Дiни ұйымдардың шарғи және саяси-құқықтық қателiктерi

Пятница, 06 Февраль 2015 05:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5493 раз

«Хизб-ут-тахрир» партиясы

Мұсылман бауырлар!

Ислам дiні мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигiзiп жүрген ұйымдардың бiрi – «Хизбут-Тахрир» партиясы. Арабша «Хизб» – ұйым, партия, ал «тахрир» – азаттық деген мағынаны бiлдiредi. «Хизбут-Тахрир» партиясының негiзiн Таки-ад-Дин Набахани (1908-1977) 1953 жылы Палестинада, Шығыс Иерусалимде қалаған.  
«Хизб-ут-тахрир» партиясының бастапқы бірқатар шарғи және саяси-құқықтық қателіктері мыналар.
«Хизб-ут-тахрир-әл-исламии» делінген атау Ислам дінінің мәніне еш сәйкес келмейді. Бұл шарғи әрі саяси қателігі болып табылады.  
Осы партияның «13 жылда халифат құрамыз» деген мақсаты шарғи әрі саяси қателікке жатады.
Бұл партия бүгінде өмір сүріп жатқан 1,5 миллиард мұсылманның, кейбір ислами елдерінің және халқы мұсылман болған мемлекеттердің еркінен тыс және олардың еркі мен мүдделеріне қарсы іс-әрекеттер жасап келеді. Яғни бұл фактор Ислам дінінің табиғатына қайшы келеді.  
Бүгінде 40 мемлекет аумағында іс-әрекет етіп жүрген «Хизб-ут-тахрир» партиясы, оның басым көпшілігінде бұл партияның қызметіне заңмен тыйым салынған. Оның басым көпшілігі ислам елдері және халқы мұсылман болған мемлекеттер болып табылады. Ендеше неге осы партияға тыйым салынған? деген заңды сауал туындайды. Бұл ретте, шарғи негіздермен тыйым салудан бөлек (ислам елдерінде) және саяси-құқықтық тұрғыда заңды тыйым салу негіздері бар (халқы мұсылман болған зайырлы мемлекеттерде).
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Конституциясының 5-бабының 4-тармағында «Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді» делінген. Демек, барлық шетелдік саяси партия қызметіне тыйым салынады. Ал, «Хизб-ут-тахрир» партиясы өздерін саяси ұйым деп есептейді. Бұл ретте, айтар жайт, осы конституция нормасы «Хизб-ут-тахрир» партиясының қызметіне заңды түрде тыйым салынған Астана қалалық сот шешіміне (28.03.2005) дейін де бар еді. Ендеше осы партия мүшелері осы ата заңның талабын орындамай, тиісті заңға қайшы іс-әрекеттер жасаған соң олардың заңсыз іс-әрекеттерін дәлелдейтін нақты дәлелдемелерді жинау, зерделеу және бағалаудың нәтижесінде жоғарыда аталған соттың қарамағында аталған ұйымның мәселесі қаралып, соныңда сот шешімі бойынша оның қызметіне тыйым салынған. Мұндай тыйым салу барлық мемлекеттерге тән нәрсе әрі мүдде болып табылады. Тіпті аталған партияның құрғысы келетін халифат мемлекетінде де өзге мемлекеттердің саяси партияларының қызметіне тыйым салу қажеттілік болады. Өйткені, өзге мемлекеттің саяси партиясы белгілі бір мемлекет ішінде қызмет етуі еш негізсіз әрі қисынсыз болады.  

Мұсылман бауырлар!

