ЕРТЕ АНЫҚТАЛҒАН АУРУДЫ ЕМДЕУ ОҢАЙ Избранное

Среда, 22 Май 2024 04:56 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1272 раз

Ауырмау да, ауру тауып алу да – өз қолымызда. Денсаулық мықты болсын десек, барынша дұрыс жүріп-тұрғанға не жетсін?! Дұрыс тамақтану, жағымсыз әдеттерден аулақ болу, спортқа жақын болу көп жамандықтың алдын алады. Одан қалды өзін жақсы көретін, сыйлайтын адам дәрігерге уақтылы көрініп, аурудың алдын алуға тырысады. Ал, бүгінде дертті алдын-ала анықтайтын мүмкіндіктер өте көп. Соның бірі әрі бірегейі – скринингтік тәсіл.

Densaulik-1

 

КІМДІ ЖӘНЕ ҚАШАН?

Скрининг – ауруды, оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Ағзасын тексеру кезінде науқас сала мамандарынан кеңес алып, зертханалық талдаулардан өтеді. Шымкентте де емханалардың барлығында скринингтен өткізетін арнаулы кабинеттер бар. Емхананың скринингтік тексерістен өткізетін кабинетінде адамдар жыл сайын жасына қарай дәрігерлердің бақылауынан өтіп тұруы тиіс. Өкінішке қарай, бізде скрининг тұрғындарға емес, дәрігерлерге керек сияқты. Біздің жерлестердің тегін тексерілуге келуі қиындау. Дәрігерлер халықты скринингке қайта-қайта хабарласып жүріп шақыруға мәжбүр.

Densaulik-2


–Ағзада кездесетін қауіпті сырқатты алдын-ала тексеру 18-29 жас аралығында екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Ал, жүрек-қан тамыры аурулары мен қант диабеті, қан қысымының жоғарылығы, глаукома 18 бен 39 жас аралығында екі жылда бір рет жүргізіледі. Сондай-ақ, асқазан, ішек, бүйрек ауруларына 18-70 жас аралығындағы адамдар жыл сайын шақыртылып отырады. Гипертониялық артериалды қан қысымын, жүрек талмасын, қант диабетін, көздің глаукома ауруларының алдын алуда скринингтің пайдасы өте зор. Біз бұл сырқаттарға байланысты 40-70 жас аралығындағы азаматтарды екі жылда бір рет тексеруден өткізіп тұрамыз, – дейді Шымкент қаласы онкологиялық диспансерлік орталығының бас дәрігері Жақсылық Мәуленов.
Шымкент қаласының тұрғыны Рамиля Сансызбаева өзінің басынан өткен оқиғасын айтып, көпшілікке скринингтің қандай түрінен де еш қысылмай, уақытында өтуге шақырады.
–ФГДС-тен (фиброгастродуоденоскопия – өңеш, асқазан және он екі елі ішекті шланг жұту арқылы тексеру әдісі) өтуге қатты қобалжып жүрдім. Өйткені алғаш рет 17 жасымда шланг жұта алмай, қатты қиналғанмын. Бірақ дәрігер мені жеке қабылдап, бәрін түсіндірді. Дәрігер эндоскоптың көмегімен компьютер экранында ағзаның жағдайын көруге, қабынуды, эрозияны, жараларды, қатерлі, қатерлі емес түзілімдерді және басқа да дерттерді анықтауға болатынын түсіндірді. Сөйтіп, диагностикалық тексеру нәтижесінде асқазанымнан созылмалы гастрит, ұйқы безінің қабынуы сияқты дерт анықталып, қазір емделіп жүрмін, – дейді Р. Сансызбаева.
Мамандардың айтуынша, әйелдер үшін скринингте жатыр мойны мен сүт безінің қатерлі ісігін дер кезінде, яғни бірінші сатысында анықтау аса маңыз¬ды. Сондықтан 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер осы негізде скринингтен екі жылда бір рет міндетті түрде өтіп тұруы керек. Скрининг ауылдық жерлерде де өткізіледі. Бірақ ол жақтағы тексерілу алгоритмі өзгеше. Ауыл тұрғындарын мұндай тексеріске жүйелі түрде сырқаттар тізімін кеңінен қамтып барып, арнайы ұжым-ұжымда ұйымдастыра өткізеді.

