Өткен жылы елді мекендерді тазалықпен қамту үшін қалалық бюджеттен 133 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Осы орайда, Бауыржан
Ахметәліұлының айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы мен ішкі орам жолдары тазаланып, жұмыстар өз дәрежесінде жүргізіліпті. 2015 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жоспарланған 30 көпқабатты үйдің 13-не күрделі жөндеу үшін қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Биыл 12 көпқабатты үй күрделі жөнделмек. Әкімнің айтуынша, аудан халқы ауыз су, табиғи газбен және электр қуатымен жеткілікті деңгейде қамтылған. Ал Сайрам ауданынан қосылған «Откорм» елді мекенін ауыз сумен, жарықпен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық- сметалық құжаттар әзірлеу 2017 жылға жоспарланыпты. Бұдан бөлек Бауыржан

DSC 0802Ахметәліұлы аудандағы жолдардың жағдайын, ирригациялық арықтар орнату, жарықтандыру, ретсіз сауда, ретсіз жарнама, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуы туралы және осы салаларда атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды.
Мұнан соң, жарыссөзге шыққан жергілікті тұрғындар әкімнің жыл бойы атқарған жұмысына оң бағасын беріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Әл-Фараби ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Омаров, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс істеу туралы ұсынысын ортаға салды. Ал «Түркістан» шағынауданы, 350 орам басқарушысы Қуандық Сауранбаев былтыр «Ардагерлер аллеясының» салынып, бірқатар көшелердің жөнделгенін және жарықтандырылғанын айтты. Дегенмен, «Береке» және «Беткей» көшелеріне асфальт төселмей қалғанына ренішін білдірді. Бұл ретте аудан басшысы аталған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін және «Беткей» көшесінің де мәселесі назарда екенін жеткізді. «Түркістан» шағынауданының тұрғыны Пернебек Қалыбаев №24 автобусты қайта бағытқа қойса деген ұсынысы көпшілік тарапынан қолдауға ие болды.
Жарыссөзден соң, халық әкімге көкейкесті сауалдарын жолдады. Мәселен, «Түркістан» шағынауданы, «Бәйтерек» көшесінің тұрғыны жеке кәсіпкердің тұрғын үй жанынан салған екіқабатты коммерциялық нысаны сол маңдағы тұрғындардың мазасын алып отыр. Автожуу және бильярдқа келген клиенттер күндіз көліктерін тұрғындардың үйлерінің айналасына қойса, түнде ішкілік ішкен адамдар әбден мазаларын алатын көрінеді. Бұл орайда, Әл-Фараби ауданы бойынша ІІБ бастығы Нұрмахан Жолдас кәсіпкердің ісіне араласа алмайтынын, бірақ көліктерді орынсыз қою мәселесіне қатысты жағдайды реттеп беретінін айтты. Зейнеткер Қалжан Рысбаев өткен жылы ғана ашылған «Ардагерлер аллеясын» вандализм әрекетінен арашалау үшін патрульді полиция бөлінсе деген ойын ортаға салды. Н.Жолдас бұл ұсынысты қарайтынын жеткізді. Әйтеке би көшесінің №30/24 үйінің тұрғындары пәтер жалдап тұратынын, алайда бірнеше айдан бері үйдің жарық пен судан ажыратылғанын айтып, көмектесуін сұрады. Бұл ретте Бауыржан Ахметәліұлы ол үйдің ескі қалашық маңында орналасқанын және үйдің заңсыз салынып, жалға берілгені айта келе, бұл мәселемен тағы да айналысатынын және тұрғындарға газ бен су жағынан мүмкіндігінше көмек беретінін айтты.
Жалпы, аудан халқы Б.Қалжановтың жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді. Есептік кездесуді қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай көптеген маң-ызды мәселелердің көтерілгенін және олардың тиісті уақытында өз шешімін табатынын жеткізді. Халықты коммуналдық мәселелер көп толғандыратындықтан, алдағы уақытта осы бағытта тындырымды тірліктер атқарылмақ.