«Хизб-ут-тахрир» партиясы өздерінің құрылуының негізгі себебін Құран Кәрімдегі Әли Имран сүресінің 104-аятымен тікелей байланыстырады. Бұл аяттың мағынасына үңілсек. «Сендерден жақсылықа шақыратын, сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар». Осы аяттың араб тіліндегі мәтінінде «бір топ» деген сөзді білдіретін «умматун» деген сөз қамтылған. Құран Кәрімнің жалпы мазмұнын алғанда бұл сөз 48 жерде кездеседі. Бұл сөз қазақ тілінде «үммет», «үмбет» делінген сөздермен қолданылады. Осы орайда, «Умматун» деген сөз тілдік мағынасы бойынша «жұртшылық», «қауым», «бір топ» деген сөздермен өзара мағыналас келеді. Ал енді шарғи тұрғыдан аталған ұғым «мұсылман үмметі», «Мұхаммед пайғамбардың үмбеті» деген мағынада қолданылады. Мұндай атау Құран Кәрім, Сүннет (Оның ішінде хадистермен) делінген шариғаттың негізгі қайнар көздері және «Ижмағ умма» (Әр ғасырдың Ислам дініндегі ғұламалардың ұжымдық келісімі) деген шариғаттың қайнар көзімен нақты дәлелденеді. Шарғи ұғым ретінде «Әһлі Сунна уал жамағат» деген атау қолданылады. Бұл атаудың шығуына Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бір хадисі себеп болса керек. Ұлық Пайғамбарымыз: «Яһудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жаннатқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», – дейді. Қасында тұрған сахабалардың біреуі: «Расулуллаһ! Жаннатқа баратын топ қайсысы?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Менің және асхабымның жүрген жолымен жүргендер», – деп жауап береді (Әбу Дәуіт, Суннат 1, Ибн Мажа, Фитан 17).  Әрине, әһли сунна уал жамағат сенімі Құран және хадиске негізделеді. Әлһи сунна уал жамағат құрамына: ханафи, малики, шафиғи және ханбали мәзһабтары кіреді. Аталған терминнің мағынасы: Пайғамбар (с.ғ.с.) және оның сахабаларының жолы деген мағынаны нақты білдіреді. Бұл атаудың Құран және хадиске сүйеніп нақты қойылғаны мәлім. Себебі, Құран Кәрімдегі Юсуф сүресінің 108-аятында: «(Мұхаммед (ғ.с.) Менің жолым осы. Алла жаққа шақырамын. Мен және маған ергендер ашық дәлел үстінде...» деп жазылған. Сонымен қатар бір хадисте (Тирмизи, Хаким, Ибн Мажаһ деп аталған хадис жинақтарында) «Менің және менен кейінгі тура жолдағы орынбасарларым сүннетіне берік болыңдар» деп айтылған. Демек, осы жоғарыда тілге тиек етілген Әли Имран сүресіндегі «умматун» деген сөзді тәпсір саласының ғалымдары (сахабалар, табиғиндер және содан кейін төрт мазһаб мүжтаһидтері) «Әһлі Сунна уал жамағат» деп түсінгендігіне және бір ауыздан бекіткендігіне дәлелдер жеткілікті.

Мұсылман бауырлар!

 Қазақстан Республикасының дін саласындағы саясаты заңды сипат алған. Қазақстан Республикасының халқы дінаралық және дінішілік татулықта өмір сүріп келеді. Яғни кез келген Қазақстан Республикасының азаматы, шетел азаматы және азаматтығы жоқ жеке тұлға өзінің діни құлшылық етуіне және оларды жүзеге асырылуына ешқандай да тыйым салынбаған. Сондықтан осы мүмкіншілікті тиімді пайдалану дәстүрлі дінге сенуші азаматтың құқығы мен бостандығы болып табылады.
Сонымен, жалпы қорыта айтқанда «Хизб-ут-тахрир» партиясы өздерінің құрылуының негізгі себебін Құран Кәрімдегі Әли Имран сүресінің 104-аятымен байланыстыруы негізсіз болып келеді. Өйткені, аталған партияның идеологиялық базасының негізгі мазмұны, шамамен алғанда, 95 % саяси мазмұнға жатады. Қалған 5 % діни сипатта жазылғанымен, Құран аяттары мен хадистер идеологиялық құрал ретінде пайдаланылған. Яғни бұл ретте аяттар мен хадистер идеологиялық негіз бола алмайды. Осы орайда, аяттар мен хадистерді идеологиялық құрал ретінде пайдаланғандығын дәлелдейтін нәрсе, жоғарыда айтылған идеологиялық базаның 95 % саяси мазмұны. Бұл мазмұнды «Хизбут-Тахрир» партиясының негiзiн салушы Таки-ад-Дин Набахани мен оның көзқарасын ұстанған идеологтарының сөздері мен пікірлері құрайды. Ал, Әһлі Сунна уал жамағат ғалымдарының еңбектерін оқысаңыз, шамамен олардың 95 % діни мазмұнда, қалған 5 % діни сипатта жазылады. Демек, бұл ғалымдардың діни, ғылыми, моральдық және өзге дәстүрлі құндылықтардың нормасын ұстанған. Өйткені, олардың жалпы болмысы, ілімі, білімі, ғылымы және мінез-құлқы, әсіресе ақидасы (сенімі, идеологиясы, көзқарасы және дүниетанымы) Ислам дінінің негіздері мен қағидаларына сәйкес қалыптасқан деп айтуға болады. Ал енді «Хизбут-Тахрир» партиясының негiзiн салушы Таки-ад-Дин Набахани мен оның көзқарасын ұстанған идеологтарында діни мазмұндағы ақида емес, саяси ақида қалыптасқан. Сондықтан осындай мәселеге әрбір мұсылман жіті назар салуы тиіс. 