ТЕКСЕРІЛУ ТЕГІН

Қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ адамдар да кездеседі. Денсаулық сақтау министрлігінің «Скринингтік зерттеулерге жататын арнаулы топтарды бекіту туралы» бұйрығында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен қандай рәсімдерге төленетіні, ал қайсысы МӘМС есебінен төленетіні нақты көрсетілген.
Профилактикалық тексерулер барлығына қолжетімді. Мысалы, артериялық қан қысымын, жүрек-қан тамырлары ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтау үшін профилактикалық тексеру медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Кез келген емделуші жүйеде сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай, қан қысымын, қандағы глюкоза деңгейін және дене салмағын анықтау үшін учаскелік дәрігерге немесе медбикеге тегін тексеріле алады. Ал, кардиолог, эндокринолог, офтальмологтың кеңесіне тек сақтандырылған пациенттер ғана бара алады. Сондықтан қорға алдын-ала жарна төлеп қойған дұрыс.
Скринингтік тексеруден өтуге дәрігер кезегі мен жұмыстан босай алмау да кедергісін келтіреді. Айта кетейік, 2020 жылдан бері Еңбек Кодексіне өзгеріс енгізілген. Қажет болса скринингтен өту үшін жұмыс беруші қызметкеріне еңбекақысы сақталатын үш күннен аспайтын демалыс беруге де міндетті. Бұл – скринингтің маңыздылығына мемлекеттік деңгейде немқұрайды қарамайтындығының айғағы. Сондықтан өзіңіз тіркелген емханаға барып, екі жылда бір рет скринингтік тексерістен өтуді ұмытпаңыз.

ҚАРАЛУШЫЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Скрининг ауқымына бой, дене салмағы, бел шеңбері, қан қысымын өлшеу, мақсатты топқа байланысты зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу, маммографиялық, паптестік, колоноскопиялық тексерулер жатады. Скринингті жүргізудің кезеңдері дайындық кезеңі, қарап-тексеру және зерттеу кезеңі, қорытынды кезеңдерден өтеді.
–Дайындық кезеңін емханада медбике жүргізеді. Бұл кезең тексеруден өтуі қажет тұрғындардың тізімін жасау, скринингтен өту қажеттілігі мен шарттары туралы хабардар ету, халықты тексеріске шақыру, тұрғындарды уақтылы тексерістен өтуін қадағалау жұмыстарын қамтиды. Мұнан соң учаскелік дәрігердің, медбикелердің қабылдауы мен бейінді мамандардың көмегімен тексеру кезеңі жүргізіледі. Бұл тексерулер зертханалық және диагностикалық зерттеулер болып жіктеледі. Қорытынды кезеңде толық тексеруді және зерттеу нәтижесінде анықталған патологиясы бар пациенттер динамикалық бақылауға қойылады. Скрининг қорытындысы медициналық ақпараттық жүйеге енгізіліп, науқасқа толық тексеру және бақылау кеңестері айтылады. Тексеру кезінде анықталған созылмалы аурулары бар адамдар есепке алынады. Бұған қоса олар динамикалық бақылауда болады. Ал, жіті аурулар анықталса, науқастарға тексеру жүргізіледі. Толығымен емделіп шыққанша олардың денсаулығы қадағаланып, тиісті ем тағайындалады, – дейді Жақсылық Мәуленов.
Дегенмен де мемлекет тарапынан жасалынған жіті қадағалаудың арқасында бүгінде тексеруден өтушілер саны артып келеді. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы сүт безі обыры скринингінен 42 983 әйел скринингтен өту керек болса, 12 айда 42 197-сі, 98,4 пайызы өткен. Тексеру барысында 5568 әйелден аурға күдік анықталса, осы кісілердің 4128-не УДЗ жасалып, 698-не трепанбиопсия жасалынған, қатерлі емес ісіктер 168, 82 рак анықталған. Сондай-ақ өткен жылы жатыр мойны обыры скринингінен 37 653 әйелдің 37 364-і тексеруден өткен. Колоректальды ракты анықтайтын скринингтен 47 035 әйел кісі өткен, бұл – 99,2 пайыз. Тексеру барысында 466 әйелден оң нәтиже шығып, 275-сіне колоноскопия жасалынып, олардан 107 полип және 12 рак табылған.

P.S.

Скринингтік жүйені енгізген елдер айтулы нәтижелерге қол жеткізген. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Колумбияда ауру 28,4-тен 6,3-ке дейін төмендеп, өлім 80 пайызға азайған. Шанхайда 1958 жылдан 1990 жылға дейін сырқаттанушылық 195,3-тен 3,3-ке дейін төмендеген. Финляндия, Швеция және Исландияда өлім 80 пайызға азайған. Бұл скринингтік жүйе халықтың денсаулығына келетін қауіп-қатерді азайтатынының нақты дәлелі болса керек-ті. Бірақ бұдан азаматтардың денсаулығын нығайту, халық арасындағы ауру-сырқаулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау үшін тек скринингтік жүйе ғана пайдаланылып отыр деген ұғым тумауы тиіс. Бұл тек денсаулық сақтау саласында қолданылып отырған жұмыстардың бір бағыты ғана.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.