leonardo dicaprio the revenant2016 жыл Голливуд жұлдызы Леонардо ДиКаприо үшін сәтті болары сөзсіз. «Жансебіл» («Выживший») фильмін түсіру барысындағы оның жанкештілігін, актерлік шеберлігін АҚШ-тың киноакадемиясы ескеріп, «Оскар» сыйлығын бере ме жоқ па, ол маңызды емес. Қазірдің өзінде ел аузында «Оскарға» лайық екені жөнінде айтылып жатыр. Әлемдік кинопрокатқа шыққан фильмді көрермен көріп, талқылауда. Бұл ретте қазақстандықтар да шет қалмай, өз бағасын берді. Жуырда ғана осы фильмдегі рөлі үшін Леонардо ДиКаприоға «Алтын глобус» марапаты табысталған еді. Кино сыншылардың пікірінше, актердің «Оскарды» алу мүмкіндігі жоғары. Бұған дейін танымал жұлдыз төрт рет бұл жүлденің номинанты атанған.
Фильмдегі бас кейіпкер-аңшы Хью Гласс аюдың шабуылы мен жолдастарының сатқындығын бастан кешеді, сонымен қатар, тірідей көміліп, сақылдаған сары аязда аман қалу үшін не көрмеді? Мұның барлығына ол жанында жүрген адамдардың ұлын өлтіріп, өзін шала жансар күйде қалдырып кеткені үшін кек қайтару мақсатында шыдап бағады. Канада мен Аргентинада тоғыз ай бойы фильмді түсіру қиын болғаны соншалықты, түсірілім тобының кейбір мүшелері оны «өмірдегі тозақ» секілді болды деседі. Олай болса, Леонардо ДиКаприоның Лондондағы Time Out журналының тілшісі Кэт Кларкқа берген сұхбатын ықшамдап ұсынамыз.

the-revenant-leonardo-dicaprio-alejandro-innaritu-tom-hardy-09-29-at-9.38.16-AM– Фильмді түсіру барысында сіз көптеген қиындықтарға тап болдыңыз, соның ішінде, өгіздің бауырын шикідей шайнауға тура келді. Сіз расында да оны жедіңіз бе?

– Иә, жедім. Өйткені, маған бауырға ұқсас нәрсені әкеліп бергенде ол шынайы ет секілді көрінбеді. Осы эпизодта менімен бірге ойнаған Артур есімді үндіс актер күні бойы шикі бауыр жеді. Маған да оның дәмін тату керек болды. Екі рет тістедім де... Қысқасы, менің шикі етке қатысты әрекетім фильмге түсіп қалды. Инстинкт дер едім мұны!

– Фильмге түсу қаншалықты қиын болды?

– Өте қиын болды. Біз фильм түсіру барысында қандай қиындықтардың болатынын жақсы білдік. Арнайы эффектілердің көмектеспейтінін де түсіндік.

– Фильм табиғат аясында түсірілді. Осы ретте ауа райына байланысты түсірілімді тоқтатқан сәттеріңіз болды ма?

– Күн сайын өңменімізден өтетін суықта жұмыс істедік! Дубльдер арасында жылынып алуым үшін арнайы көлік болды.

– Өзіңіз табиғат аясында көп уақыт өткізесіз бе?

– Иә, әсіресе адам аяғы баспаған жерлерде болғанды ұнатамын. Өркениеттен мақұрым қалған Амазонкаға баруды діттеп отырмын.

– Сіз саяхаттаған кезде бірнеше рет өлімге бас тігіпсіз. Мәселен, Оңтүстік Африкада акула шабуыл жасаған, ал оған дейін биіктен секіргенде парашютіңіз ашылмай қалыпты. Мұндай сәттерде қандай сезімде боласыз?

– Бұл – көлікті дұрыс қоймағаныңыз үшін айыппұл салған кездегідей ғана сезім. Ішімнен: «Сайтан алғыр, неге бүгін? Мен әлі жап-жаспын ғой, алға қойған мақсаттарым көп» деп ойлаймын. Санамда тек аман қалу жайлы ой тұрады. 

– Өліммен бетпе-бет келген соң, сіз одан қорықпайтын болдыңыз ба?

– Жоқ. Мен бұрынғыдай өлімнен қорқамын.

– «Оскарды» жеңіп алу сізге қаншалықты маңызды?

