Шекара асқан жалдамалы жұмысшылар

Пятница, 08 Июль 2016 05:57 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4824 раз

ОЛАРМЕН КЕЛIСIМ-ШАРТ ҚАЛАЙ ЖҮРГIЗIЛУДЕ?

Ел экономикасы ілгерілеген сайын еңбек мигранттары көбеюде. Олардың бірі заңды жолмен келсе, бірі заң шеңберін айналып өтеді. Мигранттар Қазақстанда екі қолға жұмысты тез табады. Содан болар, жалдамалы жұмысшылардың дәурені жүріп тұр. Олар жұмыссыз жігіттердің нағыз бәсекелесі. Қазір қара жұмысты өзіне қол көрмейтіндер көп. Есесіне халық көрші елдерден келетін еңбек күшін пайдаланады. Біріншіден, арзан. Екіншіден, таңнан кешке дейін бір тынбайды.

20 191 жалдамалы жұмысшы келген

Қазақстанды әлем алпауыттары Орталық Азияның барысына теңеуі тегін емес. Өйткені экономика қуатты, саяси әлеуметтік жағдай тұрақты. Егер ондай болмаса шетелдіктер біздің елге келіп жұмыс істемес еді. Десе де, бірінші кезекте жергілікті халық жұмыспен қамтылуы тиіс. Оған Ата Заңымыз кепіл. Сырттан елімізде жоқ маман иелері ғана алынуы керек. Жұмыс берудің де арнайы тәртібі бар. Алдымен жұмыс берушіге тапсырыс түседі. Мамандар соған қарай шешім қабылдайды.
2014 жылдың сәуірінен бастап ТМД елдерінің азаматтарына Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне рұқсат етілгені белгілі. 1-3 айдан бір жылға дейін жалдамалы жұмысшылар еңбек ете алады. Ал жалдамалы жұмысшы бір жыл көлемінде елден шығып кетуі керек.
Қазір мигранттар екі айлық көлемінде салық төлейді. Соның айғағындай 2015 жылы 148 980 мың 996 теңге бюджетке табыс түскен.
Деректерге сүйенсек, шетелдік институттардың бірі сауалнама жүргізіп, 12 мемлекет туралы мигранттардың ойын талқылайды. Жалдамалы жұмысшылар үшін Армения, Украина, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мазасыз елдердің қатарына жатқызылады. Ал Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан,
Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан қонақжай елдер деген қорытындыға келеді. Яғни зерттеуге қатысқандардың 52 пайызы Қазақстанға келіп еңбек ету Ресейден ыңғайлы әрі табысты деп санаған.
ОҚО ІІД көші қон полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрдәулет Төлегенұлының мәлімдеуінше, жыл басынан бері облысымызға 20 191 жалдамалы жұмысшы келген. Оның 2778-і рұқсаттарын екінші рет ұзартқан.
– Қазіргі таңда заңсыз жұмыс істеп жатқан мигранттар жоқ. Бүгінге дейін тіркелген азаматтардың көбісі көрші елден. Жалдамалы жұмысшылардың 16 653-і құрылыс, 783-і аспаз, 2242-і үй бағбаны жұмыстарына тартылған. Ал Өзбекстаннан – 30 мың, Ресейден – 1324, Қырғызстаннан – 2343, Түркиядан – 1406, Қытайдан – 1020, Ираннан – 95 адам тіркелді, – дейді Н. Төлегенұлы.

Айыппұл салынады...

Шымкент – әлеуеті қарқынды қала. Мұнда жұмыстың тілін білетін маман тапшы деген желеумен көрші ел азаматтарына арқа сүйейтіні жасырын емес. Ал жалдамалы жұмысшылар артық ақша табуды көздейді. Әл-Фараби ПБ көші-қон полициясының бөліміне тіркелуге келген Балтабай Сабыровтың ұйғарымы да осындай.
– Қазақстанда 5-6 жылдан бері жұмыс істеймін. Құжаттарым заңды. Мерзімі бітсе, ұзартып тұрамын, – дейді ол. Өзбек азаматы тұрақты жұмысты осылайша өз елінен емес, Оңтүстіктен тапқан. Құрылысқа бауырлары мен туыстарын да тартыпты.

