Н.Назарбаев, ҚР Президенті: Барға қанағат етіп, бағалай білейік

Пятница, 13 Февраль 2015 03:54 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5265 раз

Н.НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:

Барға қанағат етіп, бағалай білейік

 

zadanie 11.02.15Мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері еш өз­ге­ріс­сіз қалуы тиіс. Осы аптада Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Әлемдік дағдарысқа байланысты басталған жобалар аяғына дейін жеткізіліп, жаңа бастамалар, ұсыныстар жағдай жақсарғанға дейін шегеріле тұрмақ. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, әкім­дік­терге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіп­орындарға қатысты мәселе. Елбасы Үкі­метке 2015 жылға арналған рес­публи­калық бюджетті 700 миллиард теңгеге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсырды. Бұл ретте облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының жә­не аудандардың әкімдеріне де қатаң бюджет саясатын жүргізу жүктелді.

– Жина­лысқа жер-жерден келгенде әр­қай­сыларыңыз дайындалып келу­леріңіз керек. Тек қана мені тың­дап кете бермей, ойларыңыз болса, ашық айтыңыздар. Мемле­кет бас­шысының, Үкімет мүше­лерінің, әкімдердің жергілікті мәселелерді айтқан сөзінен, ұсыныстарынан барып, жалпы шешім шығады. Сондықтан, үндемей отырғанды қойыңыздар, – деді Елбасы.

«Нұрлы жол» бағдарламасы дағдарысқа қарсы тиiмдi құрал

Үкімет мүшелері, ведомстволар басшылары, әкімдер қатысқан жиында Президент жалпы алғанда, дүниежүзіндегі дағдарысқа қарамай, елдің экономикасы 4 пайыздан артық өскендігін, ол үшін түрлі шаралар қолданылғанын атап өтті. Қиындықтардың алдын алу үшін же­дел шараларды қолға алынғаны халыққа мәлім. Нақты жо­ба, жоспарлар бар. Сондай-ақ, Елбасы әлеу­меттік тетік­тер­ді сақтай оты­рып, кейбір рефор­ма­ларға өзгеріс­тер енгізілетінін, халықтың алаңдауына ешбір негіз жоқ екенін мәлім етті. «Өткен жылы мен «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жарияладым. Оның басты мақсаты – мемлекеттің жаңа заманға сай инфрақұрылымын жасау. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, біздің елімізге қазақстандық экономикаға қандай да бір дағдарыс әсер етіп отырған жоқ», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, әлемде қалыптасып отырған жалпы жағдайға тоқтала келе Елбасы «Нұрлы Жол» бағдарламасы – қаржы дағдарысының алдын алуға арналған іс-шара екенін атап көрсетті. Бағдарлама қиын-қыстау кезеңде экономиканың өсіміне ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ.

Үнемдеуден – 4 миллиард доллар құралады

Қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметтің, Ұлттық банк­­тің және әкімдердің алдына бір­­қатар міндет қойды. Ұлт­тық қордан 2015-2017 жылдары 500 миллиард теңге бөлінетін болса, со­ның 180 миллиард теңгесі биыл пайдаланылады. Елбасы бұл қаражат өңірлерде уақытылы игерілуі тиіс­тігін ескертті. Сонымен қатар, ұлттық бас­қарушы холдингтер де тиісті ша­ралар әзірлегеніне тоқталды. Ұлттық қор мен холдингтер шығыстарын қысқартып, оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, Үкіметтің баяндамасына сәйкес, министрліктердің, ведомстволардың, холдингтер мен жергілікті атқару органдарының үнем­деуінен 4 миллиард доллар құ­ралады. Әр өңірде жұмыспен қамтылуға ықпал ету бағдарламалары әзірленуі тиіс. Тиімділігін дәлел­деген жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі жол картасын сақ­тау қажет. Үнемдеу мәселесіне тоқталған Елбасы қысқы Универсиада мен Алматы метросының 2-ші кезеңі құрылысын қаржыландыруды қысқарту қажеттігін атап өтті. «Мен әлеуметтік қажеттілікке арналған шығыстарды қысқарту туралы ұсыныс бар екендігін білемін. Бұл жақсы ұсыныс, қарапайым адамдарға қатысты болмағанда  оны қолдауға да болар еді. Оны қарапайым адамға шығын келтірместен қайдан іздеуге болады? Мәселен, біздің шығыстар: банктерді қолдау үшін 500 млрд., қысқы Универсиадаға - 100 млрд., метроның екінші кезеңіне – 227 млрд. теңге. Қиын кезеңде біздерге кейбірін күте тұру қажет. Одан кейін жалғастырамыз», – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы білім бе­руді және денсаулық сақтауды жаң­ғырту жұмыстарын жалғастыру қажеттігіне тоқталды. Бі­лім беру саласында «Балапан» бағ­дарламасын жүзеге асыруды, орта білім бойынша жан басына қар­жы­ландыру тәртібіне көшуді және 12 жылдық білім беру моделіне бір­тіндеп өтуді жалғастыру қажеттігін айтты.

