Қауiп-қатерлер бiрлесе күш-жiгер жұмсауды қажет етедi

Пятница, 17 Июль 2015 04:58 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3427 раз

Ақпарат құралдары жария еткен мәліметтерге қарағанда 2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан Сириядағы азаматтық соғыс салдарынан 230 мыңнан аса адам қаза болған. Тыныштығы бұзылып, берекесі кеткен елден өзге мемлекеттерге қашуға мәжбүр болған босқындар саны төрт миллионнан асқан.

D680D4F8-5C35-4998

Соңғы 10 ай ішінде Сириядан өзге елдерге миллион адам жер аударыпты. Қазіргі таңда 2 миллионнан астам сириялық босқын Мысыр, Ирак, Иордания мен Ливанда, тағы 1,7 млн адам Түркияда бас сауғалап жүр. 278 мыңнан астам сириялық Еуропа елдерінен баспана сұрауда. Ал өз үйлерін тастап кеткен 7,6 млн адам әлі де Сирия аумағынан шыға алмай жатқан көрінеді.
Әлемнің кей мемлекеттеріндегі тұрақсыз жағдайлар жөніндегі ақпараттардан хабардар болып отырып, еліміздегі тыныштыққа, бейбіт өмірдің нәтижесінде жақсарып жатқан экономикалық-әлеуметтік ахуалымызға тәуба дейміз. Әйтпесе, Украина, Армения, Грекия, Сирия, Йемен, Ливия және Ирактағы ахуал жұрттың алаңдаушылығын тудыруда. Палестина-Израиль қақтығысы да басылар емес. Әрекеті көбінесе әлемдегі ең бейбіт дін исламмен байланыстырылатын террористер де тоқтар емес. Деректерге жүгінсек, XXI ғасырдың басынан бері террористік шабуылдар құрбандарының саны 5 есе өсіп, 150 мың адамға жуықтапты. Бұл оқиғалардың 80%-ы Азия, Таяу Шығыс және Африка мемлекеттерінде орын алған. Бейбіт азаматтар мен елдерге қарсы қанқұйлы қылмыстардың 70 пайызға жуығын 4 ұйым –  Даиш, Боко Харам, Талибан және Әл-Каеда жасағаны мәлім болып отыр.
Қазіргі заманның осы сынды өткір мәселелерін шешу ісінде Қазақстан өзге елдермен өзара іс-қимылды жалғастыруға әзір. Бұл жөнінде жуырда Қазақстан Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мәлім етті. Терроризм – бүкіл әлемге, ең алдымен ұйымға мүше елдер өңіріне төнген қатер екеніне тоқталған Елбасы  бұл зұлымдықпен күрес жөніндегі дүниежүзілік желіні құру үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 жылдығының күн тәртібіне осы мәселені енгізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ШЫҰ-ның терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес бағдарламасы, Терроризммен күрес жөніндегі конвенцияның қабылдануы ортақ істің бастауына айналады деген үмітін білдірді. ШЫҰ ұйымына мүше мемлекеттер алдында тұрған терроризмді қаржыландыратын көздерді жою үшін халықаралық ынтымақтастық қажеттігі, терроршылардың қаражат-мүліктерін тауып, тоқтату мәселесінің заңдық тұрғыдан бекітілуі, сондай-ақ зорлықшыл экстремизмнің алдын алу бағытындағы әрекеттер жоспарын әзірлеу жөніндегі БҰҰ-ның күш-жігерін қолдау сынды бірқатар міндетті атап берді. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, экологиялық проблемалар, техногенді және табиғи апаттар салдарынан болатын гуманитарлық дағдарысқа жол бермес үшін ұйымға мүше мемлекеттерді осы саладағы ынтымақтастық жоспары жобасын әзірлеу жұмысына кірісуге шақырды.  Мемлекет басшысының пікірінше, ШЫҰ қатаң түрде ашықтық қағидатын ұстанып, өзінің тартымдылығын сақтауға тиіс, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран және Түркияның ұйымда белсене жұмыс жасау ниетін қолдауы керек.