Құрылыс орындарынан, базардан босқындарды тауып, заңсыз әрекетін әшкерелеу оңайға соқпасы анық. Заңсыз мигранттардың алдын алу үшін ОҚО ІІД көші-қон полиция басқармасы өңірде екі рет рейд жұмыстарын жүргізген.

Нәтижесінде құқық бұзушылық жасаған шетелдік және Қазақстан Республикасы азаматтарына 13 млн 804 мың теңге айыппұл салынып, толығымен өндірілген. Төлқұжат, тіркеу ережелерін бұзған 1082, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 87, жалдамалы жұмысшыларды өз меншігіндегі тұрғын үйге тіркеген 9 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шымкентте қаншама дәмхана мен мейрамханаларда, сондай-ақ сауда нүктелері мен базарларда сырттан келген мигранттар саудасын жүргізіп, кәсібін дамытуда. Оларға құжаттары заңды болғандықтан ешкім шектеу қоя алмайды. Өңірімізге келіп жұмыс істейтін жалдамалы жұмысшылардың табысы орта есеппен алғанда айына 40-45 мың теңге көлемінде.
– Әл-Фараби ауданы бойынша мыңға жуық жұмысшылар бағбан, аспазшы, жүргізуші, күтуші болып жұмыс істейді. Олардың бәрі уақытылы салығын төлейді. 6 ай көлемінде мигранттардан 9 млн-ға жуық қаражат бюджетке табыс түсті. Дегенмен біздің елдің заңдарына үй шаруасына бес шетелдік азаматты жалдауға рұқсат беретін өзгеріс енгізілген. Бірақ бұл - құрылыс саласы емес, үй шаруасына ғана қатысты өзгеріс. Олар жеке меншік үйлерде жөндеу жұмыстарымен айналысқанымен, ірі құрылыс нысандарында жұмыс істей алмайды – дейді Әл-Фараби ПБ көші-қон полициясының аға инспекторы Н. Оразов.

Көрші елдерден келетін арзан жұмыс күші халыққа тиімді шығар. Алайда мамандар мигранттарға қатысты 3 қатерлі тізімді алға тартады. Әуелі көші-қоннан төнетін қауіп. Екіншіден, көрші елдеріміздің тұрақсыздығы. Үшіншісі криминалдық мәселе.
Сырттан келген жұмысшылар уақытша тіркелген жердің мекен-жайында тұруға тиісті. Көптеген жұмысшылар осы талапты бұзатын көрінеді. Екінші мәселе, жеке мақсатпен келіп, заңсыз түрде еңбек етеді. Заңбұзушылықтарға жол береді. Үшінші мәселе рұқсат мерзімін созбауы, ұзартпауы. Яғни белгіленген уақытта шығып кетпеуі.
Мәселен индонезиялық азамат Әл-Фараби ПБ көші-қон полиция бөлімінде жүр. Шымкентке қалай келгені, қандай мақсатпен жүргені белгісіз. Полицейлердің айтуынша, оның тоқтаған жері Алматы қаласы екен. Бірақ оның тіркеу мерзімі өтіп кеткен.
ОҚО ІІД көші-қон полиция басқармасының мәліметінше, 2016 жылдың 5 айында жедел алдын алу рейдтерінде көші-қон заңдылығын бұзған 4918-ден астам құқық бұзушылық іс тіркелген. Оның 3490-ы шетелдік азаматтардың үлесіне тиесілі. Әкімшілік қылмыс жасаған мигрантқа қолданар жаза елден аластату. Бұл әрекет әкімшілік қылмыстық және әкімшілік азаматтық іс жүргізу кодекстері негізінде жүзеге асады. 238-ге жуық шетелдік отанына қайтарылған.
– Ресми түрде жұмыс істеп жатқандар заңды бұзбайды. Мұнда шақырылмай келген қонақтардың қозғалысы қауіпті, – дейді полицейлер.
Бір айта кетер нәрсе, Еуразиялық одаққа мүше елдерге жүріп-тұру жеңілдеді. Жұмысшы мигранттар елімізде 30 күнге дейін тіркеусіз бола алады. Жеке тұлға өзіне 5 адамнан аспайтын жұмысшыны жұмысқа ала алады. Ал заңды тұлғаларда еңбек етуге рұқсат жоқ.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.