«Зағиптар жайлы киноға түскiм келедi»

Пятница, 13 Февраль 2015 04:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5527 раз

Тағдыр-тәңірінің маңдайына жазғаны шығар, ол 29 жасында ешқандай себеп-салдарсыз қос жанарынан айырылып, зағиптар қатарына қосылды. Содан бергі 25 жыл өмірінде мүгедекпін деп ешкімге масыл болған емес. Керісінше, біреуге салмақ салмай, өз несібесін адал еңбектен тауып келеді. Ол деп отырғанымыз, 53 жастағы шымкенттік зағип жан Жұманәлі Сыздықов. Бүгінде бір шаңырақтың сүйікті отағасы болып отырған ол «Еңбек етсең ерінбей...» дегенді екі сөзінің бірінде қайталап, ұл-қыздарының құлағына құйып отырады.

«Шебердi қолы асырайды»

DSC 0492Фототілші екеуміз Жұманәлі ағамен жүздесіп, әңгімелесу үшін «Наурыз» шағынауданындағы шаңырағына арнайы іздеп барғанбыз. Межелі уақытта ол есік аузында бізді өзі қарсы алып, сезімтал саусақтарымен қабырғаны жағалай үйге бастап кірді. Сұхбаттасу кезінде байқағанымыз, өмірге құштар азаматтың әрбір қимылы ширақ, сөз саптасы да шымыр көрінді. Тіпті әңгіме арасында әзілдеп, тағдыр соққысына тап болған кездерін күрсініп емес, күле отырып баяндағанына таңдандық.
Жұманәлі Сыздықовтың айтуынша, 1993 жылы екі көзінен айырылған соң дертіне шипа іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Еліміз бен Орта Азияны былай қойғанда сонау Германияға, Түркия мен Ресейге, Одессаға сапарлап, тәжірибелі дәрігерлерге қаралған. Бірақ ешқайсысы нақты диагноз қоя алмапты. Тіпті Болгарияға барып, әйгілі көріпкел Ванганың қабылдауында болыпты. Көріпкелдің: «Сенің ауруыңның емі жоқ. Бұл жаратушының басқа салған сынағы. Қиындыққа көндігуіңе тура келеді», деген жауабынан соң алдағы кезіккен ауыртпашылықтарға мойымай, өзінше күресуге бел буады.
– Еліміз егемендігін жариялаған алғашқы жылдары өте ауыр кезең еді, – деп еске алады Жұманәлі аға өткен өмірін. – Мүгедек түгілі, аяқ-қолы сау жандардың өзіне жұмыс табу қиын, зейнетақыдан басқа кіріс көзі жоқ, қатты қиналып, ширығып жүрген кезім. Бір күні келіншегім екеуміз көшеде келе жатып, кезекте тұрған адамдарға тап болдық. Байқасақ, кезек күткен жұртшылық тоңазытқыш жөндетуге келіпті. Бірақ, қаншама адам жалғыз ұстаны күтіп отыр екен. Сол сәтте «маған неге тоңазытқыш жөндемеске?» деген ой келді. Содан үйге келдім де, істеп тұрған тоңазытқышымды бұздым да тастадым. Оның бәрін ретімен қайта жинадым. Әр бұзған-жинаған сайын әр тетіктің қалай орналасқанын мұқият үйренумен болдым. Әбден үйренгенімше бес-алты рет бұзып, сөйтіп, тоңазытқыш жөндеуді жақсылап меңгеріп алдым. Уақыт өте келе жұрттың бұзылған тоңазытқыштарын жөндей бастадым.

