ҚҰРМЕТТІНІҢ ҚҰРМЕТТІСІ Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2024 05:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 97 раз

бірақ, атағы жоқ Пірімбетов

Анар Жаппарқұлова қарындасымыз хабарласты. Әл-Фараби атындағы қалалық кітапханасының директоры. Уақытында айтыстың айтулы ақыны болған. Мықты филолог, ғалым. Өтініші бар. Облыс, қала мәдениеті саласында қырық жылдан астам қызмет еткен қадірлі ағамыз Бастарбек Пірімбетовтің «Алыс та жақын жылдарым» кітабының тұсаукесері екен. Көкеміз жетпіс деген белден асты. Үлкен кеш. Құсы біз пақырға түсіпті.

kitap-1

 

Бұрын, Махаң, қазақтың мықты жазушысы, сөзге тапқыр, шешен Мархабат Байғұт бар кезде байқалмайды екен. Ол кісі келместің кемесіне мініп кеткеннен кейін біз сияқтылар кәдеге жарап қалдық.
Біреуден сөз сұрамаймын, өзімнен кемдік көріп тұрған жоқ. Бірақ...
Онда бүгінгі Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің республикалық «Қазақ Барысы» әйгілі жобасында атқарушы директор кезі. Қазақтың тізеден төмен күреспейтін бекзат белдесуі құрметіне әлемдік бәсекелер өткізіліп жатқан шақ. Республикалық жарыс Таразда өтетін болыпты. Сәрсен бауырым хабарласты.
- Аға, «Қазақстан Барысына» комментатор болсаңыз. Өтініш...
- Сәрсен-ау. Мен жарамаймын ғой.
- Қалай, аға. Спортты жазасыз. Өзіңіз күрескенсіз.
- Ау, мен быдықпын ғой. Қатты, екпіндеп сөйлеп кетсем не айтып отырғанымды өзім түсінбей қалам...
Інім ішегі қатып күледі.
Сахналық кештерден көбіне осылай құтылып жүргем ғой. Ал, Бастарбек ағаның жөні бөлек. Келістім.
Қаладағы зиялылардың дені келіпті. Кітапхананың акт залы лық толы.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашты. Қалалық мәслихаттың хатшысы Баһадүр Нарымбетов сөйледі. Сөзге жазылғандарға кезекпен микрофон ұсынып отырмын. Жақсы сөз, жүрекжарды тілек. Кім сөйлесе де, Бастарбек көке туралы ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейді. Құрдастары сонау студенттік кездегі қызықтардан гәп шертсе, шәкірттері аға жолында құлдық.
Журналистер «Шерханның шекпенімен шықтық» десе, Оңтүстіктің өнердегі қайраткерлері мен жұлдыздары «Бастарбектің бешпентінен шықтық» деп қояды.
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Шымкент қалалық Мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған Бастарбек Пірімбетов осы саладан алысқа ұзамаған. Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары қызметінде ұзақ жыл қызмет істейді.
Бір бастығы Табанды Әжібеков деген ағамыз. Ірі денелі, қолы күректей кісі еді. Мықты қазақ. Қарайды, өнер адамдары бастыққа кірмей орынбасарымен ісін бітіріп кете береді. Қанша дегенмен бастық қой, ашу шақырады. Сүйтсе сол кездегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры Ахмет Өтебаев деген ағамыз «Тәке, ренжімеңіз, мен тек Бастарбекке ғана бағынамын» дер екен.
Амалы таусылған ер көңілді ағамыз Табанда «әй, онда мені Бастарбектің тізіміне қосып қой» депті.
Тағы бір бастығы Айдынғали Сыдықов. Өте көшелі, нағыз зиялы азамат болатын. Ол да байқайды. Өнер адамдары бұған емес орынбасарына көп қарайлайды екен. Ол да зілсіз ашумен талайына ескерту жасаған сыңайлы.

