КҮН ТИЮ МЕН ЫСТЫҚ ӨТУДЕН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

Пятница, 12 Июль 2024 06:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 764 раз

Жылдың ең ыстық уақытында адамдар көп уақытын сыртта өткізуіне байланысты жиі күн тигізіп, ыстық өтуіне ұшырайды.

Ыстық өту адам ағзасына артық ыстық ауаның және инфрақызыл сәуленің түсуінен туындайды. Ал, күн тию – бұл күн сәулесінің қызуы нәтижесінде адамның миына жоғары температура әсер ететін жылу соққысының жеке жағдайы. Яғни, ыстық өту және күн тию екі түрлі нәрсе. Ыстық өту – ыстық пен күннің бүкіл ағзаға әсері, ал күн өту – тек басқа әсер ету.

Күн және ыстық өтудің белгілері:
– самайда пульсация сезіледі;
– терінің, әсіресе, беттің қызаруы;
– жүрек соғысының жиілігі минутына жүз немесе одан да көпке дейін көтеріледі.
Сондай-ақ, болуы мүмкін жағдайлар:
– дене қызуының 40°С дейін көтерілуі;
– әлсіздік, ұйқышылдық;
– бастың айналуы, құлақта түрлі шулар;
– жүрек айнуы, құсу.

Күн және ыстық өткен кездегі алғашқы көмек:
1. Зардап шегушіге қолайлы жағдайлар жасау: көлеңкелі салқын жерге апару, белдігін босату, жағасындағы түймесін ағыту, галстугін, аяқ киімін шешу, ауа айналымын қамтамасыз ету: желдеткішті, кондиционерді қосу, қолда бар нәрсемен желпу.
2. Ағзаны тез салқындату: зардап шегушіні салқын ваннаға жатқызу немесе салқын сумен дымқылданған сүлгімен орау. Жылынып кеткен сүлгіні ауыстырып отыру. Басына, алақанына, шаптың арасына, қолтық арасына мұз салынған пакетті, автокөліктегі медициналық қорапшадағы термопакетті, болмаса мұздатқыштағы мұздатылған кез келген затты қою керек. Адам ағзасын кем дегенде 38,5°С-қа дейін салқындату керек, әрі қарай ағза өзі күреседі.
3) Жоғалған сұйықтық мөлшерін қалпына келтіру: қарапайым немесе минералды су ішу, лимон қосылған тәтті шай да болады. Қажет болған жағдайда жүрекке тікелей емес массаж және жасанды тыныс алу сияқты жедел реанимациялық шараларды жүргізу үшін дайын болу керек. Қолда нашатыр спирті болғаны жөн. Барлық жағдайларда, егер жағдай қауіп төндірмейтін болса да, зардап шегушіні аурухананың қабылдау бөлмесіне жеткізу немесе 103 қызметіне жүгіну қажет.

Ыстық және күн өтуі болмау үшін ұсынылады:
Ыстық жағдайда жұмыс істейтіндердің барлығының ауыз суға қолжетімділігі болып, сұйықтықты көп ішу тиіс. Ыстықта қарқынды буланудан организм көп мөлшерде сұйықтық жоғалтып, соның нәтижесінде қан қоюланады, бұл жағдай тек жылу реттеудің бұзылысына ғана емес, сонымен қатар инсульт пен инфарктке де душар етуі мүмкін. Ағзадағы тиісті тұз балансын қамтамасыз ету үшін минералды су немесе арнайы су-тұз ерітіндісін ішу қажет.
Күн астында жұмыс істеу кезінде міндетті түрде бас киім киіп жүру керек. Ыстықта және күн астында жұмыс істеген кезде жүйелі түрде кішкене үзіліс жасап отырған дұрыс, бұл үшін арнайы панажайды салқындатқыш құралмен (кондиционермен), басқа да еріксіз желдету жүйесімен жабдықтау қажет.

Б.ДҮЙСЕНБАЕВ,
ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ
Шымкент қаласы бойынша «Қызыл әскер» трассалық-медициналық құтқару тірегінің
фельдшері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.