Оқырманға қалтқысыз қызмет еткен жетпіс жыл Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2024 05:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 99 раз

Өркениеті дамыған елдердің қатарына ену үшін технологиялық ізденістерден бұрын кітапхана, театр, музей сынды мәдениет ошақтарын жоғары деңгейде дамыту керек. Бұл бағытта жұмыс жасайтын мамандардың басты мақсаты ұлттық кодты сақтау, кейінгі буынға қазақ өнерін, әдебін ұғындыру емес пе? Мәселен, әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы орайда Шымкент қаласындағы еңселі қара шаңырақтың бірі Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханасының бүгіні мен болашағы турасында айта кеткіміз келеді.

kitaPXaNa-2

 

Кітапхана 1954 жылы құрылған. Бірақ, бұған дейін қала тұрғындарының бастамасымен клуб ретінде жұмысын бастаған көрінеді. Тұрғындар өз кітаптарын, қолындағы шығармаларын сол сөрелерге қойыпты. Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгіннің биігінен қарағанның өзінде елімізде кітапхана ісінің кең қанат жайып келе жатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ең бастысы, қалың көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы арта түскені байқалады. Статистикаға жүгінсек, соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапхананың оқырмандар саны жыл сайын тұрақты түрде 1000-2000 оқырманға өсіп отырған. Мәселен, 2021 жылы 72 902 оқырман тіркелсе, 2022 жылдың есебі бойынша бұл сан 30 мыңға артқан. Яғни, 101 790 оқырманды құраған. Ал, 2023 жылы 102 044 оқырман тіркелсе, 2024 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 103 940 оқырманға арттыру жоспарланыпты. Бұл соңғы 4 жылда кітап оқушылар санының 30 пайызға өсіп отырғанын аңғартады.

kitaPXaNa-1


Қазірде жастар кітапханаға бармайды дейтін пікірлер жиі айтылып жатады. Керісінше, бүгінде жас та, жасамыс та, бала да, қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Тіпті, оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді. Кітапханада таңертеңнен қара кешке дейін отыратын оқырмандар аз емес. Мәселен, былтыр оқырмандар арасында кітапхананың жұмыс уақытына байланысты сауалнама жүргізген уақытта, сауалнамаға қатысқандардың арасында кітапхананың аптасына жеті тәулік бойы 24 сағат жұмыс істегенін қалайтындар көп анықталған болатын. Егер оқырман есінде болса, былтыр маусым айында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін кітапханалар құру туралы бастама көтерген еді. Қала әкімдері бұл бастамадан кейін 24/7 режимінде жұмыс жасайтын кітапханалар ісін жолға қойды. Үш мегаполистің бірі Шымкент қаласында да таяуда ғана тәулік бойы қызмет көрсететін кітапхана ашылған. Оның да бүгінгі уақытта өз оқырманы бар. Дәл қазіргі уақытта Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханасында 23 бөлімше бар. Олар қала шағынаудандары мен Сайрам, Тоғыс, Шапырашты, Базарқақпа, Жыланбұзған, Қызылжар, Қайнарбұлақ тұрғын алабтарында орналасқан. Ал, кітап қоры - 550 935 дана. Оның 177 012-сі мемлекеттік тілде. Кітап берілімі де төмен емес. Жылына 1 450 904 кітапқа оқырманның сұранысын туады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта бермек. Өйткені, «кітапхананың танымалдылығын, мәртебесі мен маңызын арттыруға бағытталған түрлі форматтағы 7 имидждік іс-шараны басшылыққа алып жұмыс жасаудамыз» дейді кітапхана директоры Нұрила Жұманова.

