АДАМ МЕМЛЕКЕТ ҮШІН ЕМЕС, МЕМЛЕКЕТ АДАМ ҮШІН Избранное

Среда, 16 Октябрь 2024 08:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 213 раз

немесе жергілікті атқарушы органдар қызметін бюрократиядан арылту мәселелері талқыланды

Осыдан бір ғасыр бұрын жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жылтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ» деп кесіп айтқан екен. Бізге халықтың қамын ойлайтын, өз мүддесін шетке ысырып қойып, жұртының қызметінде болатын адал қызметші, әділ басшы керегі талассыз. Дамудың жаңа кезеңіне қадам басып жатқан Қазақстанда басым бағыттың бірі – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы бұл салада тың бастамалар көтеріліп, ілкімді істер қолға алынды.

МЕМЛЕКЕТ АДАМ ҮШІН

Осы орайда, өткен аптаның соңында Шымкент қаласында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай және қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен «Шымкент қаласының тәжірибесінде жергілікті атқарушы органдар қызметін бюрократиядан арылту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
МҚІА төрағасы 2022 жылы Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг пен талдау құзыреті берілген сәттен бастап Агенттік тарапынан мемлекеттік органдарда бұл жұмыстың кешенді жүргізіліп жатқанын айтты.

Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервшілерімен кездесуінде айтқан «Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. «Мемлекет адам үшін» қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн» деген сөздерін тілге тиек етіп, артық бюрократиялық кедергілер мен қағазбастылықтан арылту бағытында мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеу маңыздылығына тоқталды.
Расында, ел Президенті «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» деп басты бағдарды анықтап берген болатын. Бұл қоғамдық санаға серпін беріп, елдің ертеңгі күнге сенімін арттыруда. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде елімізде мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасып келеді. Ал бұл мақсатқа жету үшін «әрбір адам және бүкіл қоғам, құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс».Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп үнемі айтып келеді. Осыған сәйкес, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін, сервистік сипатта ұйымдастырылып жатыр. Бұл – халықтың талабына сай болу, елдің қажетінен шыға білу деген сөз.
Бүгінде халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне қатысты кейбір көңілтолмаушылықтардың бар екені жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметінің басты бағдарына айналып отыр. Ол үшін ашық, әділ, адал, адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастырылып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Мақсат – ел игілігіне қызмет ету. Әділетті Қазақстандағы мемлекеттік қызметті ұйымдастыру осы бағытта жүргізіліп келеді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарының қызметін бюрократиядан арылту бағытындағы талдау жұмыстары аясында 29 мемлекеттік орган мен ұйымдардың, оның ішінде қала әкімінің аппараты, аудан әкімі аппараттары, басқармалар және 400-ге жуық бағынысты ұйымдардың қызметіне жүргізілген зерделеу нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ 2 мыңнан астам функция, 300-ден астам мемлекеттік көрсетілетін қызмет талданғаны айтылды.
Нәтижесінде, 120-ға жуық ұсыныстар әзірленген. Олар ұйымдастыру-басқару құрылымына, функциялар мен міндеттерге, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіруге, құқықтық реттеуге және ведомствоға қарасты ұйымдарға қатысты мәселелерді қамтып отыр.
Агенттік төрағасы жүргізіліп жатқан жұмыстар бюрократиялық рәсімдерді айтарлықтай қысқартуға, азаматтардың уақыт және қаржылық шығындарын азайтуға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алудың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Аталған шаралар азаматтардың талап-тілектерін қанағаттандыруға, адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Іс-шара соңында талқылаулар негізінде қорытынды ұсыныстар жобасын дайындап, тиісті шешімдер қабылдау үшін Үкіметке ұсыныс енгізу қажеттілігі, Агенттіктің аумақтық департаменттеріне бюрократиядан арылту бойынша жергілікті деңгейде жұмысты әрі қарай үйлестіру, анықталған проблемаларды шешу мақсатында орталық мемлекеттік органдармен өзара белсенді іс-қимыл жасап, қажетті шараларды пысықтау тапсырылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Шымкент қаласындағы жұмыс сапары аясында жергілікті мемлекеттік қызметшілермен және жастармен кездесулер өткізді.