– Шынымды айтайын ба? Мен жұмыс барысында «Оскар» туралы ешқашан ойлаған емеспін. Бір рет болсын қандай да бір марапат алайын деп тілеген де емеспін. Фильмге түсу барысында бойыңдағы бүкіл мүмкіндік пен күш-жігеріңді саласың. Бар болғаны осы ғана.

– Сіз 19 жасыңызда алғаш рет «Гилберт Грейптің уайымы не?» («Что гложет Гилберта Грейпа?») фильміндегі рөліңіз үшін «Оскарға» үміткер болдыңыз. Сол кезде «жүлде аламын-ау» деп айтар сөзіңізді дайындап келдіңіз бе?

– Жоқ! Мен тіпті дайын емес едім. Менің бірде-бір мүмкіндігім жоқ деп ойладым. Егер де мені марапаттаған болса, не айтарымды білмей дал болар едім.

– Сіз Лос-Анджелестің жағдайы төмен ауданында өстіңіз және балалық шағыңызда өзіңізді бір емес бірнеше рет қор санадыңыз. Уақыт өте келе бұл сезімнен арылдыңыз ба?

– Қайдағы! Мен әрқашан өзімді қор санайтын боламын. Марти Скорсезе де мен секілді. Ол Нью-Йорктың көшесінде өскен және әрдайым өзін Голливудта бөтен сезінетін. Балалық шағымда кастинг директорлары қабылдамайтын. Сол кезде мен өзімді мына өмірден аластатылған адам сезініп, ешқашан жолым болмайтынына кейитінмін. Тіпті олар бір күні келіп, мені элитаның бір құрамдас бөлігі екенімді жариялап, батасын беріп: «Енді сен біздің клубтың мүшесісің, сен элитаның бір бөлігісің, сен таңдаулысың» деп мәлімдейтіні елестейтін.

– Енді өзіңізді таңдаулы адам ретінде сезінесіз бе?

– Сезінгенде қандай! Менің сөзсіз жолым болды.

– Ерекше мақтан тұтатын рөліңіз?

– «Мына жігіттің өмірі» («Жизнь этого парня») деген фильмдегі рөлім ұнайды. Ол 25 жыл бұрын түсірілген еді. Менің жасым небәрі 15- те болатын және әлі күнге дейін бүге-шүгесіне дейін есімде қалған. Роберт Де Ниромен бір түсірілім алаңында жұмыс істеп, оның әрбір қимылын қалт жібермейтінмін.

– Ел арасында актер болу бір басқа, ал кино жұлдызы болу мүлдем бөлек деп айтылып жүр. Соңғы 10-15 жылда өзіңіз түскен фильмдер арқылы «жұлдыздың жұмысымен» хош айтысқыңыз келіп жүрген секілді. Солай ма?

– Менің таңдауым өзгерген емес. 15 жасымда да қазіргі ұстанымдарым секілді фильм таңдайтынмын.

– «Титаникті» де солай таңдадыңыз ба?

– «Титаникті» сол кезде түсіп жүрген тәуелсіз фильмдерден бір сәт демалу үшін және жаңа нәрсені көру үшін таңдаған едім. Бұл – мен көздеп жүрген жақсы рөлдерге оңай қол жеткізу үшін таптырмас мүмкіндік болатын. Сонымен бірге, жылдар бойғы жинақтаған тәжірибем арқылы жақсы режиссерлер мен сценарийлерді ажырата алатын дәрежеге жеткен шығармын. Айтайын дегенім, сол кезден бері актер ретінде өстім, ал кино таңдау стилім сол қалпында қалды.

– Жасыңыз 41-ге келді. Не істеп үлгермедіңіз?

– Дәл қазір менде бір ғана жоспар бар – аздап демалсам деймін.

– «Жансебіл» фильміндегі кейіпкер өмірден түңілген адам. Ал сіз пессимистсіз бе?

– Бұл фильмде біз уақыттан кері шегінеміз. Кезінде Батысқа қарай қарышты қадам басу – табиғат ресурстарының және үндіс тайпаларының жойылуына, ормандардың қырқылуына, мұнай кен орындарының ашылуына себеп болды. Сол кездегі дәуірге қарап: «Қандай қатыгез едік!» деп ойлайсың.