«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында отандық құрылыс материалдарын өндірушілерге зор мүмкіндіктер бар. Бұл орайда Елбасы барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған!» акциясы басталатынын мәлімдеді. Облыс әкімдеріне мұны қадағалап отыруды тапсырды.

Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету

Мемлекет басшысы мұнайға төмен бағаның қалыптасуы мен экономикалық өсімнің баяулауы жағдайындағы қаржылық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету Ұлттық банктің басым міндеті екенін атады. «Ұлттық банкке сенбейтіндей менде еш негіз жоқ. Мен өткен жолы да ескерткен болатынмын, қазіргі өткір кезеңде түрлі арандатулар, өсек-аяңдар, пәлеқорлықтың барлығы пайда әкелмейді. Біз оларды жауапкершілікке тартуымыз керек. Мен тағы да Қазақстан халқына жария етемін: біз ештеңені де жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алда туындайтын мәселені ашық айтамыз», – деген Президент түрлі алыпқашпа әңгімелерге емес, ресми тұлғалардың мәліметіне сенім арту керектігін айтты. Сондай-ақ, Елбасы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, эко­но­миканың нақты секторын қар­жылық ресурстармен қамту Ұлттық банктің бірінші кезектегі мақсаты екенін қадап айтты.

Әрбір теңгеге деген сұраныс қатаң болады

Ұлт­тық қордан бөлінетін қаржы эко­но­миканың пайдасына жұмсалуға тиіс.
«Мен құрған комиссия қаражат жұмсалуының ашық болуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отырады. Әрбір теңгеге деген сұраныс қатаң болады. Барлық деңгейдегі әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» партиясы бұл жұмысқа белсене атсалысып, қатаң партиялық бақылау орнатуы қажет. Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуге тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнеске айналмауы керек. Мемлекеттік қаржыны фирмаларға, өздерінің таныстарына, достарына және туысқандарына шашуларына жол бермеу керек. Өкінішке қарай, облыстың үш әкіміне қатысты дәл осы себеппен тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әкімдер халыққа жақын болуы, өңірлердегі мәселелерді шешуге білек сыбана кірісулері қажет екенін тапсырды.
Сондай-ақ, кеңейтілген отырыста бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шығындарды қысқарту мәселесін қарастыру, мерейтойларды жә­не оған кететін бюджет қара­жатын қысқарту керектігі ескертілді. Мегажобалар, түрлi өткiзiлiп жатқан мерейтойларды қысқартып, балаларды дұрыстап оқытып, емдеу қажеттігі айтылды. Мем­лекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері қарапайымдылық пен үнемшілдіктің үлгісін көрсетуі қажеттігіне тоқталған Елбасы еліміздің барлық қиындықтарды сәтті еңсеретініне сенімді екенін айтты. Қарапайым халықтың қамын жеп, оларды тыңдап, көмек көрсету қажеттігін ескертті. Сөзінің соңында барша қазақстандықтарды барға қанағат етіп, бағалай білуге шақырды.

Последнее изменение Среда, 18 Февраль 2015 09:17
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.