Қайтарымсыз гранттың қайтымы бар

Пятница, 24 Май 2024 06:21 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1462 раз

grant

Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді.

Шымкент қаласында биыл екі лек негізінде 426 адамның кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Алғашқы лек бойынша 20-31 мамыр аралығында өтінімдер қабылданып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Жанат Өтебаева осы грант төңірегінде баяндап берді.

Грантқа өтінім беру үшін 7 санат, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көп балалы, оның ішінде балалардың ең үлкені 23 жасқа дейін жоғары оқу орны мен арнаулы орта кәсіптік колледжд студенті ретінде жәрдемақы алушы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді.

– Халықтың осал тобындағы азаматтардың қайтарымсыз грант қаржысына шағын кәсіпкерілігін бастап, немесе дамытып, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндігі болады. Қайтарымсыз грант қаржысы бір рет беріледі. Оның нысаналы мақсаты бойынша – қажетті еңбек құралдарын сатып алуға және технологиялық жабдықты, мал, құстарды, көшеттер, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға жұмсалуы тиіс. Берілетін қайтарымсыз қаржының көлемі 400 АЕК, 1476,0 мың теңге), – деді Жанат Өмірсейітқызы.

Грантқа үміткерлер, яғни халықтың осал тобына жататын азаматтар бірінші кезекте – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы куәлік алуы тиіс. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарамды. Екіншіден, бірыңғай терезе «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде өтінім ұсынуы тиіс.

Биылғы жоспар бойынша грант қаржысы екі лекте беріледі. Алғашқы лекте 213 адамға және екінші лекте де 213 адам қайтарымсыз грант беріледі.

Әлеуметтік осал топтардың бинес-жобаларын жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз грант алу үшін үміткер өтінім бергеннен кейін арнайы құрылған комиссия алдында өз идеясын қорғауы тиіс. Комиссия құрамына кәсіпкерлер палатасы, мүдделі басқармалар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері өкілдерінің, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылар кіреді.

– Комиссия мүшелері бизнес-жобалардың өміршендігі, экономикалық өзектілігі, қоғамдық маңыздылығына қарап қорытынды шығара отырып, хаттама түзеді. Осы орайда грант иегері болғаннан соң қойылатын біршама талап бар. Ең алдымен грант иегері ұтқан күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде салық органдарында өз қызметін тіркеуге міндетті. Кәсібі жайында «Business.enbek.kz» порталында растайтын құжаттарды ұсыну арқылы он екі ай бойы тоқсан сайын растап, есебін тапсырады. Осыған орай, грантқа тапсырамын деген әр азамат өзінің істеймін деген ісін толық зерттеп, зерделеп қатысса және шын мұқтаж адам тапсырса дейміз, – дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева көшпелі брифингте.

Спикердің айтуынша, грант алушының қаражаттың мақсаттына сай пайдалануы бойынша Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мониторинг жүргізіліп отырады. Қаражат мақсатсыз жұмсалған жағдайда құзырлы орындардың көмегімен толық қайтарылады.

– Грант қаражаты тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және жер учаскелерін сатып алуға берілмейді. Биылғы грант кағидасына өзгерістер енгізіліп отыр. Халық комиссия отырысын Мансап орталықтарының әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде тамашалай алады, яғни, комиссия отырысы тікелей трансляцияланады және ақпараттық- коммуникациялық технологияларды қолдана отырып түсіріледі, – деді Еңбек мобильділігі орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Бағдат Арқабаев.

Сондай-ақ, 20-31 мамыр аралығында Еңбек мобильділігі орталығының инстаграм желісіндегі @ctm_shymkent парақшасында мамандар күнделікті тікелей эфирге шығады. Қала тұрғындары өздерінің толғандырған сұрағын эфир барысында жолдауына болады.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.