БҮГІНГІНІҢ ТОЛАҒАЙЛАРЫ ТАУ ЕМЕС, ТАС КӨТЕРДІ Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 664 раз

Шымкентте 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушыларды іріктеу мақсатында көптеген спорттық іс-шара өткізілуде. Соның бірі – «Толағай» алыптар сайысы. Мұндай жарыс бұрын-соңды өткен емес. Бұл сайысты өткізудегі мақсат – ұлы даланың батырларын насихаттап, қазақтың этноойындарын дәріптеу.

TasK

 

Іріктеуге қала бойынша 15 азамат ниет білдірген. Олардың ішінде күш атасын танымайтын балуандар, сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де бар.
Білекті батырлар спорттың 5 түрі бойынша, яғни салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 100 келі қапты көтеру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті.
Биыл 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
8-14 қыркүйек аралығында Қазақстанда, Астанада өтеді. 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы, 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Сондықтан елімізде осы жарысқа дайындық қызу жүруде.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ең алғаш Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылған.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Қырғызстанның жобасы. Халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болып, барған сайын Еуразия кеңістігін ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударып отыр. Бұл жарыс ең алғаш 2014 жылы ұйымдастырылып, әр екі жыл сайын қатарынан 3 рет Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен.
2014 жылы жарысқа 19 елден 10 спорт түрінен
583 спортшы, 2016 жылы 62 елден 26 спорт түрінен
1 200 спортшы, 2018 жылы –82 елден 37 спорт түрінен 2 000 спортшы қатысқан.
Ал, 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтіп, 102 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы қатысты.
Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
– Бұл сайыс қыркүйек айында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Шымкент қаласы бойынша іріктеу кезеңі болып саналады. Бес сайыстың қорытындысы бойынша анықталған үздіктер алдағы республикалық турнирде бақ сынайды, – деді ұйымдастырушылар.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынға Бағдат Маматқұл ие болды. 2-орынды Бағлан Мырзатаев қанжығалады. Нимаджан Халметов пен Сәулет Абдусалихов үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.