«Дабыл түймесi» – ардагерге қолғанат

Пятница, 20 Февраль 2015 06:10 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5617 раз

Шымкентте соғыс ардагерлеріне «дабыл түймесі» табыс етілді. Майдангерлер мобильді құрылғы арқылы төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, көмекке шақыра алады.

256666Республикалық ардагерлер кеңесі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арасында құрылған өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес, «Өмір желісі» акциясын жүзеге асыру қолға алынған.  
Облыстық ардагерлер үйінде берілген бұл құрылғы ардагерге кез келген уақытта шұғыл көмек көрсетеді. Денсаулығына байланысты немесе өзге де төтенше жағдайлар орын алған кезде, телефонның сыртында «sos» деп жазылған нүктені үш секунд  басып, көмек орталығына дабыл жібере алады. Сол арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін «Өмір желісіне» хабар беріледі. Дабыл арнайы орталықтарға түсісімен, ардагер туралы барлық мәлімет мониторда пайда болады.
Қолына «дабыл түймесі» тиген Айтжан Бекназар ата мұны мемлекет тарапынан ардагерлерге жасалған қамқорлық деп біледі.  
– Бізге бүгін дабыл түймесін берді. Бұл мемлекеттің бізге жасаған қамқорлығы деп түсінемін. Қандай қызмет керек болса, телефон түймесін басып, шақыра аламыз, – дейді ақсақал.
Мұндай телефондарды өткен жылдан бері Астана мен Алматы қалаларының ардагерлері қолдануда. Бұл жобаның жалпы құны – 600 миллион теңге.  
 «Өмір жолы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ернар Нұрбековтің айтуынша, ардагерлерге «дабыл түймесі» тегін таратылуда. Қоғамдық қордың әріптесі – «Билайн» желісі тегін тариф беріп отыр. Ардагерлер бір-бірімен тегін сөйлесе алады. Егер телефонда ақшасы таусылса, қызыл нүкте арқылы хабарласуға болады. Жоба 2014 жылдың мамыр айынан бері іске аса бастады. Сол уақыттан бері 376 аппарат таратылған, 80 рет жедел медициналық көмек шақырылып, үш ардагердің өмірін сақтап қалыпты. «Дабыл түймесі» 30 сәуірге дейін таратылмақ.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.