Тұрғындардың мәселесін шешудi әкiмдiк қолға алды

Пятница, 29 Январь 2016 05:30 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3710 раз

Шымкенттің Әйтеке би көшесінде он үш жанұя жарты жылдан бері жарықсыз, ауыз сусыз отыр. Тұрғындардың айтуынша, өздері жалдап тұратын үйлер заңсыз жер учаскесіне салынғандықтан жазда электр жарығы мен тіршілік нәрінен ажыратылған. Сол уақыттан бері 60-қа жуық адам қараңғы үйде күнелтуде. Ал суды кез келген жерден тасиды. Бұл мәселе Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановтың тұрғындар алдында берген есептік кездесуінде көтерілген болатын. Сонда аудан басшысы жуық арада тұрғындардың коммуналдық мәселесі уақытша шешілетінін айтқан еді.

DSC 0095Әйтеке би көшесіндегі №30/26 және 30/27 үйлерде негізінен жартылай жетімдер, жесірлер мен көпбалалы аналар тұрады. Асыраушысынан айырылған олардың барлығы да облыс орталығына аудандардан қоныс аударған. Тұрғындардың айтуынша, тапқан айлығы мен жәрдемақысы күн көрісіне әрең жетеді. 2010 жылдан бері осында үй жалдап отырған Жанбота Боранбаева коммуналдық төлемдерді уақтылы төлеп отырғанын, ешқандай қарыздарының жоқ екенін алға тартады.
– Жарты жылдан бері жарықсыз отырмыз. Балалардың сабақ оқуына жағдай жоқ. 30-ға жуық жас балалар арасында жасына жетпеген сәбилер де бар. Суды әр жерден тасып ішеміз. Абырой болғанда Быковский көшесінің бойында бұлақ бар екен, сол жерден тасып ішеміз. Үйді жылыту үшін көмірді қаптап, сөмкелеп тасыймыз. Бір бөлмеге 5 мың теңгеден алады, – дейді Ж.Боранбаева.
Ал Ділбар Құттыбайдың алты баласы бар. Күйеуі қайтыс болған.

DSC 0121Үлкен баласы жұмысқа жарамсыз, бір бүйрегі жоқ. Кенжесі үш жаста. Ағасының тапқанын талғажау етеді. Ділбар қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Мектеп жасындағы балалары қазір сабаққа бара алмай, үйде отыр.
Өкініштісі, мұндағы үйлердің әр бөлмесінде он адамға дейін күнелтуде. Өйткені, тұрғындардың басқа барар жері жоқ.
Ал Әл-Фараби ауданы әкімдігінің инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақыт Мелдебековтың айтуынша, тұрғын үйлер орналасқан жер учаскесінің заңдылығын анықтау әлі аяқталмаған.

– Біздің қолымызда ОҚО жер қатынастары басқармасы тарапынан келген хат бар. Онда Әйтеке би көшесі №30/26 және 30/27 тұрғын үйлер археологиялық маңызы бар тарихи жер учаскесіне салынған. Оның заңдылығы мен археологиялық жер учаскесінің шекарасы әлі анықталып жатыр. Егер соттың шешімімен жер учаскесі заңсыз деп табылса, жер мемлекетке қайтарылады, ал тұрғындар көшіріледі. Бірақ, Әл-Фараби ауданы әкімдігі тарапынан тұрғындардың өтініші бойынша, мамыр айының соңына дейін жарық пен суды қайта қосуға ат салысып жатырмыз. Қазір қаланың тұрғын үй, коммуналдық- шаруашылық бөлімімен бірлесіп осы мәселені шешу мақсатында жұмыс істеудеміз, – дейді Б.Мелдебеков.

DSC 0068  DSC 0085 
Последнее изменение Пятница, 29 Январь 2016 05:55
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.