Үздiк ондықтан көрiну – үлкен мәртебе

Пятница, 29 Январь 2016 05:48 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3900 раз

file 4288x2844 000168

Жуырда Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» жыл қорытындысы бойынша тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды үйлестіруші мекеме ретінде ел аумағында қызмет сапасы жөнінен үздік ондыққа енді.


– Асылжан Шәріпбекұлы, ел аумағында 199 халықты жұмыспен қамту орталығы бар екенін ескерсек, Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» жыл бойы атқарылған жұмыстардың сапасы жөнінен үздік ондыққа еніп отыр. Қалай ойлайсыз, жетістікке жетудің құпиясы неде?

– Біз үшін республика бойынша үздік ондықтың қатарынан көріну – үлкен мәртебе. Бұл менің ғана емес, орталық мамандарының жұмысты жұмыла атқаруының, үлкен еңбектің жемісі деп білемін. Жетістіктің құпиясы да осы болса керек. Себебі қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс сұрап жүгінуші жандарға, олардың сұранысын қанағаттандыру үшін қызмет етеді. Бұған қоса, жаңа ашылған кәсіпорындар мен өзге де жұмыс беруші тараптарды білімді мамандармен толықтырамыз. Яғни, еңбеккерлердің ғана емес, кәсіпорын немесе өзге де мекемелердің талап-тілегін ескереміз. Егер ұсыныс қос тарапқа тиімсіз болса, маманға өзге де бос жұмыс орындары ұсынылады. Бұл нұсқалар да таңдалмаса, сонда ғана маман жұмыссыз ретінде орталыққа тіркеледі. Араға аз-кем уақыт салып, біз оны өзге де тұрақты жұмыстарға тартамыз. Бір сөзбен айтқанда, ұжымымызбен шаһарымызда жұмыссыздардың қатарын азайту үшін күресіп келеміз. Бұл үшін арнайы жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар түзіліп, жүзеге асып жатыр.

– Жұмыссыздықты жою үшін қолға алынған бастамалардың нәтижесі қалай?

– Нәтиже көңіл көншітерлік. 2015 жылы кешенді жоспарды іске асыру үшін 12 996 адамды жұмыспен қамту көзделген болса, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін нақты 15 648 адам тұрақты жұмыс тауып отыр. Әрине, бұл жолға қойылған мемлекеттік бағдарлама мен жобалардың жүзеге асуы. Мәселен, бүгінге дейін бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 5 инфрақұрылымдық жобалардың аясында ашылған 216 жұмыс орындарына 108 адам орналасты. Ал «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 57 жұмыс орны ашылуға тиіс болса, оның саны 153-ке артты. Көрсеткіш 268,4 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік салалық бағдарламаларда 272 жұмыс орны болса, ол 1269, яғни артығымен еселей ашылды. Ал қоғамдық жұмысқа 1520 жұмыссыз азаматты тарту жоспарланса, қазір оған 804 адам жолданып, жоспар 118,6 пайызға орындалып отыр. Айта өтейін, қаламыздағы жұмыссыздардың санын азайту үшін жыл сайын «Бос орындар» жәрмеңкесі де тұрақты өтіп келеді. Бұл да жұмыс беруші тарап пен мамандардың тікелей жүздесіп, қызметке деген талап-тілектерін айтуға, қажетті жұмыстарын табуға берілген бірден-бір мүмкіндік дер едім.

– Бір жылдың ішінде 4 бірдей «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Мәселен, соңғы өткен шараның өзінде 2015 бос жұмыс орны ұсынылған екен...

– Иә, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы және халықты жұмыспен қамтамасыз етудің жылдық кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында биыл бір емес, төрт рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Бұған жалпы саны 601 мекеме қатысып, 7451 бос жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс іздеп жүгінген 9 мыңнан аса қала тұрғындары келді, олардың ішінен сол мезетте 2810 азамат жұмысқа жолдама алды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 2413, әлеуметтік салаға – 203, жастар практикасына – 168, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 25 азамат қабылданды. Ал жәрмеңкеге келушілер арасынан 1607 түйіндемелер алынды, оларға бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері, мекемелерде қарастырылған жеңілдіктер және жалақы жағдайы, қажетті құжаттар тізбесі туралы толыққанды кеңестер берілді. Бір сөзбен айтқанда, «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі – жұмыс беруші тарап пен еңбеккер үшін жасалған оңтайлы жағдай.

– Жұмыссыз жүрген азаматтар жәрмеңке арқылы жұмыс тапқан соң, олардың ары қарайғы қадамы орталық тарапынан бақылана ма? Себебі бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылғандардың кейіннен қысқартуға тап болып немесе өзге де себептермен қайтадан жұмыссыздар қатарын толықтыруы кездесіп жатыр...

