Аштық пен соғыс куәгерлері

Пятница, 13 Февраль 2015 05:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4376 раз

3bda58b59dbf3b532da6e4fe52c14a4aҰлы Отан соғысының ардагері Смаилов Сүйін ата 20 ақпан күні 95 жасқа толады. Ол Қазығұрт ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген. Әскерге 1940 жылы шақырылып, Румыния, Болгария, Югославияда болған. Украинаның Донбасс қаласында басқыншыларға қарсы соғысқан. Ал, 1946 жылы елге оралып, жұрт қатары еңбектенді. 1980 жылы Шымкент қаласына отбасымен көшіп келіп, екі жылдан соң зейнетке шығады. Сүйін ақсақал «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін» медалімен, «Румынияны азат еткені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Сайрам ауданының «Құрметті азаматы».

DSC 0306Сүйін Смаилов отбасының ажарын ашып, балаларын мейірім шуағына бөлеген анасынан ерте айырылған. Ол дүние салғанда Сүйіннің ауру әкесіне де оңай болған жоқ. Отбасының бар ауыртпалығы қаршадай әпкесіне түсті. Ашаршылық пен соғысты көрген қарттың айтары көп болса да, көп нәрсені есіне түсіре алмады. Мүмкін, есіне алғысы да келмеген болар.
– Соғысқа аттанарда әкем үйде жалғыз қалмасын деп, таныстарымызға тапсырып кеттік. Немістер жеңіліп, бізден қашқан кезде бар техникасын тастай жөнелетін. Немістердің техникасы бізге қарағанда озық еді. Ал, біз оларды тамашалап, таңғалатынбыз. Жеңісті Германияның шекарасындағы бір стансада естіп, қуандық. Мұнан соң, тағы бір жыл әскерде қалып, туған жеріме қайттым. Көп нәрсені ұмытып қалыппын. 70 жылдан астам уақыт бұрын болған соғыстағы оқиғаларды есіме ала бермеймін. Керек десеңіз, шөберелерімді айтпағанда немерелерімнің аты-жөндерін шатастырып ала беремін немесе тіптен ұмытып кетемін, – дейді Сүйін ата. – Біз ашаршылықты да көрдік қой. Елдің қарны енді тояйын деген кезде немістер бізге қарсы соғыс ашты. Бізде жастық шақ болмады. Тойып тамақ ішпедік. Аштық басталғанда менің жасым 11-де еді. Екі жас үлкендігі бар әпкем екеуіміз колхоздың еккен мақтасын шаптық. Терім уақыты келгенде оны да жинастық. Еңбегіміз үшін ай сайын 5 келі ұн беретін. Одан быламық қайнатып жеуші едік, – дейді Сүйін қарт.
Соғыстан соң еліне оралған Сүйін Смаилов Қазығұрт ауданындағы Ақбұлақ колхозында жұмыс істеген. Білім алмағанына өкінеді. Ол заманда оқымақ түгілі, тамағыңды әрең тауып жейтін аласапыран уақыт болғанын айтты. Ал, 1947 жылы Зейне есімді қызбен шаңырақ көтереді. Әскери киімімен қызбен танысуға барады. Сол күні-ақ Зейнені ұнатып қалыпты. «Әкесі мен шешесі жақсы адамдар еді» деп есіне алды. Ата-анасының рұқсаты мен батасын алған соң, сол күні-ақ үйіне алып қайтқан. Содан қиындықтың барлығын бірге еңсерді. Ал, 1981 жылы атаның жұбайы қайтыс болды. Екеуі 3 ұл, 1 қыз сүйді. Өкінішке қарай, үлкен ұлы өмірден ерте өтті. Қазір 12 немере, 13 шөбересі бар. Немересінің ең үлкені 30 жаста болса, шөбересінің ең кішісі 1-де.
Келіні Мейрамкүл Пернебаева осы үйдің табалдырығын аттағалы бері үй шаруасында. Атаға қарау үшін жұмысқа шығу ниеті де болмаған. Келінінің айтуына қарағанда, Сүйін ата балаға да, немереге де өте қатал болған. Бойынан қуат кетіп, қартайған шағында да немерелері атадан именеді. «Түнде ауладан аттап бастырмайтын. Біз күндіз көшеге шығу үшін атадан рұқсат сұрайтынбыз. Дискотека, туған күн кештеріне бару атамыздың тарапынан мақұлданбайтын. Егер рұқсатсыз көшеге шығып бара жатсақ, тиісті жазамызды алатынбыз. Есті баланың қаңғырмай, үйде отырып, білімді болу қажеттігін көп айтатын. Атамыз сұсты болғандықтан, біз оған еркелей алмадық. Оның қаталдығы пайдасын тигізбесе, зиянын көргеніміз жоқ. 90 жасқа келгенше намаз оқып, бізді де тура жолмен жүруге үйретті. Арақ ішпеу керектігін көптеп айтып отырады», – дейді немересі Ержан.
Сүйін ата егіз ұлдарының бірі – Үсеннің шаңырағында тұрады. Ол отбасында немерелері мен келіндерін қосқанда қазір 15 жан бар. Барлығы үшін бір үйдің іші тарлық етеді. Сондықтан, Сүйін ақсақал үй алу үшін кезекке тұрған. Ал, ата болса кетерімізде «ашаршылық пен соғыс болмасын!» деп бізге батасын берді.

Последнее изменение Пятница, 13 Февраль 2015 10:46
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.