Аударған
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА,
«Time Out»

Шымкентте трансплантация қызметі шапшаң дамып келеді. Беларусьтық дәрігерлердің көмегімен бірнеше рет бауыр алмастыру оталары сәтті өткен болатын. Ал жуырда ғана Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасында Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мамандарының қатысуымен бауыр трансплантациясы жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, донор мен науқастың жағдайы қалыпты.

DSC 0044Бүгінгі таңда бауыр мен бүйректі ауыстыру үшін осыдан екі-үш жыл бұрынғыдай Алматы мен Астанаға барудың қажеті жоқ. Ота жасайтын дәрігерлер де, донор да Шымкенттен табылады. Екі жылдың ішінде Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасында бүйрек алмастыру бойынша 57 ота жасалып, оның 29-ын облыс дәрігерлері ешкімнің көмегінсіз жасаған. Бауыр алмастыру бойынша жасаған оталар да сәтті шықты. Өкінішке қарай, трансплантацияны қажет ететін науқастар аз емес. Қазірдің өзінде 90 адам бауыр аруымен есепте тұрса, олардың арасында бауыр алмастыруды қажет ететіндері бар.
Айта кетейік, қазір Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасы реконструкциялануда және қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Хирург-транпслантологтар арнайы жабдықталған ота залының болғанын қалайды. Аурухананың бас дәрігері М.Биғалиевтің айтуынша, оңтүстікқазақстандық хирургтардың өз күштерімен трансплантация жасауға тәжірибесі жетеді және осы ретте, қайтыс болған адамның органын сау адамға қондыру мәселесін шешу керек.

Облысымызда туылған 639 баланың біреуі бет-жақ кемістігімен туылады екен. Халық арасында оны «қоян жырық» немесе «қасқыр таңдай» деп атайды. Осындай диагнозбен туылған нәрестелер ата-анасына психологиялық салмақ салатыны сөзсіз. Өкінішке қарай, кемістігін себеп етіп, бауыр еті баласынан бас тартатын ата-аналар да жоқ емес. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, медицина қарыштап дамыған заманда мұндай жағдайды мәселе етіп, күйзелудің қажеті жоқ. Дер кезінде жасалған ота баланың толыққанды өмір сүруіне септігін тигізеді. Осы ретте облыстық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөліміне қарасты жақ-бет аймағы хирургиясы бөлімшесінің жоғары санатты дәрігері Тұяқбаев Асхат Әбдіманапұлымен сұқбаттасқан едік.

76e05e5431deb79c6f– Асхат Әбдіманапұлы, жақ-бет аймағы бөлімшесіне таңдайы жарық және ерні жырық балалардан бөлек, басқа да кесел түрлерімен келетіндер бар ма?

– Жақ-бет аймағы хирургиясы 2007 жылы Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасынан бөлініп, облыстық балалар клиникалық ауруханасының құрамына берілді. Сол кезден бастап екі дәрігер жұмыс істеп келеміз. Оның бірі өзім болсам, екінші дәрігер – Ерлан Төребеков. Біздің бөлімшеде тек жақ-бет аймағында кемістігі бар балаларға ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі іріңді қабыну процестерімен келген балалар емделеді. Мәселен, тістің іріңдеуі, абайсызда жақпен құлағандар тағы басқа.

– «Қоян жырық» немесе «қасқыр таңдай» диагнозымен туылу себептері қандай?

– 2011-2012 жылдарға дейін аурудың себептерін тұқым қуалаушылықпен байланыстырып келдік. Өйткені, оңтүстікте ағайындардың отбасын құруы жиі кездеседі. Ал бүгінгі таңда экология өзінің әсерін көптеп тигізіп отыр. Байқоңыр мен Теміртау қалаларында аурудың бұл түрі өте көп кездеседі. Мәселен, ОҚО-да 639 баланың біреуі жақ-бет аймағы кемістігімен туылса, Байқоңырда 420 баланың біреуі, ал Теміртауда 410 баланың біреуі осындай кемістікпен дүниеге келуде. Нақты себебін дөп басып айта алмаймыз. Ал «жүкті әйелдің қоян етін жегеннен баласы қоянжырық болып туылады» деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Айта кетер жағдай, анасы жас кезінде жыныс ауруларымен ауырса, кіндігін ашып жүрсе, темекі тартып, арақ ішсе – дамуында ауытқуы бар баланың дүниеге келетіні жасырын емес.

