Қиындыққа мойымаған Мукарам

Пятница, 13 Февраль 2015 05:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3855 раз

Біздің кейіпкеріміз мүгедектік алғанға дейін қол қусырып, қарап отырмаған. Шамасы жететін жұмыстың барлығын атқарған. Асханада да еңбек еткен, вахтер де болған, шағын тігін цехында да іс тіккен. «Өзімнің қоғамға керек екенімді сезіну үшін кез келген жұмыстан аянбайтынмын. Қара жұмыс болса, оған да көндіктім», – дейді Мукарам Тұрысметова.

01782Туа бітті жүрек ақауы бар әйел денсаулығы сыр бергенше, тағдырға мойымады. Тұрмыс құрды, төрт бала сүйді. Мукарам апай 10 жылдан бері екінші топтағы мүгедектер қатарында. Алғашында таңның атысы, күннің батысы өзін қоярға жер таппай біраз қиналды. Еңбектеніп, қимылдап қалған адамға үйде отырудың қиын екені анық. Алайда, ауруы меңдеп, асқына бастағанда кеселдің алдында бас игендей болды. Бірақ, берілмеді.
– Мен жұмысқа жаяу баратынмын. Өзгелер секілді автобус күтіп тұрмайтын едім. Ауруым асқынған сайын жүріп-тұруым қиындап кетті. Ол аздай қант диабеті деген кесел қосылды. Бір жыл төсек тартып жаттым. Мүгедектерді оңалту орталығында бисерден әртүрлі бұйымдар жасауды үйрендім. Былғарыдан жасалған картиналарды көргенде қызықтым. Орталықта оны да жасаудың жолдарын көрдім. Үйге келген соң, интернеттен қарап, жасалу техникасын үйреніп алдым. Былғары етік мен күртеше секілді ескірген киімдерді таныстарымнан жинап, картина жасауға кірістім. Былғарыдан гүлдерді жасау өте қиын. Оның әрбір жапырағы мен сабағын қажетті пішінмен кесіп алып, күйдіремін. Оларды бояймын. Қажетті бөлшектердің барлығын жасап алған соң, құрастырып картина жасаймын, – дейді Мукарам Тұрысметова.
Мукарам апай былғарыдан жасайтын бір ғана туындысына айға жуық уақыт кететінін айтады. Нәтижесінде, көздің жауын алатын әдемі картина шығады. Оның қолынан шыққан туындылар Астана қаласындағы көрмелердің бірінде қойылған. Шебердің айтуынша, қызылды-жасылды гүлге көмкерілген картина Біріккен Араб Әмірлігіне де жол тартыпты.
Бисерден жасалған ағаштар жапырағы ерекше көз тартады. Тіпті, күздің кейпіндегі сары түске оранған ағашты байқамау мүмкін емес. Мукарам апай үшін оның алғашқы еңбегі құнды. Бисерден жасалған «өмір ағашы» үйінің ажарын кіргізіп тұр. Қазір квиллингпен де шұғылдануда. Бұл түрлі-түсті қағазды орау арқылы әдемі сурет шығару өнері. Мукарам апайдың үйінде керексіз зат жоқ. «Мен шығынсыз өндіріс орнымын», – деп әзілдейді.
Шебердің туындылары туралы хабардар болғандар көріп, сатып алуда екен. Осы ретте, көрме ұйымдастырып, туындыларын көпшілікке ұсынғысы келеді. Өйткені, еміне ақша қажет. Еңбектерін 5 мың теңгеден 30 мыңға дейін бағалап отыр. «Мен әлі де жаспын, ауру меңдемегенде үйде отырмас едім. Мүгедек екенмін деп мүмкіндігімді шектегім келмейді», – дейді өмірге құштар әйел.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.