Өз бетінше емделу өзін орға жыққанмен бірдей Избранное

Пятница, 06 Август 2021 04:02 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1428 раз

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов брифинг өткізіп, шаһардағы коронавирус індеті туындатқан жағдай бойынша соңғы ақпараттарды жариялады.

660

 

Бақытжан Жолдасбек-ұлының айтуынша, жыл басынан бері Шымкентте 20565 адам Covid-19 індетін жұқтырған. Қайтыс болған адамдар саны - 459. Ал кешегі тәулікте яғни 4-тамызда 535 адамнан қауіпті инфекция анықталып, өкінішке қарай солардың 26-ы көз жұмды. Ауырған науқастардың 70 пайыздан астамында ауру симптомдары анық байқалған. Басқарма басшысы таратқан мәлімет бойынша шаһарда коронавирус індетімен күресетін 24 стационарлық клиника бар. Онда бүгінгі таңда 2588 науқас емделіп жатыр. 4-тамыздағы жағдайға сәйкес 323 науқас Covid-19-дан емделіп шықса, керісінше 384 адам ауырып түскен. Олардың 74-і ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Б.Позиловтың сөзінше, коронавируспен ауырып қатты қиналып жатқандардың барлығы да кезінде вакцина алмағандар. Қаладағы 498 реанимациялық орынның 387-і бүгінгі таңда науқастармен толған.
Шаһардың бас дәрігері Шымкентте дәрі-дәрмек қоры толық жеткілікті дейді. Дәрілік препараттар қорын бақылау бойынша тексерулер жүргізіліп, дәрі-дәрмек сақтау қоймалары екі апта, бір айға толтырылып отырады.
Брифингте мәлім болғандай үшінші мегаполис вакциналау жөнінен республикада І орында тұр. Дерекке сәйкес, 536 мың адам екпе алған. Вакциналанғандардың 70 пайыздан астамы екпенің І компонентін, 50 пайыздан астамы ІІ компонентін алғандар.
Бақытжан Жолдасбекұлы індеттің денсаулыққа қатері көп екенін көрген қала тұрғындары өз еріктерімен вакцина салдырып жатқанын айтады. Егер екпе алуды ұжым болып қаласа, ондай жағдайда жылжымалы вакцинациялау бригадасы көмекке келеді. Қалада олардың саны – 25.
– Тұрғындар тарапынан «екпе алса бетперде тақпай-ақ қоюға бола ма» деген сауалды жиі естиміз. Қай жағдайда да бетпердені тастамау керек. Себебі вирус сәт сайын мутацияға ұшырап отырады. Сондықтан вакцина алған адам вирустың басқа штамын жұқтырып алуы мүмкін. Сонымен бірге стационарлық клиникаларда науқастарды емдеп жатқан медициналық қызметкерлер саны бүгінгі таңда жеткілікті дәрежеде және оларға тиісті деңгейде жағдай жасалған. Бұдан
бөлек, медицина ұйымдарына көмектерін аямаған демеушілер мен еріктілерге өз атымнан алғыс айтқым келеді, - деді Б.Позилов.
Брифинг соңында Шымкенттің бас дәрігері тұрғындарды өз бетінше емделмеуге, әсіресе интернеттен, таныстардан көрген ем-дом шараларын жасамауға және егу бөлмелеріне бармауға шақырды. «Ең дұрысы әрбір емханаға бекітілген мобильді топтарды немесе 102 арқылы «жедел жәрдем» шақыру керек. Өйткені ауруханаға түсіп жатқан науқастардың көпшілігі өз бетінше емделемін деп ауруды асқындырып
алғандар», - деді ол.