– Біз тұрақты жұмыспен қамтылған жандардың тізімін алып, олардың сондағы жағдайларын жіті бақылап тұрамыз. Мамандарымыз тіпті оларға хабарласып, хал-жағдайларын біліп, жалақыларын да анықтайды. Ескеретін жәйт, жұмыс беруші тарапынан қызметке қабылдаған күннен бастап еңбеккерге белгілі мерзім ішінде сынақ іс-тәжірибе уақыты белгіленеді және маман сол уақыт аралығында өзінің іскерлік қабілетін көрсетуі керек. Бұл – тұрақты жұмысқа орналасудың басты шарты. Сондай-ақ, жұмыстан қысқартылған жандардың жағдайын да ұмыт қалдырмаймыз, осындай жағдайға тап болған 171 азаматқа Шымкент қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» тарапынан бос жұмыс орындары ұсынылып, олар бүгінде тұрақты қызметке орналастырылды.

– Қазір қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылуы мәселесі жолға қойылды ма? Мемлекеттік бағдарлама қай деңгейде орындалып жатыр?

– Жыл басында 479 мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланған. Қуантарлығы, 12 айдың ішінде 498 мүгедек азамат жұмыспен қамтылды. Ал жұмыс орындарының 3 пайыз мөлшерінде мүгедектер үшін квота белгілеу бойынша жоспарланған 309 адамның 312-і, яғни 101 пайызы орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 47, қайта даярлау курсына – 11, жаңа жұмыс орындарына – 22, жастар практикасына – 16, қоғамдық жұмыстарға-40, бос жұмыс орындарына 50 мүмкіндігі шектеулі азамат жолданып отыр. Айта кететін маңызды ақпар, мемлекеттік бағдарламаға еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматтар, атап айтқанда, кәсіптік оңалтудан өткен (ИПР) екі немесе үшінші топтағы мүгедектер қатыса алады.

– Көбіне қандай мамандықтар қоғам сұранысына ие?

– Өнеркәсіп саласынан тігінші, дәнекерлеуші, шаштараз, аспазшы, кондитер, автоэлектрик тағы соған сәйкес мамандықтар. Шешімін таппай келе жатқан еңбек нарығында қажетті мамандардың бірі – жоғары білімді дәрігерлер дер едім. Мәселен, қаламызда неонотолог, педиатр, анестезилог, ревматолог, психотерапевт, уролог, хирург, невропатолог-ортопед, невропатолог, дерматолог-аллерголог, токсиколог, лор, окулист, маммолог, онколог, травматолог, дерматовенеролог, клиникалық-фармоколог, диетолог, психатерапевт, зертхана-дәрігерлері тағы сондай жоғары білімді медицина саласының мамандары тапшы. Педагогика саласында орыс сыныптарына пән мұғалімдері және музыка, алғашқы әскери дайындық, математика пәнінің мұғалімдері жетіспейді. Ал мәдениет саласынан цирк мамандары, сондай-ақ әртістер, өзге де қызметкерлер сұранысқа ие.

– Ал жұмыс беруші мекемелерге қандай заң талаптары қойылады? Олар бүгінде қаншалықты талаптың үдесінен шығып жүр?

– Жұмыс беруші бос жұмыс орындары пайда болған күннен бастап ол жөнінде халықты жұмыспен қамту орталықтарына хабарлауы міндетті. Штаттың қысқаруы бойынша ақпаратты кемінде 2 ай бұрын хабарлауы керек. Мекемеде штаттық кестенің 3 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандардан құралуы қажет. Жасыратыны жоқ, бүгінде жұмыс берушілер, әсіресе жекеменшік ЖШС, АҚ, ЖК-лер бұл ережені сақтамайды.

– Егер жұмыс беруші мекемелер осылай заңға бағынбаған жағдайда, қандай шара көріледі?

– Жұмыспен қамту туралы Заңының талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 98-бабындағы талаптарға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, егер бір жыл көлемінде қадам қайталанса, айыппұлдың да құны артады, яғни 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлейтін болады.

– «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мекемесі алдағы жылға қандай жоспар қойды?

– Әрине алға түзілген жоспарлар мен мақсаттар көп. Қуантарлығы – барлығы да елдің игілігі үшін жүзеге аспақ. Мейлінше қоғамда жұмыссыздар қатары азайса дейміз. Мекемеге жұмыс іздеп келген азаматтардың бәріне көмектесіп, олардың тұрақты жұмыс тауып, отбасының асыраушысы болғанын қалаймын. 2016 жылы 2000-нан астам жасты «Жастар практикасына» жолдау, 1000-нан астам азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына, 150 жанды кайта оқытып, жұмысқа орналастыру жоспары тұр. Ал 4500 азаматты өзге де жұмыстарға тұрақты орналастыру керек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да назардан тыс қалмауын қадағалаймыз, яғни 300 адамды тұрақты қызметпен қамтамасыз ету ниетіміз бар. Қорыта айтқанда, қоғамды жауыр еткен мәселе – жұмыссыздықты жою үшін қызмет етеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
М. Бекеева

Последнее изменение Пятница, 29 Январь 2016 06:39
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.