kitap


Орынбасар бар шаруаны білсе, іске тындырымды болса, өнер адамдарының арасындағы бір-біріне қызғаныш деген итті ауыздықтай алса бастық атаулының бақыты ғой.
Сөз алғандар Бастарбек Пірімбетовтің Ордабасыдағы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Президенттерінің басқосуында үлкен еңбек сіңіргенін айып жатты. Түркістанның 1500 жылдығы кезінде де мәдениет саласының ауыр жүгі кәтепті қара нардай осы кісінің иығына артылыпты.
Түркістанда дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында да Бастарбек табанының ұшынан тік тұрып қызмет етіпті.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да назары түсіп, «Баста, Бастарбек!» дегенді сан мәрте айтқанға ұқсайды.
Қаланың ардагерлер қауымы, мәдениет қызметкерлері үстінен құс ұшырмай отырған осы Бастарбек Пірімбетовтің кешін жүргізіп отырып, біз пақыр бір нәрсеге таң қалдық.
Шымкент Мәдениет басқармасында бар емес екі рет бастық болған, облыстық Мәдениет басқармасының табан аудармастан орынбасары болған осы Пірімбетовте атақ, орден дегеніңіз жоққа тән екен.
Театр қайраткерлері айтады. Мәдениет саласында ұзақ жылдар тізе қосып бірге жұмыс істеген шәкірттері айтады. Өнер жұлдыздары айтады.
«Бізді кезегімізбен жоғары атаққа ұсынған Бастарбек Пірімбетов» деп.
Бастық та өзі, орынбасары да өзі Бастарбек Пірімбетов атақ беру жөнінен өзінен басқаның бәрін жарылқапты.
Атақ алғанына қуанып, Пірімбетов - Атымтай Жомартқа алғысын жаудырған өнердің қалың қауымы «осы кісіге де қызметіне сай орден керек-ау» дегенді ойламағанға ұқсайды.
Қырық жыл облыс, қала мәдениетінің отымен кіріп, күлімен шыққан осы Бастарбектің бар марапаты ҚР Мәдениет қайраткері, өзі дүниеге келген Түлкібас ауданының Құрметті азаматы ғана.
Тумысынан сабырлы, көпке жақсы іс атқарғанымен өзіне жоқ көкеміз «осы қалай болды өзі?» деп ойланбаған сыңайлы.
Әрине, атақ адамның абыройын көтермейді. Бірақ, адамгершілік тұрғысынан алғанда бұл кісі бәріне лайық еді-ау.
Өткенде Рүстем Әшетаев деген ініміз алып бара жатқан дауысы жоқ, бірақ, фонограмамен ән айтуды қатыратын, қалаға айтарлықтай еңбегі сіңбеген бір әншіге берілген «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын қайтаруды талап етті.
«Байдың асын байғұс қызғанады» болмасын. Алсын. «Мәдениет қайраткері» атағын өнерге тиіп қашып тоба көрсеткен екінің бірі алып жүр.
«Арсыз болмай атақ жоқ» деп абыз Абай айтқандай, лайықтылау болмаса да орден, медальдан кеудесі көрінбейтіндер көп. Сосын ойланасың ғой...
Осының бәрінен мақрұм, бірақ облыс, қала мәдениетіне тау көтерген Толағайдай еңбегі өткен Пірімбетовте неге жоқ деп?!
Кездесуде де осы мәселелер қатты айтылды. Өзіне атақ сұрамады. Бірақ, өнер адамдарының ешқайсысын ұмытпады, еңбектерін әділ бағалады, марапаттарға кезегімен ұсынып отырды деп.
Бәлкім, кінә өзімізден де бар. Бастық Пірімбетов мені орден, медальдарға ұсыныңдар, еңбегім өтті деп айтпайды ғой. Сәл арсыздау болса айтар ма еді.... Ондайлар көп қой.
Облыс, қала мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген, облыс, қаладағы ең үлкен іс-шаралардың басында жүрген мәдениеттің кәтепті қара нарының еңбегін бағалау әлі де кеш емес.
Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Бәлкім, бұл қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетовтің дәргейіне бұйырып тұрған мәселе шығар.
Халық айтты. Біз жеткіздік. Бейбіт заманның ерлері ешқашан ұмытылмауы керек.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Жаңа маусым – жаңа қойылым