Әкеге хат

Пятница, 27 Март 2015 07:43 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5551 раз

(Сырласу)

1304429101Көке, білесіз бе, қазір өткен күндерге жиі көз жүгіртемін. Балалық шағымның әр бөлігі мен үшін ерекше естелікке толы. Қайта оралмас тәтті сәттерді, сағымға айналған сағынышты кездерді еске алып, оңашада ой құшағына бөленемін. Кейде үнсіздік әлеміне бет бұрып, мұңайып кетем...
Тәубә, қазір арамызда асқар тау болып отырған Өзіңіз барсыз. Көке, Сіз – біздің биік шыңымызсыз. Біз сізге әлі де жас баладай еркелеп, ақыл-кеңес сұраймыз.  
 Көке, мен алаңсыз асыр салып ойнаған балалығымды ғана емес, жаныма жақын жандарым – аяулы атам мен ардақты апамды (әжемді), анам Ләйләні сағынамын. Олар күні кеше біздің ортамызда болды ғой. Кеше ғана атам мен апам өсиетін айтып, басынан ақ жаулығын тастамайтын анам мейіріміне бөлеп жүрді емес пе бізді?! Мына жарық дүние мәңгілік мекен емес екен ғой. Баяны да, байлауы жоқ өмірдің қас-қағым сәтте өте шығатынын білмей қалыппыз. Енді міне олар біз көрмеген алыс сапарға аттанып кетті... Біле білсек, бақыт дегеніміз – байлық пен мансап емес. Бақыт деген – шаңырағыңдағы қазыналы қарттар мен былдырлаған тәтті үнді бүлдіршіндердің күлкісі екен. Көке, арамызда ақылшы болып қарайып отырған өзіңізді қаншалықты бақытты ете алдық?! Сіз бөлеген мейірім-шуағының титтей бөлігін біз өзіңізге жасай алдық па? Осы мені ойландырады. Көке, менің сағынышқа толы хатым өткен күннің белгісіне айналары хақ. Біздің әулеттің ұл-қыздары әркез бабалар салған ізді өшірмей, аналар жаққан шырақты сөндірмей, адалдықты ту ететініне сенімім мол. Өйткені« біз Сіздер берген тәлім-тәрбиені балаларымыз бен немерелерімізге үйретіп келеміз. Ертең олар да ұяда көргенін ұрпағына үйрететіні анық. Тек Жаратқан ием, қауіп-қатер мен тіл-көзден сақтасын...
Шыққан шақта сеңгіріне сексеннің,
Өміріңнің өткелдерін өткердің.
Мақтан етер, сеніміңді ақтап өтер
Ұлағатты ұрпағыңа бек сенгін!

«Ұстаздар әлетi жалғасатын болды...»

10-сыныпты бітіретін жылы біздің мектепке жазушы Жұмабек Еділбаев келіп, оқушылармен кездесу өткізді. Осынау бір әсерлі кездесуден кейін қаламгерді үйге шақырып қонақ еттіңіздер.
Сұлу, дөңгелек жүзді жазушы қонағымыз төрге жайғасып, ұзын-сонар әңгіме айтып отырды. Азғантай кідірісте көкем: «Әкім, мына ағаңмен әңгімелесіп, шайын құйып бер. Мен біраздан соң келемін!», - деп, өзіңіз шаруамен шығып кеттіңіз. Жазушы ағаға шай құйып беріп отырмын. Менің бас-аяғыма барлай қараған қонақ: «Болашақта кім болмақ ойың бар?» – деп төтесінен сұрақ қойды. Мұндай тосын сұрақты күтпеген басым, бірден:
– Журналист болам, – дедім.
Тағы да үнсіздік орнады. Ол менің бас-аяғыма тағы да бір барлап қарады да:
– Журналист болам дедің бе? – деп жауабымды қайта қайталады.
– Иә.
 Сол сәтті пайдаланып, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға шыққан мақала, ақпарат, хабарларымды жинаған ақ папкімді көрсеттім. Ол кісі мұқият қарап шықты да:
– Әкім, шырағым, дарын-қабілетің болса, журналист болу онша қиын емес. Талабы бар адам игеріп кетеді. Сен мені тыңда, қарағым, мен де журналиспін, бірақ оқыған мамандығым – заңгер. Егер мен журналист мамандығын оқығанда заң саласын білмей, мақұрым қалар едім. Соның арқасында заң, милиция, құқық қорғау саласын жақсы білемін және бірнеше кітап жаздым. Сен де солай жаса! Жазу қабілетін саған құдай онсызда берген екен, оны оқып қайтесің? Одан басқа бір мамандықты таңда және ауылыңнан алыс кетпей Шымкентте оқы! – деді.
Жазушы қоштасар сәтте маған құқық қорғау, қылмыс тақырыптарында жазылған кітабын тарту етті. «Онда болашақ қаламгер-журналист Әкімге ізгі тілекпен ағасы» деген қолтаңба бар.
Кейін түсіндім. Мектеп бітірген соң журналист болу үшін Алматыға аттанғалы жүргенімді сезген Сіз мәртебелі мейман болған ағаны үйге әдейі шақырып, маған жол сілтетіп, өз ойын жазушыға осылай айтқызған екенсіз ғой. Осылай Сіздің ниетіңіз бен жазушы ағайдың ақылы түрткі болып, Шымкент қаласындағы педогогикалық институтына келіп, физика мамандығы бойынша оқуға тапсырдым. Сондағы Сіздің айтқаныңыз: «Ұстаздар әулеті жалғасатын болды!».

