Оңтүстіктен 100 ерікті қатысады Избранное

Среда, 15 Февраль 2017 04:52 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4372 раз

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев биыл Астанада ұйымдастырылатын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушы ерікті жастармен кездесті.

content img 2

Көрмеге өңірімізден арнайы іріктеуден сәтті өткен 100 ерікті қатысады. Жиында көрмеге дайындық барысы туралы баяндама жасаған облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Сейітжаппаров халықаралық шара басталғанға дейін еріктілердің сан түрлі білімін шыңдап, пысықтау жұмыстары жүргізілетінін айтты. Атап айтқанда, арнайы мамандар Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік саласы аясында бір ай көлемінде 80 сағат семинар-тренинг өткізеді.

Жиында шара кезінде облысымызға келетін шетелдік туристерді күтіп алып, өңірмен таныстыру мақсатында да аймақтың барлық аудандарында еріктілер жасағы құрылып, осы жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында Шымкент қаласы мен облыстың туристік-мәдени кешендерінде («Rixos Khadisha» қонақүйі, «Шымкент Плаза» ойын-сауық орталығы, Арыстан баб және Қ.А.Яссауи кесенесі және т.б.) ерікті жастар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы ақпараттың халыққа кеңінен насихатталатыны айтылды. Бұдан бөлек, отырыста ерікті жастардың жетекшісі Ботагөз Ізтілеуова дайындық барысы туралы баяндап, кезігіп жатқан өзекті мәселелерге тоқталды. Ал бірқатар волонтерлар шет тілдерінде өз ойларын жеткізіп, аймақ басшысымен пікірлесті. 

Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы ерікті жастардың бұл жұмыстары еліміз үшін өте маңызды екеніне тоқталып, шетелдік қонақтарға тиісті деңгейде қызмет ету қажеттігін айтты. Еске сала кетсек, биылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін шарада шетелден келген қонақтарға гид-экскурсоводтық қызмет көрсетуге 3 мыңдай ерікті жұмылдырылмақ. Олардың 1500-і Астана қаласынан болса, 100-і ОҚО-дан, ал қалғандары басқа өңірлерден.