Сондай-ақ, тұрақтылық, экономикалық қарым-қатынас, көпполярлы әлемнің қалыптасуы, жаһандық сын-қатерлер мен қауіптер, елдер мен өңірлердің өзара тәуелділігінің артуы Уфада өткен БРИКС ұйымының саммитінде де талқыланды. Осы басқосуда сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту, өңірлік интеграцияны нығайту, көлік байланыстарының әлемдік жүйесіне кіру елдердің болашақ дамуының негізін құрайтынына назар аударды. Өңірлік ынтымақтастықты дамыту мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың басымдығы бар бағыттарының бірі ретінде аталды. «Қазіргі үрдістер жағдайында ЕАЭО Батыс пен Шығыс арасындағы бір-бірін өзара толықтыратын ынтымақтастықтың дамуының жаңа кезеңі ретінде Ұлы Жібек жолын жаңғырту үдерісіндегі негізгі буынға айналып келеді. ШЫҰ-да сенімсіздікті еңсерудегі қуатты серпінге айналды. Қысқа уақыт ішінде «Шанхай рухы» жаңа Еуразияның символына айналды. Қазірдің өзінде ЕАЭО мен ШЫҰ арасындағы қызу диалог алдағы трансқұрлықтық тығыз ынтымақтастықтың басталуына оңтайлы негіз қалауда. ЕАЭО-ШЫҰС көлденең көлік артериясы мен БРИКС тік көлік артериясының қосылуы сауданың күрт өсуіне ықпал ете алады. Болашақта оны біздің аумағымыздағы ортақ бірлестік және ортақ еркін аймақ ретінде қарастыруға болады», – деді Н.Назарбаев.
Орталық Азияны әлемдік коммуникация жүйесінің маңызды буынына айналдыру Қазақстан аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі учаскесін салуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі таңда оның 3000 шақырымының, сондай-ақ 1000 шақырымдық Қытай – Каспий теңізі – Парсы шығанағы теміржолының және 950 шақырымдық Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол дәлізінің құрылысы аяқталуға таяу. Бұл көлік артериялары Азияны, Еуропаны, Кавказды және Таяу Шығыс елдерін өзара байланыстыратын болады. Сары теңіздегі Ляньюнган портында Қазақстанның терминалының ашылуы да маңызды жетістік.  Оны іске қосу арқылы Азия – Тынық мұхит өңірі мен Қазақстан арасындағы жүк ағыны мөлшерін 80% ұлғайту мүмкін болып отыр. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесі платформасында құрылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының өзегіне, ал кейін бүкіл Орталық Азия өңірінің қаржылық хабына айналуына әкелмек. Бұл орайда Қазақстан Президенті инвестициялық-қаржылық ахуалды жақсарту бағытындағы бірлескен шараларды үйлестіру мүмкіндігін Инфрақұрылымдық инвестициялардың Азия банкі, Еуразия даму банкі және БРИКС даму банкі аясында қарастырған жөн деп санайтынын мәлім етті.
Жалпы ұйымға мүше елдердің басшылары қазіргі таңда туындаған қауіп-қатерлер бірлесе күш-жігер жұмсауды қажет ететінін мәлімдеп отыр. Сондай-ақ,  ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдау елдер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына айтарлықтай ықпал ететіні, бұл бағдарламалық құжатта саяси және экономикалық салалардағы әріптестіктің болашағы ғана емес, экономикалық қауіпсіздікті және су тапшылығын болдырмау секілді де мәселелерді де шешу жолдары қарастырылатыны айтылды. ШЫҰ-ның қауіпсіздікті, тұрақтылықты, орнықты дамуды қамтамасыз етудегі рөлінің артқаны және ұйымға мүше болуға ниеттенген елдер санының арта түскені де көп жәйтті аңғартады.

Последнее изменение Пятница, 17 Июль 2015 07:44
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.