Өмiр үйретедi, еңбек ширатады

DSC 05341999 жылы Түркістан қаласынан Шымкентке көшіп келген Жұманәлі Сыздықов тоңазытқыш жөндеу жұмыстарын жалғастырады. Кейінірек массажист, автокөлік жөндеуші болып та еңбек еткен.
– Шымкентке алғаш көшіп келгенімізде басымызда баспана да болмады. Бір «Москвичім» ғана бар еді. Келіншегім, екі балам бар, отбасымды асырауым керек. «Мәжбүрлік – мың өнердің анасы» деген, осы жерде Түркістанда тоңазытқыш жөндеуді үйренген өнерім кәдеге жарады. Бұл жұмысқа өзіммен бірге келіншегім мен таныс шопыр досым да көмектесті. Жүргізуішінің міндеті – жолдың бағытын анықтап отыру болса, әйелімнің міндеті – тоңазытқыштың қаңқасы жарай ма, жарамай ма, соны білу. Ал, қалғаны – маған жүктелген міндет. Осылай ескі тоңазытқыштарды үйге әкеліп, тынбай жұмыс істедік. Соның арқасында қажетті қаражатты жиып, «Қайтпас-1» шағынауданынан баспана салып алдық.
Айтпақшы, сенімі мен өмірге деген құштарлығын сынаққа салған күндерде Жұманәлі аға Шымкенттегі көз аурулары емханасында Ақмаржан есімді бойжеткенмен көңіл қосып, шаңырақ құрады. Ол да еңбекқор жігітті жан-тәнімен түсініп, адал жүрегін ұсынады.
– Жұбайым екеуміз өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, қызық пен қиындықты бірге көтерісіп келеміз, – дейді Жұмекен ағаның жары Ақмаржан бізбен әңгімесінде. – Ол әр ісіне жауапкершілікпен қарайды, барлық қиындықтарды мойымай көтере білді. Ол маған берік қорған болса, 2 ұлымыз бен бір қызымызға асқар таудай пана бола білді. Мен оған тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін.
Шынында, әңгіме барысында байқағанымыздай, біздің кейіпкеріміз отбасы мүшелерін ештеңеден тарықтырып отырған жоқ. Құдайына қараған шаңырақ иесі қайырымдылық шараларына да атсалысып, өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп тұруды дағдыға айналдырған. «Еңбекке келгенде ештеңені намыс көрмедім. Қолымнан келгенше тырысып, адал еңбек етіп келемін. Тапқан дүниеме ешқашан мастанған емеспін. Керісінше, ай сайынғы табысымның 30 пайызын өзім секілді мүгедектерге беріп отырамын. Демеушілік жасаудағы мақсатым – мақтанқұмарлық емес. Өзім секілді мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекке деген үмітін ояту, сол кісілерді өз беттерімен әрекет жасауға үгіттеу», – дейді Ж. Сыздықов.

Екi арманым бар

Ерінбей еңбек етуден жалықпайтын Жұманәлі бүгінде үйге қажетті жиһаздар – үстелдер, шкафтар, орындықтар жасаумен айналысады. Өзі айтқандай, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатыр.
– Мүгедекпін деп қоғамнан алшақтап қалған емеспін, – дейді ол. – Қазір, құдайға шүкір, бақыттымын, өз отбасым, асыл жарым, мейірімді ұл-қыздарым бар. Мемлекеттен берілетін 33 мың теңге жәрдемақыны уақытылы алып тұрамын. Қоғамдық көліктерде тегін жүремін. Жалпы, ештеңеге мұқтаж емеспін деп айта аламын. Тек көкейімде екі арманым бар. Оның бірі – Шымкентке жақын жердегі өзен арнасының маңынан 5-6 гектар жер алып, сонда мал шаруашылығымен айналысқым келеді. Ол жерде құстың бірнеше түрлерін асырап, содан өнім алып, өзім секілді зағиптарға кәсіп тауып берсем деймін. Екінші арманым – зағиптар жайлы деректі фильмге түсу. Шынын айтсақ, елімізде мен сияқты зағиптар өте көп. Сол фильм арқылы мүгедектерді қоғамға қажетті азамат ретінде қалыптастырып, зағиптардың қолынан көп нәрсе келетінін шамам жеткенше түсіндірсем деймін.
Жұманәлі аға осылайша тебірене сөйледі. Сөзімен де, ісімен де көпке үлгі болып жүрген ол еліміздің ертеңіне үлкен үмітпен қарайды. «Еңбекке ықыласы мол жандар барда мемлекетіміз гүлденіп, кез келген кедергілерден өте алады» деп, жүрекжарды пікірін айтқан зағип жанның қайсарлығына ерекше тәнті болдық. Өр намыспен алға ұмтылған еңбекқор азаматтың әлі талай жетістіктерге қол жеткізетініне титтей де күмән келтірмейміз.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.