Қала активімен кездесуде МҚІА төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашық, әділ және адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында іске асырылып жатқан шараларға тоқталды. Кездесу барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, кадрлық процестерді цифрландыру, мемлекеттік қызметке кіру тәртібін оңтайландыру мәселелері айтылды.
Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметті жаңғыртуға және оның тиімділігін арттыруға бағытталған Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасының негізгі міндеттері және оларды жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.
Іссапар аясында Агенттік төрағасы білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастардың әлеуетін пайдалануға мүмкіндік беретін Президенттік жастар кадр резерві және Өңірлік кадр резервінің мүшелерімен кездесті. Ол Мемлекет басшысының биылғы жолдауындағы «мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті, үміткерлерді қызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн» деген сөзіне тоқталып, резервшілердің біліммен бірге жоғары моральдық құндылықтарды ұстануының маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Дархан Жазықбай Шымкент қаласының белсенді жастары, студенттері және жас мемлекеттік қызметші мектебінің тыңдаушыларымен кездесіп, жастардың мемлекеттік қызметке келуін ынталандыру бойынша енгізілген бастамалар жайлы баяндады.
Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметке кіруді барынша жеңілдету бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен (GPA 3,33-тен кем емес) бітірген 334 түлек аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылданып, қызмет атқаруда.
«eQyzmet» жүйесінде іске қосылған іріктеудің онлайн форматы үміткерлерге 24/7 және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Шымкент қаласының әкімдігі бұл жүйеге 2023 жылы алғашқылардың бірі болып қосылды.
Кездесуге қатысушылар жастарды қолдауға бағытталған жобаларға және жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын ортаға салды.
Расында, кейінгі жылдары қоғам өкілдері, сарапшылар тарапынан кадр мәселесі жиі қозғалып жүр. Осы орайда Агенттік осы мәселеге қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да айта кетті. Мемлекет басшысы «Президенттік жастар кадр резервін» қалыптастыру туралы бастама көтергені белгілі. Содан бері агенттік осы бағытта жұмыстар атқарып келеді екен.
Мемлекеттің әлеуетін анықтайтын – адам мен қоғам. Жаңа Қазақстанның кадрлық әлеуеті мықты болса, рухы биік, тәуелсіздігі берік ел болып дамитыны күмәнсіз. Президент атап өткендей, «Жастар кадр резерві – мемлекеттің резерві». Резервті қалыптастырудағы басты мақсат – көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру.
Президенттік жастар кадр резерві бүгінгі таңда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Осы жұмыс қолға алынғаннан бері кадрлық резервке бірнеше рет іріктеу өтті. Мәселен, өткен жылы Президенттік жастар кадр резервіне 50 адам іріктеліп алынды. Олардың кейбірі мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда түрлі жауапты лауазымдарға тағайындала бастады.Төрағаның айтуынша, Агенттік Президенттік жастар кадр резервіне білімді, алғыр, бастамашыл, инновациялық ойлай алатын жастарды іріктеуді тұрақты жолға қою арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырып жатыр екен.
Иә, «Ақыл – жастан, асыл – тас­тан» деп бекер айтпаса керек халқымыз. Білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші.
Біздің ойымызша, Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлердің басты мақсаты жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерге негізделуі керек. Кадрлық резервке енудің мәні – үлкен бастық болу емес, ел игілігі үшін қызмет атқару. Осындай ұстаныммен ғана жас мамандар арасынан халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік басқару менеджерлері шығады.
– Биік мақсатқа ұмтылған, еңбекқор, креативті жас буын – қашанда елдің арқасүйер тірегі. Ең бастысы, біз жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттасақ деген ниеттеміз, - деп атап өтті агенттік төрағасы. – Жалпы, кадрлық әлеуетті арттыру бағытында сапалы тұрғыдан өзгеріс қажет. Жаңа Қазақстанның мемлекеттік кадрларының бойында елдік мүддені ойлайтын, принципшілдік ұстанымдар болуы керек. Сол арқылы ғана біз мемлекеттік басқару аппаратын қалыптастыруда сапалы өзгерістерге қол жеткіземіз. Сапалы кадрды бізге ешкім әкеліп бермейді, олар – қоғамның ішінде. Біздің міндет – соларды тауып, мемлекеттік аппаратқа тартып, іріктеп алу арқылы кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру.

А.САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.