Жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда

Пятница, 03 Июль 2015 07:24 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4424 раз

Шымкент қаласының әкімі Д. А. Сатыбалдының 2015 жылдың ақпан айында өткізген қала тұрғындарына есеп беру кездесулері барысында қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға
ЖАУАПТАР

Мелдеханов Өмірзақ, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты:
Сұрақ:Жылдан жылға су, газ, электр жарығы және жылудың тарифтері көтеріліп жатыр. Соңғы жылдары энергетика мекемелерді монополистер жекешелендіріп алды. 2014 жылы ауыз суға 3 млрд. теңгеге жуық қаржы берілді, биыл 2 млрд. теңгеге жуық монополистерге өтеусіз беріліп отыр. Осыған байланысты монополистерге берілген техникалық шартты беру билігін, қала әкімдігінің құзырына беру керек. Қалада осы мәселелерді үйлестіретін тұрғын үй коммуналдық бөлімінің жанынан орталық немесе бөлім құру қажет. Және де сол бөлімге бұрынғы көп жылдық тәжірибесі бар мамандарды тарту керек.
Жауап: – Жылуға, электр жарығына, табиғи газға, ауыз суға тарифтерді көтеру немесе төмендету мәселелері қала әкімдігінің құзырына кірмейді. Техникалық шартты беру мәселесі бойынша Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жанынан ашу қолданыстағы заңнамаларға қайшы келеді деп санаймыз. Осыған орай, техникалық шартты беру жұмысын қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) беруді ұсынамыз. Қазіргі таңда халықтың құжаттандыру жұмыстарының барлығы осы жоғарыда аталған мекеме арқылы жүргізілуде.
Бегім Төлентаев, Тұтынушылар құқықтарын қорғау бірлестігінің өкілі:
Сұрақ: –  2012 жылы қала бюджетінен 1 млрд. 200 млн. теңге бөлініп, «Тұрғын үй жинақ банкісі» арқылы қайтару несиемен «Нұрсәт» шағынауданында №128, №129 үйлері салынған. Былтыр осындай кездесуде мәселені көтергенмін. Осы үйлер бүгінгі күнге дейін аяқталмаған. Егер осы үйлер 2012 жылы біткенде 108 жанұя пәтерлі болып, сіздерге бюджеттен берілген қаржыны қайтарып, тағы 108 жанұяға жаңа үй салып беруге болар еді. Үйді салған мердігерге қала әкімі тарапынан 500 мың теңгеге айыппұл салынған екен. Ал, мердігер 26 млн. теңгеге зиян келтіріп отыр.
Жауап: – Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағынауданындағы №128, №129 үйлердің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінгі таңда мемлекеттік комиссия қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Аталған тұрғын үйлерді 2015 жылғы шілде айында тапсыру жоспарлануда.
А. Сұлтанов,  «Голд-алюминий» зауытының бас директоры:
Сұрақ: – Шымкентте «Голд-аллюминий» зауыты салынып жатыр. Автобус аялдамасы «Тұрлан»
шағынауданынан аяқталады. Темірлан тас жолының оң жағында 1,5 шақырым жерде орналасқан зауытта 150 шақты адам жұмыс істейді. Автобус бағытын біздің зауытқа дейін жеткізсеңіз.
Жауап: – Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап «Голд-аллюминий» зауыты арқылы Алтынтөбе елдімекеніне дейін №12 автобус бағытының қозғалыс сызбасы ұзартылды.
К. Ойшиева, «Тельман»  елді мекенінің тұрғыны:
Сұрақ: – Тельман елді мекенінде бір жағымызда №118 маршрут, бір жағымызда №93 автобус жүреді. Екі бағыт та алыс, арасы батпақ. Сол жерден екі үйдің арасынан С.Рахымов көшесінің бойымен Манасов көшесіне қарай шағын автобус жүргізілсе.
Жауап: – «Тельман» елді мекеніндегі С. Рахымов көшесі зерттеліп, аталған көше тар болғандықтан және жол жүру қауіпсіздігінің талаптарына сай келмеуіне байланысты бұл көшемен қоғамдық көліктің жүруіне мүмкіндік болмай тұр.
С. Асанова,  «Достық» шағынауданының тұрғыны:
Сұрақ: –  Қоқыстың (свалканың) жанында тұрамыз. Жазда далаға жатамыз. Демалу қиын, денсаулыққа зиян. Қоқыс тастау орнының мәселесін шешіп берсеңіздер.
Жауап: – Жаңадан салынған «Ақтас-1» елді мекенінің жанында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтарды көму полигонының құрылыс жұмыстары аяқталып, наурыз айында іске қосылды. Осы нысанның іске қосылуымен «Достық» елді мекенінің жанында орналасқан бүгінгі күнгі полигон жабылды. Осы аумақта пайдалануда болған 12 га жерді рекультивациялауға ТЭН дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынуда.
А.Қаныбеков, «Жаңаталап» шағынауданы, Қызылжар тұрғын алабының ауыл биі:
Сұрақ: –  Жаңаталап ауылына Шымкенттен №125 «Газель» қызмет атқарып жатыр. Жаңаталап аумағында 16-17 мың халық тұрады. Сол «Газельдер» үлкен автобустарға ауыстырылса.
Жауап: – Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап №125 бағытында 3 шағын автобус сыйымдылығы үлкен 3 автобустарға ауыстырылды. Алдағы уақытта сыйымдылығы үлкен автобустарға ауыстыру өзінің оң нәтижесін көрсеткен жағдайда, үлкен автобустарға алмастыру жұмыстары ары қарай жалғасатын болады.
Күлаш Абдраимова, қала тұрғыны:
Сұрақ: – Сайрам ауданынан қалаға өткен Мәртөбе ауылының көшелері қашан асфальттанады? Көктем, күз айларында көшелеріміз лай болады.
Жауап: – «Мәртөбе» тұрғын алабының Садовая №1, Садовая №2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, 2015 жылғы көктем айларында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен атқарылды. Сонымен бірге, қазіргі таңда, Сайрам ауданынан қалаға өткен елді мекендердің көшелері зерттеліп, инженерлік коммуникация желілері (су, газ, электр жарығы) жүргізілген көшелерге жобалық сметалық құжаттар немесе орташа жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттар әзірленуде.
 Абубәкір Қараходжаев,  «Забадам» елдімекені, орам басқарушысы:
Сұрақ: – №13 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп берсеңіздер, 40 жылдан бері ремонт жүргізілмеген.
Жауап: – №13 жалпы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау сметалық құжаты дайындалған, 2016 жылы бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.