ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫМЕН КҮРЕСУ – БҮКІЛ ҚОҒАМҒА ОРТАҚ МІНДЕТ Избранное

Среда, 16 Октябрь 2024 08:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 165 раз

Шымкент қаласында есірткіге қарсы күрес, жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Есірткі – қоғам болып күресетін ауыр дерт. Есірткі заттарын, психотропты заттарды және олардың аналогтарын сату мақсатында заңсыз жарнамалау, өндіру, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау, жөнелту үшін заңда тиісті жаза қарастырылған. Қалада жыл басынан бері есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыс жасаған 397 адам анықталған. Олардың басым көпшілігі 21-29 (139 адам), 30-39 жас аралығындағы (131 адам) азаматтар болып шықты.

 ЕСІРТКІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығына зиянын тигізетін нашақорлық пен есірткіге қарсы күрестің көкейкесті міндет екенін үнемі айтып келеді. Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында ел Президенті «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын» деген болатын.
Алдымызда есірткі саудасымен қоғам болып күресу міндеті тұр. Таяуда Шымкент қаласының прокуратурасы баспасөз брифингінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген еді. Қалада есірткінің заңсыз айналымы бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралар мен құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық істер туралы мәселелер, сондай-ақ, бұл бағыттағы алға қойылған мақсаттар айтылды. Қала прокурорының орынбасары Ержан Мараттың мәлімдеуінше, 2024 жылдың 9 айында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты қылмыс жасаған жалпы 397 адам анықталған. Олардың басым көпшілігі 21-29 (139 адам) және 30-39 (131 адам) жас аралығындағы адамдар. Осы кезеңде 158,2 келі (79 келі марихуана, 56,4 келі синтетикалық зат) есірткі және психотроптық заттар тәркіленген. Қалада синтетикалық есірткі түрлері нарықта айтарлықтай өсіп, сәйкесінше оны қолданушылардың да саны күннен-күнге артқан. Синтетикалық есірткілерді өндіретін 2 зертхана анықталған. Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі айналымына қарсы күрес басқармасы «Қарасора-2024» арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын атқарып келеді. Шымкентте Қазақстандағы ең ірі мефедрон өндіру және тарату арнасы тоқтатылған.
– «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында қала прокуратурасының ұйымдастыруымен қала, аудан әкімдерінің аппараты және жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан қала аумағында есірткі қылмысының алдын алу және есірткі заттарының жарнамасы бар жазуларды жоюға бағытталған іс-шаралар өткізу мақсатында топ құрылып, қарқынды жұмыс жүргізуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде тұрғын үйлердің қабырғаларында, қоршауларда және басқа да құрылыстарда, жалпы 500-ден астам есірткі заттарын сату туралы хабарландыруы бар жарнамалар жойылды. Сондай-ақ, есірткі заттарды жарнамалайтын және оларды сатумен айналысатын 50-ге жуық ғаламтордағы сілтемелер анықталып, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, бұғатталды. Тексеру нәтижесінде 10 жарнама түрі анықталып, олар бойынша қылмыстық іс тіркелді, – деді қала прокурорының орынбасары Ержан Марат.
Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, есірткі қылмысының 70 пайызы интернет желісі арқылы жасалынады екен. Интернет желісі арқылы сатылатын есірткіге салынатын ақша дәстүрлі қаржыландырудан криптовалюта саласына көшкен. Бұл да алаңдатарлық жағдай. Есірткі саудалаудың көп тараған түрі -тұрғын үйдің қасбеттеріне жарнама жасап кету. Оны әсіресе, мектеп маңындағы үйлерден көп көруге болады. Бұл бағытта қабырғаларды сырлаумен шектеліп қалмай, тұрғындармен есірткінің зияны туралы профилактикалық түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Үй басқарушылары және тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, олардың өзекті мәселелері бойынша уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілген. Қала аумағында орналасқан жоғары және орта оқу орындарының оқушылары арасында есірткі заттарының зияндылығы тақырыбында профилактикалық түсіндіру іс-шарасы ұдайы атқарылуда.
Шымкент қаласы Полиция департаменті басшының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың айтуынша, есірткі заттарын, психотропты заттарды және олардың аналогтарын сату мақсатында заңсыз жарнамалау, өндіру, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау, жөнелту болмаса сату әрекеті үшін Қылмыстық кодекстің 297 бабына сәйкес 5 жылдан бастап, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза күтіп тұр. Жасөспірімдердің ата-аналары мен жақын туыстары бала өміріне, жасөспірімдер кіретін интернет-сайттарға үнемі назар аударып, олардың мінез-құлқын бақылау қажет. Ойланбай жасалған қадам, аңқаулық және қылмыстық жолмен оңай әрі жылдам ақша табуға деген ұмтылыстың соңы өкінішке әкеледі.
Таяуда Шымкент қаласының Полиция департаменті мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент – есірткісіз қала» атты іс-шарасы өтті. Науқанға 1500-дей еріктілер, студент жастар қатысты. Аталған акцияның мақсаты – жастарға синтетикалық есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Акция барысында мамандар тәжірибе жүзінде есірткі таратушыларды байқаған жағдайда, әрекет ету тәртібі туралы толыққанды көрсетіп, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға үгіттеді. Жастар тиісті сала мамандарына көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алып, өзара еркін пікір алмасты. Сондай-ақ, еріктілер қаладағы есірткі тарататын жазуларды жоюмен қатар, есірткі нүктелерін анықтауға қатысып, 10000-дай үнпарақ таратты. Бүгінде қалада 70 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Онда 1500 ерікті жас бөлініп, қаланың түкпір-түкпірін қалдырмай, аула, көшелерді аралап, есірткі жарнамаларын жоюға атсалысуда.
Сонымен қатар, жуырда Жастар ресурстық орталығында өткен «Заң сіз бен бізге ортақ» тақырыбында құқық қорғау орган қызметкерлерінің жастармен кездесу іс-шарасында қоғамдағы өзекті мәселелелер және оны шешу жолдары талқыға түсті. Жастарға құқықтық сауаттылықты арттыру, нашақорлықпен күрес және құқықбұзушылық тақырыптары жан-жақты талқыланды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев жастарға құқықтық мәдениетті күшейтіп, заңға бағынудың маңыздылығын атап өтті. Қоғамдағы түрлі құқықбұзушылықтардан алыс жүріп, жастарды еліне адал қызмет етуге, ата-ананың үмітін ақтауға шақырды.

Последнее изменение Среда, 16 Октябрь 2024 09:02
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.