Жаңа маусым – жаңа қойылым Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2024 05:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 86 раз

Сан ғасырлардан бері көрермен көңілінен айрықша орын алған, түрлі эмоцияларға бай, адам жанына психологиялық тұрғыда тыныштық сыйлай білетін өнер ордасы, бұл - театр екені айтпаса да, бәрімізге мәлім. Адамның бар жан-дүниесіндегі болып жатқан дүрбелең мен шаттану сезімдерін бір қойылым арқылы ақтарып, шынайы эмоциялар сыйлап, көрерменге ой салу арқылы тәрбие беретін сиқырлы дүние іспеттес.

ozbekT

 

Сондықтан да мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Театрға барған әрбір жан өзіне керек дүниені сөзсіз таба алады. Онда өмір шындығы да, әзіл-қалжың да, қайғы-мұң да, жан тыныштығы да бар. Осы орайда театр әртістерінің ерен еңбегі мен таудай талпынысын айтпай кету қателік болар. Өйткені, әрбір тұлғаның рөлін ашу – үлкен жауапкершілік.
Қаламыздағы осындай өнер ордасының бірі және бірегейі Шымкент қалалық өзбек драма театры. Күні кеше театрдың көптен күткен жаңа маусымы ашылды. Ашылу салтанаты әдеттегідей концерттік бағдарламамен басталды. Концерттік бағдарламадан өзбек драмматургі, қоғамдық қайраткер Хамза Хакимзаде Ниязийдің «Ғайра-Ғайра» комедиялық жанрдағы шығармасы "Өзбегім"дайрашылар тобының орындауында сахналық қойылымда көрерменге ұсынылды.
Бұл шығармада қала судьясы мақта фабрикасының иесі Касымжанның әйеліне көз қырын салады. Алайда, бұл әрекетінен ештеңе шықпайтынын түсінген ол әлгі әйелді күйеуінен алшақтатып, өзінің жұбайы етудің айласын іздестіре бастайды. Бұл жоспарын жүзеге асыру мақсатында ол жергілікті өсекші әрі көріпкел болып табылатын дүниеге бір табан жақындау Мастон есімді әйелмен тіл біріктіреді. "Егер менің қалауымды орындауға көмектессең, сені үлде мен бүлдеге орайтын боламын" деген ол Мастонды өзінің құйтырқы әрекетіне араластырмақ болады. Бірақ, Қасымжан әйелі мен өзіне жоспарланған Қазы мен Мастонның қулықтары мен айласын байқап қояды да, өздерін тұзаққа түсіріп, отбасын құтқарып қалады.
Бұл қойылымда жаман пиғылды адамдардың арамзалығы адалдықтың ақ туын құлата алмауы бір жағынан әділдік пен тазалықты көрсетсе, екінші тараптан, отбасылық құндылықтарды сақтап қалуды, сондай-ақ, ер азаматтың отбасы алдындағы жауапкершілігі мен қамқорлығын комедиялық бағытта болса да, көрерменге аса көркем әрі айқын көрсете білген.
Жалпы, театрдың ашылу салтанатында дәл осы комедия бағытындағы шығарманы сахналаудың мақсаты: Хамза Ниезийдің шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық, ізгілік идеалдары мен қағидаларын сақтап қалу қасиеттерін қалыптастыру болса керек.
Ал, отбасылық құндылықтарды сақтау, бақытты әрі берік шаңырақ құру - берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі екенін біз келер ұрпаққа ұғындыра алуымыз керек.
Қорытындылай келе, ұлттық болмысымызды бейнелей алатын театр өнерінің қоғамдық өмірдегі орны әрқашан биік екенін айтқым келеді. Мазмұны мен көркемдігі жарасқан театрлық шығармалар қатары көбейе берсе екен дейміз. Алтын уақытымызды арзан күлкі мен мағынасыз сауыққа жұмсағанша, театрға барып, рухымызды кемелдендірейік.

Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.