– Бет аймағында кемістігі бар нәрестелерге туылған сәттен бастап ота жасау міндетті ме?

– Соңғы үш жылдан бері сәби дүниеге келе салысымен ата-анасының рұқсатымен ота жасап жатырмыз. Мәселен, 2014 жылы – 25, 2015 жылы – 28 балаға ота жасадық. Қаңтар айының өзінде «қоян жырық» диагнозы қойылған екі балаға ота жасалды. Тағы екеуін отаға дайындаудамыз. Айта кетерлік жағдай, балалар бірден пышаққа ілінбейді. Ең алдымен олардың ішкі құрылысы, миы тексеріледі, түрлі анализдер тапсырады. Ерте жасалған ота – отбасындағы әлеуметтік мәселені шешуге септігін тигізеді. Өйткені, шақалақ туылған сәтте оның кемістігін көрген ата-ана үшін төбеден жай түскендей болады. Соның салдарынан ата-ананың 60-70 пайызы баладан бас тартады. Біз олармен әңгімелесу, түсіндіру арқылы баладан бас тартпау қажеттігін және ота жасаған соң бала толыққанды өмір сүре алатынын түсіндіреміз. Өкінішке қарай өткен жылы түркістандық бір ата-ана өз баласын бауырына басқысы келмей, тастап кетті. Нәресте «Сәбилер үйіне» өткізілді. Көп ұзамай ол баланы шымкенттік көп балалы ана жетінші перзенті етіп, асырап алды. Төрт айға жақындағанда нәрестенің ерніне ота жасадық. Қазіргі уақытта барлық перзентханаларда біз айтып отырған кемістігі бар сәбилер бақылаусыз, емсіз қалмайды. Мұндай ақаумен туылған балалардың ақыл-ойының дамуында ауытқу жоқ. Ата-ана осыны естен шығармаған жөн.

– Қазіргі таңда медицинаның мүмкіндігі мол. Осыған орай, бұрынғы және қазіргі ота түрлерінде қандай айырмашылықтарды атап өтер едіңіз?

– Өз басым осыдан 10 жыл бұрын жасалған оталарды еске алып «қарным ашады», ал ота орнында қалған тыртықтарды көрген сайын жүрегім ауырады. Сол уақытта қолда бар әдіспен жасадық қой отаны. Бар білгенімізбен ұштастырып. Ал қазір мүлдем басқа. Медициналық құрал-жабдықтардың өзі бөлек әңгіме. Отадан соң баланың бетіндегі тыртық көзге көрінер-көрінбес қана болады. Бүгінгі таңда шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасып жатырмыз. Соңғы жылдары Литва мен Украина мамандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Өзім 2011 жылы Беларуське барып, оқып келдім.

– Туабітті кемістігі бар сәбилерге отаны қай кезде жасаған дұрыс?

– Ерні жырық болып туылған сәбилерге отаны 3-4 айдан соң жасаймыз. Ал таңдайы жарық болып болып туылғандарға бір жастан соң жасалынады. Өйткені, бұл өте күрделі ота саналады. Баланың неғұрлым үлкен болғаны бізге де жақсы, ота сәтті өтеді. Ал бір жасқа дейін балалар стоматологы нәрестенің таңдайын тіккенше, ас-ауқатын дұрыс ішу үшін пластинка салып береді. Өткен жылы жақ-бет аймағында кемістігі бар және басқа да диагнозбен келген 300-дей балаға жоспарлы түрде ота жасалды. Бөлімшеміз 15 орынға шақталған. Қазір 5 бала жатыр. Жыл он екі ай пациенттеріміз үзілмейді. Күні кеше ғана ауыр халде 12 жасар бала келіп түсті. Тістің түбірі іріңдеп, сүйекке, одан жұмсақ тінге өткен. Ірің қанға да өткендіктен, бала екі күннен бері тамақ ішпеген. Шұғыл түрде күрделі ота жасалынады. Бетінің сырт жағы кесіледі, соның салдарынан өкінішке қарай, бетінде үлкен тыртық қалады.

