ЖЕКПЕ-ЖЕК СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖЕҢІСТІ ДӘСТҮРІМІЗ БАР Избранное

Среда, 17 Июль 2024 05:54 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1030 раз

Биыл Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына санаулы күндер қалды. Еліміздің спортшылары осынау аламанға тыңғылықты дайындық жүргізуде. Таяуда Мемлекет басшысы олимпиадашыларға сәттілік тілеп, Туды спортшыларға табыс етті. Ел қоржынында жалпы 25 спорт түрінен 90-ға жуық лицензия бар. Ал Шымкент қаласы спортшылары дүбірлі додаға қаншалықты дайын? Олимпиада үміттері кімдер?

Paris1

 

Шаһар спортшылары төртжылдықтың басты бәсекесіне 12 жолдама жеңіп алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Жалпы айтқанда, жоспар артығымен орындалды. Дегенмен, саннан гөрі сапаға көңіл бөлудің де маңызы зор.
Кімдерге үміт артамыз? Біз әлемдік дүбір алдында «Олимпиада үміттері» айдарын ашып отырмыз. Жолдама жеңіп алған жерлестерімізді жақыннан таныстырып, мүмкіндіктерін бағамдап көрсек. Алдымен жекпе-жек спорты өкілдерінің әлеуетіне үңіліп көрейік. Атап айтқанда, бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан, грек-рим күресінен Азия чемпионы Әлімхан Сыздықов және таэквондодан құрлық жеңімпазы Самирхон Абабакиров – ел үміті. Қалада жекпе-жек спорты өкілдерінің жеңісті дәстүрі бар. Өткен Олимпиадада каратэшілер қос қоланы қоржынға салған еді. Бұл жолы да сенім артар өрендеріміз бар. Шымкент қаласының боксшылары әр Олимпиада ойындарында бақ сынап келеді. Бұл жолы сол дәстүрді жас дарын Махмұд Сабырхан жалғастырып отыр. Өткен жылы әлем чемпионатында топ жарған жерлесіміз Париж ойындарының жолдамасын жеңіп алды. Ол Италияда өткен әлемдік іріктеу турнирінде әлеуетті қарсыластарынан басым түсті. Енді жас та болса бас болып жүрген Махмұдтың тілеуін тілейміз.
Махмұд Айдарханұлы – Шымкент қалалық «Кәсіпқой бокс түрлері» клубының спортшысы. 2001 жылы Шымкент қаласының қазіргі Маятас елді мекенінде туған. Бокс өнерімен 9 жасынан бастап шұғылданады. Оның бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 2018 жылы Тайландта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 49 келіде үздік шықты. Одан әрі осы жылы Будапештте (Венгрия) өткен жастар арасында әлем чемпионатында қола жүлде алып, әлемдік деңгейде таныла бастады. Сөйтіп 2019 жылы Ұланбатырда (Моңғолия) өткен жастар арасында Азия чемпионатында топ жарып, ересектер сапына ауысады. 2020 жылы Шымкентте өткен ересектер арасында ҚР чемпионатында алғаш рет ел үздігі деген атаққа қол жеткізді.
2021 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алса, 2023 жылы әлем чемпионатында жарқырай көзге түсіп, елге алтын жүлдемен оралды. 2023 жылдың соңында ҚР Спартакиадасында 57 келіде жеңімпаз атанып, Олимпиада жолдамасына таласу құқығын жеңіп алды. Әлемдік іріктеу турнирінде елдің үмітін ақтап, Олимпиада ойындарында жүлде алсам деген мақсатына жақындай түсті. Махмұд Сабырханның техникалық әдіс-айлалары да уақыт сәтімен толыға түсуде. Махмұд барлық стильде жұдырықтаса біледі. Шабуылда, қарымта шабуылда, қарқынын үдетіп, шаршы алаңда еркін ойқастайтын дарынды спортшы.

Paris2


Әлем чемпиондары – Абдумалик Халоков (Өзбекстан), Жамал Харвей (АҚШ), әлем чемпионатының жүлдегері – Сайдел Хорта (Куба), Азия ойындарының күміс жүлдегері Шудай Харада (Жапония), Еуропа құрлығынан Хавьер Ибанес (Болгария), Василий Устрой (Бельгия) сынды жампоздар Париж шаршы алаңында Олимпиада жүлделерін сарапқа салады. Олардың арасында әлем чемпионы Махмұд Сабырханның да өз орны бар. Біз жерлесімізге сәттілік тілейміз.
Таэквондошы Самирхон Абабакиров спорт шебері. Азия чемпионатының, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы. ҚР Жазғы Спартакиадасының және ҚР чемпионатында топ жарған. Қытайдың Тайань қаласында өткен турнирде 58 келіге дейінгі салмақта лицензияға ие болды. Осылайша, 20 жастағы спортшы өзінің алғашқы Олимпиадасына аттанбақ.
2003 жылы Шымкент қаласының қазіргі Сайрам тұрғын алабында дүниеге келген ол 8 жасынан бастап таэквондомен шұғылданады. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар. Кезінде Олимпиада ойындарында бақ сынаған Нұрсұлтан Мамаев бүгінде Самирхонның жеке бапкері. Енді шәкіртін шыңға шығарсам дейді.
С.Абабакиров 2022 жылы әлем чемпионатында бесінші орынға иелік еткен. Бүгінде Олимпиадалық рейтингтің 13-ші сатысында тұр. Қазір Италияда Олимпиада алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. 20 шілдеге дейін сонда болып, 20 шілдеден 4 тамыз аралықта Будапештте дайындықты жалғастырады. 7 тамыз күні Парижде жарыс жолына шығады.
Грек-рим күресінен Әлімхан Сыздықов құрлықтық іріктеу сайысында жоспарды орындады. Азия чемпионы, Жазғы Азия ойындарының жүлдегері. Аса ауыр салмақта Әлімхан Сыздықов та – ел үміт артқан сақа спортшылардың бірі. Балуанның жеке бапкері Бисолт Дециев лицензиялық турнирге жеңімпаз болу үшін баратынын айтқан еді. Бішкекте өткен іріктеу сайысында Түркіменстан, Қырғызстан өкілдерін жеңіп, Парижге жолдама алды.
Сыздықовтың мойнындағы жауапкершілік жүгі ауыр. Осылайша шымкенттік балуандар да Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсатын орындады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.