Спорт ғимараттарының басым бөлігі жарыстарды өткізуге дайын

Понедельник, 15 Июль 2024 12:00 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1056 раз

2024 жылдың 24 мауысымы күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Маратұлы Жарасбаев, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Фаридұлы Нұров, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Құтжанұлы Есентаев қатысып, журналистер сұрағына тұщымды жауап берді.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев сөзін көшпенділер ойындарына дайындықтың аралық қорытындысынан бастады.

«Ең алдымен, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырушылар құрамына Қазақстан Республикасының Үкіметі, Дүниежүзілік этникалық спорт түрлері конфедерациясы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы кіргенін айтқым келеді.

20 маусымда ЮНИСЕФ (БҰҰ Балалар қоры) пен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. ЮНИСЕФ 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми серіктесі мәртебесіне ие болды», – деді Серік Жарасбаев.

Туризм және спорт вице-министрінің айтуынша, спорт ғимараттарының басым бөлігі жарыстарды өткізуге дайын. «Алау» мұз сарайы мен «Астана Арена» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, олар 15 тамызда аяқталады деп күтілуде. «Қазанат» ипподромындағы құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталады деп жоспарланған.

Көктемгі ауқымды су тасқынына байланысты Мемлекет басшысының, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға жұмсалатын шығындарды қысқарту қажеттігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында Ойындар бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Ойындардың ұзақтығы бір күнге қысқарып, 8-13 қыркүйек аралығында өтетін болды. Қатысушылар мен елдер саны да азайды.

Корей күресі Ссирым спорттық бағдарламадан шығарылды. Бірқатар спорт түрлері бойынша салмақ категориялары да азайтылды. «Ұлы дала жорығын» қоспағанда, спорттың 10 түрінен тұратын арнайы қойылымдар ойындар бағдарламасынан толығымен алынды. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Татарстан Республикаларының басшылықтарының өтініштері бойынша, ойын бағдарламасына Көк бөрі және «Көрәш» енгізілді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алаңында 370 төреші 21 спорт түрі бойынша төрешілік қызмет атқарады. Сондай-ақ, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел құрамасы сапында өнер көрсететін спортшылар мен спорттық жылқылардың функционалдық және психологиялық жағдайын бақылау үшін ветеринар, биолог, генетик, спорттық психология және медицина мамандарының жетекші ғалымдарынан тұратын екі кешенді ғылыми топ құрылды.

 

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындайындау
және өткізу жөніндегі дирекцияның баспасөз қызметі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.