Атам салған iзгi жол...

Көке, жас күнімде мына бір аңызды оқып, көкейіме түйгенім бар еді. Балаларым әркез біліп жүрсін деп айтып отырамын. Сізге арнаған хатқа да жазайын, келер ұрпақтың кәдесіне жарар...
Ертеде бір адам әке атаныпты. Ол бар ниетімен баласына дұрыс тәрбие беруді ойлапты. «Ол үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап алу мақсатында бір ғұламаның алдына барыпты.
– Баламды қалай тәрбиелесем болады? Қатал болайын ба, жоқ, әлде мәдениетті болғаным дұрыс па?
Сонда ғұлама:
– Балаңды тәрбиелеу үшін өзің тәрбиелі болуың керек. Балаң сенің: «Өйтпе, бүйтпе», – деген сөзіңе емес, өзіңнің жүріс-тұрысыңа, сөйлеген сөзіңе, атқарған ісіңе қарап өседі деген екен.
Көке, өз басым аптасына екі рет сізбен сөйлесіп, жағдайыңызды білмесем, ішкен асым бойыма сіңбейді. Мен ғана емес, балаларым да Сіздің жағдайыңызды біліп, көңіл күйіңізді көтеруге тырысады. Өткенде ұлым Мұхтар өзі жұмыс жасап жүрген Вьетнам елінен Сізге хабарласып, Құрбан айтта құрбандық шалып, Құран оқытып, осынау қасиетті мерекемен құттықтаған екен. Сіз ерекше қуандыңыз. Байқаймын көке, осы Мұхтардың бойынан өз әулетіңізге тән бауырмалдық пен қарапайымдылықты көруге құмартатын сияқтысыз. Мұхтар немереңіз екені рас болса, Сізге тартпай қоймайды. Алаңдамаңыз!
Көке, жүрегімді мазалаған осы хатты жазудағы мақсатым – еңбек жолыңызды айтып мақтану емес, балаңыздың жүрек түкпірінде сіңіп жатқан шынайы сезімді ақ параққа түсіру еді. Кейде тіпті Сізді еш дүниеге теңестіре алмай әлек боламын. Өйткені, Сіз өзгеше жаратылған, өзгенің қамы үшін өмір кешкен, бойына сабырлық пен адамгершіліктің таусылмас қазынасын сақтаған, алып рухани қамба сияқты елестейсіз.
...Ауылдағы үйдің бақшасынан шығатын жалғыз аяқ соқпақ жол бар. Әр барған сайын сол жол көзіме ыстық көрінеді. Себебі сол соқпақпен атам екеуіңіз қызметке баратын едіңіздер. Кейін сол сүрлеуде, көке, екеуміз бірге жүретін болдық. Астанада да балаларыммен бірге мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын болғандықтан, ұлым Мұхтар, қыздарым Бақыт, Айжан да  жұмысымға бір жолмен бірге барып-келіп жүрдік. Балаларыммен жұмысқа бірге шыққан сайын ауылдағы үйден бастау алған сол соқпақ есіме түседі. Бұл – ата салған, әке жалғаған, ұрпағына жұғысты болған қасиетті жол, киелі сүрлеу деп білемін.

Менiң көкем – көркем адам

Көке, ұрпақтарыңыз Сізден үлгі алса, сіздей болуға тырысса, сіздің адамдық биік қасиеттеріңізді бойына сіңіріп өссе,  менің де тілегімнің қабыл болғаны. Мына мен сіздің тұла бойы тұңғыш ұлыңыз, суыңыздың тұнығы, отыңыздың шүйгіні тек сізге ұқсауға тырыстым, сіздей болуға талпындым. Бойымда жылт еткен жақсылықтың ұшқыны болса, ол сізден дарыды. Оның арғы жағында әрине, атамның абзал сүрлеуі жатыр. «Адам Отанды таңдамайды. Қай жерде тудың сол жер – Отаның. Адам ата-ананы таңдамайды. Кімнен тудың сол сенің ата-анаң», - деген ойлы сөз бар. Құдай маған сіздей әке бергені үшін тағдырыма мың мәрте алғыс айтамын.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру – әрбір  перзент үшін қасиетті борыш. Атамның көрсеткен өнегесі мен Сіздің үлгілі істеріңіз арқылы бойыма сіңірген тағылымды тәрбиені өз балаларым мен немерелеріме жеткізсем, мен – бақыттымын. Сіздер салған сүрлеу жолымызды жаңғыртып, биіктетіп, әрдайым жауапкершілікке бастайтынына көзім жетті.
Баласы бәйгеге шапса, ауылда тұрып тақымын қысатын әкеліктің, ата болудың жауапкершілігін бар жүрегіммен сезінетін мен, балаларымды, немерелерімді көркем мінезді етуге бар күшімді салып келем, олар сондай адам болуға міндетті. Өйткені, менің көкем, яғни, Сіз – көркем адамсыз!

***

«...Әке!» Неге екенін қайдам, осы құдіретті сөзді айтқан кезде жүрегім шымыр ете түседі.

Әкім Ысқақ
2015 жыл,
Астана қаласы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.