kitaPXaNa


– Шымкент логотипінің дизайнында жасалған «Кітап оқитын Шымқала» буккроссинг көше сөрелері қоғамдық орындарға, гүлзарларға, аулаларға қойылды. Жоба 2021 жылдан бастап жұмыс жасауда. «Өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген. «Буккроссингтің» басты мақсаты − оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау», оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу. Яғни, кез келген тұрғын өзі оқыған кітапты сол сөреге қойып, өзіне қажетті кітапты алып оқи алады. Бұл бастамаға әсіресе егде жастағы қала тұрғындары шын қуанды. Сондай-ақ, «Кітап керуені» жылжымалы көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Көрме қаладағы ірі сауда орталықтарында, қоғамдық орындарында «АBAY» дизайнында жасалған сөрелер қойылды. Мұндағы мақсат – қала тұрғындарын жаңа, мотивациялық және бестселлер кітаптар топтамасымен таныстыру. Қала тұрғындарына кітапхана туралы ақпараттық материалдар таратылып, бірреттік оқырман билеттері ұсынылды. «Шымкент плаза» сауда орталығында, Абай саябағы мен «Арбат» демалыс аймағында ұйымдастырылған «Кітап керуені» жылжымалы көрмесіне 12 732 қала тұрғыны қатысқан болатын,-дейді Нұрила Жұманова.
Мәдениет майталмандары, өнер адамдарымен кездесулер, сұхбаттар жиі өткізетін кітапхана ұжымы оқырмандар үшін барлық жағдайды жасаған. Мәселен, кез-келген қала тұрғыны өзінің жеке логині мен құпия сөзі арқылы кітапхана сайтынан қажетті мәліметтерді ала береді. Одан бөлек online кітапхана жобасы алдағы уақытта іске қосылмақ. Бұл жоба Қазақстанның барлық ел азаматтарына арналады. Қазіргі заманғы жаңа технологиялар бойынша әр түрлі тақырыптағы кітаптар мен дәрістерді де кітапханадан табуға болады. Пайдаланушылар үшін білімнің барлық саласы бойынша қазақстандық басылымдарға қолжетімділік берілді: атап айтқанда сирек кітаптар мен қолжазбаларға, мақалаларға, газеттер мен журналдарға, көркем әдебиетке, мемлекет және құқық, өнер және т.б. Кітапханада әдебиет саласындағы танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын қамтитын кітаптардың «Алтын қоры» жинақталған. Қордағы ең көне кітап – А. Мерзлякованың 1830 жылы Москва қаласынан шыққан «Песни и романсы» кітабы. Сонымен қатар, студенттердің басым көпшілігі келіп, авторефераттар мен диссертациялар жазуына да мүмкіндік қарастырылған. Заманауи техникалар мен интернет желісі толық қамтылған. Одан бөлек, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Book Gard» карталық жобасы іске қосылған. Әртүрлі деңгей бойынша карталар беріледі.
– Әр картаны пайдаланудың өзіндік шарты бар. Әрбір карта деңгей ретінде қарастырылған және деңгейі жоғарылаған сайын берілетін жеңілдіктері де артады. Ең әуелі White Card картасын алуы тиіс, ол үшін алдымен кітапхана оқырманы болуы шарт. Ал, оқырман тізіміне енудің жолы оңай, жай ғана анкета толтырса жеткілікті. Blue Card картасына өту үшін кітапхана парақшасын белгілеп, оқыған кітаптарының ішінен 1 кітабына әлеуметтік желіде шолу жасайды. Келесі Silver Card–қа жету де қиын емес. Күміс картаның иесі де дәл осы жолмен жүріп өтеді. Айырмашылығы бұл тұста оқырман оқыған 3 кітабына әлеуметтік желіде шолу жасайды. Gold Card, яғни, алтын картаға қол жеткізу үшін енді бір емес, 10 кітапқа шолу жасап, әлеуметтік желіге жүктейді. Ең бағалысы - Diamond Card. Гауһар картасын алу үшін 25 кітапқа шолу жасауы керек. Әрине, міндетті түрде кітапхана парақшасы белгіленуі тиіс. Оқырманды қызықтырудың бұл тәсілі оң нәтиже көрсетті. Деңгейден деңгейге өткен сайын жобаның шартына сәйкес ынталандыру сыйлықтары арта түседі. Жобаның демеушілері – қаладағы мәдениет ошақтары. Яғни, 6 театр, цирк, зообақ, Түркістан сарайы сынды мекемелерде өтетін концерттік бағдарламаларға кіру тегін болмақ. Сондай-ақ, орталық су кешені, «Кәусар» дәмханасы және «Кинопарк» желілеріне де тегін билет қарастырылған, - дейді кітапхана директоры Нұрила Серікбайқызы.
Жалпы, қазақ елінің маңдайына біткен тау тұлғасы Абайды насихаттау тек кітапхана ісіне тән болмауы керек. Қазақ қоғамы бір кісідей атсалысқаны абзал. Осы ретте, кітапхана ұжымының Абай әлемін насихаттаудағы жұмысын атап өтпеуге болмас. Өйткені, «Абай әлемі» байқауы көпшіліктің әлі күнге дейін жадында сақталған. Қаламыздағы ұйымдастыру деңгейі жоғары болған шара халықтың ықыласына да бөленген. Жалпы 300-ге жуық адам қатысып, әлеуметтік желіде Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, қарасөздері мен шығармаларын оқып сайысқа түскен еді. Нәтижесінде 20 мыңнан астам қаралым жинаған қатысушыға да ынталандыру сыйлығы берілген еді. Байқау жеңімпаздарына «Apple iPhonе 14» ұялы телефоны, «Абай жолы» 4 томдық романы, гобелендер мен басқа да арнайы сыйлықтар тарту етілген еді. Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханасының 70 жыл мерейтойы биыл кең көлемде өтпек. Жоспарланған іс-шара қараша айында өтеді деп жоспарланған. Жан-жақты, талапшыл, креативті ұжым 70 жылдық мерейтойын абыроймен атқаратынына сенеміз.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.