«Таблиғи жамағат» ұйымы

Мұсылман бауырлар!

Сарапшылардың зерттеуінше, «Таблиғи жамағат» деген атау «дін тарату қоғамы» деген мағынаны білдіреді.
Бұл ұйым 1920 жылы Үндістанда құрылған. Олардың мақсаты – «ислам дініне тың серпін беріп, оның ықпалын арттыру». Ұйым мүшелері негізінен миссионерлік бағытта жұмыс жасауға күш салады. Олар әу бастан саясатқа араласпай, бар күштерін мұсылмандардың діни сенімін күшейтуге арнайды.
Азия елдерінде құрамында 10-12 адамы, басқа елдерде 3-5 адамы бар шағын топтарды жасақтау арқылы «Таблиғи жамағат» өкілдері әлемнің барлық бөлігінде дін таратуға тырысады. Арнайы дайындалған уағызшылар насихат жұмыстарын екі тараптан жүргізеді. Олардың бір тобы мешіттерде уағыз жүргізсе, екінішісі ауыл-аймақты аралап, үйлерге кіріп уағыз айтады.
 «Таблиғи жамағат» – қатаң тәртіпке негізделген ұйым. Ұйым мүшелері басшыларына (өздері «әмір» деп атайды) қатаң бағынудың арқасында кәсіби уағызшы болып қалыптасады. Ұйымның белсенді мүшелері жыл сайын бір жылдың 40 күнін дінге арнауы тиіс. Олар айдың үш күнін, аптаның екі күнін және тәуліктің екі сағатын да дін ісіне арнауға міндетті.
Бүгінде Қазақстан Республикасындағы діни білім беру жүйесі қалыптасқан деп айтуға болады. Өйткені, ҚМДБ-ның 9 орта арнаулы медреселер қызмет етеді. Аталған оқу орындары өздерінің лицензияларын ҚР Білім және ғылым министрлігінен алып жұмыс жасайды. Сонымен бірге «Нұр мүбәрак» Ислам университеті көптеген жылдары бірден бір жоғары оқу орны ретінде өзінің қызметін атқаруда. Демек, еліміздің дін саласында қызмет ететін кәсіби мамандарды аталған оқу орындары дайындайды. Ал енді халықтың діни сауатын ашуға арналған діни сауат ашу курстары еліміздегі көптеген мешіттердің жанынан ашылып қызмет етуде. Сондықтан бүгінде «Таблиғи жамағат» ағымының дағуатына Қазақстан Республикасы мен әлемнің көптеген елдерінде мұқтаждық пен қажеттілік жоқ. Себебі, қазір жалпы халықтың сауаты бар. Яғни арабша оқи алмаса да, қазақ тілінде және өзге тілдердегі діни мазмұндағы әдебиеттерді оқи алады. Сонымен бірге осы тәріздес діни әдебиеттер мен материалдарды ғаламтор желісінен, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып білуге, аудио-видео материалдарды тыңдауға мүмкіншіліктер де жеткілікті. Осы орайда, таблиғшылар деп жүргендердің тұла бойында «бізден басқа ешкім ислам дінін таратып жүрген жоқ» деп тоқмейілісіп жүрген пиғылы байқалады.  
Мұсылман бауырлар!
