Жұмыс орындарын сақтап қалу - басты тапсырма

Пятница, 06 Февраль 2015 04:52 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3815 раз

Жұмыс орындарын сақтап қалу Мемлекет басшысының әкімдерге жүктеп отырған негізгі тапсырмасы. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде кәсіпкерлермен өткен жиында мәлімдеді.

DSC 0056Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, отандық бизнесті қолдауда ұлттық компаниялардың тауарлар мен қызметтерді сатып алуда жергілікті мазмұнның үлес салмағын арттыру бағытында Үкімет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
– Бұл өз кезегінде отандық кәсіп-орындардың дамуына, қуатын арттыруға және шығаратын өнім түрлерін көбейтуге ең бастысы – жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындарын сақтап қалу – бұл Елбасының әкімдерге жүктеп отырған негізгі тапсырмасы, – деді Б. Сағынтаев.
Жиын қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен
«Қазатомпром», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық Энерго» АҚ-ы арасында меморандумдар түзілді. Жалпы, осы өңірде жергілікті мазмұнды дамыту шеңберінде құны 61 млрд. теңгені құрайтын меморандумға қол қойылды.
Жұмыс орындарын сақтап қалу және өндірістік процестерді тұрақтандыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен өңірдегі ірі өндіріс орындары, оның ішінде
«Қазатомпром», «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ы, «Петро Қазақстан Ойл Продактс», «Стандарт цемент» ЖШС-і арасында меморандумдар түзілді. Тұтастай алғанда осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыста 50 мың жұмыс орнын сақтап қалуға арналған 1057 меморандумға қол қойылды.
Айта кетсек, облыс әкімдігі тарапынан 2014 жылы өңірдегі кәсіпорындарды қолдауға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, жыл соңына қарай өндіріс өнімінің көлемін 104,5% арттыруға немесе 650 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік туды. Бұл республикадағы үшінші көрсеткіш болып табылады.
– Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі қуатты индустриалды орталықтардың біріне айналып келеді. Индустрияландыру картасы аясында құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 жоба іске асырылуда, олардың 65 пайызы ауылдық жерде жүзеге асып келеді, – деді Б. Сағынтаев сөзінің соңында.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.