– Қазіргі уақытта жағы ассиметрия болып туылатын балалар жоқ емес. Бұл – эстетика жағынан оғаш көрінері даусыз. Бала денсаулығына қаншалықты кері әсері бар? Оны емдеу жолдары қандай?

– Жақ сүйегі ассиметрия болып туылатын балалардың беті қисық болады. Жоғарғы немесе төменгі жақ жетілмеуі мүмкін. Ол –баланың демалуына, жұтынуына кедергі келтіріп, өміріне қауіп төндіріп жатқан жағдайда ота шұғыл түрде жасалынады. Негізінде сүйек өсіп-жетіліп, бала 14-15 жасқа келген кезде ғана ота жасалынады. Бұл жағдайда да неғұрлым кейінірек жасалса, соғұрлым нәтиже жақсы болады. Төменгі жақтың жетілмеуін Пьер Робин синдромы деп аталады. Яғни, тілдің түбірін кері қарай жылжытып, баланың тыныс алуына кедергі жасайды. Кей жағдайда төменгі жақ уақыты келе дамиды. Бұл кемістікті емдеу үшін баланың жағын сындырып, арнайы аппаратпен күніне 1 мм алға қарай тартып отырамыз. Жақтың сынған орны қалпына келіп, сүйек біткенше бала аппаратпен жүреді.

– Дені сау бала туылу үшін ананың бала көтерген сәтінен бастап күтіну қажеттігін білеміз. Тіпті тұрмыс құрғанға дейін салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн екені мәлім. Ал сіз қандай кеңес берер едіңіз?

– Оңтүстікте, әсіресе, ауылдарда жаңадан түскен келін күтінбейді. Таңертең сағат алтыда тұрып аула сыпырады, сиыр сауады, суық сумен жуына салуы мүмкін және тағы басқа себептерді келтіруге болады. Жас келін тұрмысқа шыққан соң ағзасында өзгерістер орын алады. Ал бойына бала біткен кезде алғашқы екі айда шарананың ішкі органдары мен нерв жүйесі қалыптасып, дами бастайды. Міне, ең қауіпті және күтімді қажет ететін осы кез. Олай етпеген жағдайда, баланың бойында түрлі патология пайда болады. Оны ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде білеміз. Тіпті, жақ-бет аймағында кемістігі бар екенін көруге мүмкіндік бар. Бірақ, жатыр ішінде жатқан балаға көмек бере алмаймыз. Тек туылған соң ғана ота арқылы кемістікті түзеуге мүмкіндік бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

«WhatsApp» бойынша 1607 өтiнiш түскен

Пятница, 08 Январь 2016 04:25

Өткен жылдың қазан айында іске қосылған қала әкімдігінің «WhatsApp» желісі нәтижелі жұмыс көрсетіп келе жатыр. Өйткені шымкенттіктерді мазалайтын мәселе көп.

whatsapp mpЖалпы, бүгінгі күнге дейін «WhatsApp» желісіне 1607 адамнан өтініш келіп түссе, оның 1527-нің шешімі табылған. Өтініштердің арасында қалалықтарды тазалық, абаттандыру мәселелерінің жиі мазалайтыны байқалады. Мәселен, 321 өтініш қабылданса, оның 317-і орындалыпты. Ал төртеуі қазір қаралу үстінде. Бұдан бөлек, жол жөндеу және жер қазба жұмыстары, су, газ, жарық, ашық құдықша, канализация, ирригация мәселелері де назардан тыс қалмаған. Мәселен алты күннің ішінде қоғамдық көлік бойынша 177 адамнан өтініш келіп түскен. Мамандар оның 170-не жауап беріп үлгеріпті. Ал жетеуінің мән-жәйі қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Көп ретте, шымкенттіктер автобустардың бір-бірімен жарысуына, қоғамдық көліктегі тазалыққа, автобустар арасындағы интервалдың сақталмауына көңілдері толмайды. Жылу мәселесіне қатысты көпқабатты үй тұрғындарынан 162 өтініш келіп, барлығының да мәселесі шешілген.
Еске сала кетейік, қала әкімдігінің «WhatsApp» желісінің нөмірі – 8-777-885-85-13,
8-777-885-85-02.

Страница 16 из 27