Арабша «таблиғ» сөзі мағынасы «жеткізу, хабарландыру, ескерту» деген мағыналарды білдіреді. «Таблиғ» жамағаты өздерінің осылай аталу себебін «Сахих Әл-Бұхари» атты хадис кітабындағы Абдұлла ибн Ұмару (р.а.) келтірген хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер»!- деген сөзімен тікелей байланыстырады. Хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «жеткізіңдер», яғни «таблиғ жасаңдар», – деп әмір еткен. Ендеше, Аллаға шақырушы әрбір адам «мүбәллиғ» – «жеткізуші» болып табылады. Міне осыдан біздің жамағатымыз «таблиғ жамағаты», яғни «аяттарды жеткізушілердің жамағаты» деп аталады. Осы атаудың өзі негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзінде бар болғандықтан ешқашан бидғат болып саналмайды», – деп өз уәждерін айтып жатады. Бір қарағанда олардың бұл уәждері қисынды сияқты көрінеді, алайда нақты зерделеп қарағанда олардың шикі тұстары бар екендігі мәлім болады.
«Таблиғи жамағат» ағымының мынадай шарғи тұрғыдан қателіктері бар.
1. Жалпы көпшілікке таблиғ (дінді жеткізу) жасау пайғамбарлар мен ғұламалардың және өз заманындағы жеткілікті діни білім иелерінің (яғни мешіт имамдары) міндеті болып табылады. Бұл ретте өз алдына бөлек ағым ретінде аталған міндетті өз бетінше атқаруға құқығы жоқ.    
2. Таблиғи жамағат өздерінің құрылуы негіздері мен себептерін Құран Кәрімдегі Әли Имран сүресінің 104-аятын негіз етіп алуы шариғат негіздері бойынша дұрыс емес. Себебі, бұл аяттағы «бір топ» дегенде ғұламалар тобы (мазһаб басшылары, ғалымдары) түсініледі. «Әмр мағруф» деген сөз тіркесі дұрыстыққа шақыру, қосу, әмір беру (мазһаб басшылары, ғалымдары) және «әмр мункар» деген сөз тіркесінен бұрыстықтан тосу, яғни күнә істерден және жат қылықтардан тыю деген мағыналар шығады. Демек, мұндай өте жауапты міндет тек мазһаб басшылары мен өз заманындағы ғалымдар ғана атқара алады. Осы ретте, аталған ағымның ұстанымы «Хизб-ут-тахрир» діни экстремистік ұйымына ұқсас келеді. Өйткені, аталған ұйым өздерінің құрылу негіздерін жоғарыдағы аятпен байланыстырады.
Ал, «Таблиғи жамағат» ағымының негізгі саяси-құқықтық қателіктері мынадай мазмұнда болады.
Саясатпен еш айналыспаймыз, заңға мойынұсынамыз және имамдарға қарсы шықпаймыз деп айтқанымен, мемлекеттік тіркеуден өтпейді. Яғни заң талаптарын орындамайды және орындамай келді.
Қазақстан Республикасында аталған ағымның мүшелері ҚР заңнамасы нормаларын, әсіресе ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің нормаларын бұзу бойынша құқықтық жауаптылыққа тартылған болатын. Тіпті ағымның кейбір мүшелерінің қайталап заң бұзған фактілері кездеседі. Бұл іс-әрекеттер өздерінің болмысын қоғам мен мемлекет алдында жағымсыз түрде көрсетеді.      
 Мұсылман бауырлар! Мұндай шарғи негізі жоқ және құқық бұзушылық көрінісі бар іс-әрекеттерден аулақ болайық!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.