ҚАУІП ЖОҚ ДЕМЕ...

Среда, 26 Июнь 2024 06:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 643 раз

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі қызметтерінің бірі – қала аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қаланың климатына байланысты судағы қауіпсіздік бойынша сәуір айынан бастап қарқынды түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, 85 рет рейд өтті (9652 адам қамтылды). Бұл бағыттағы жұмыстар демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізілуде.

 

Қала әкімінің қаулысымен (02.05.2024 жылғы №2198) 2024 жылғы жазғы шомылу маусымында Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар туралы жоспары бекітілген. Қаулыға сәйкес, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді.
Шымкент қаласы аумағында су айдындарында 5 ресми орын белгіленген (Қаулы 13.05.2021ж. №289), оның үшеуінде шомылуға рұқсат етілген. Олар: «Холодильник» және «Рахат Бадам» демалыс орындары мен Қошқарата өзенінің бастауы. Қалған 2 орын спорт және туризмге арналған, олар: дендрологиялық саябақ пен Жайлау көл.
Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 13 орын айқындалып, 25-тен астам ескерту белгілері орнатылған.
Шомылуға тыйым салынған орындар:
Бадам өзенінің қала аумағында орналасқан барлық арналары, Сайрамсу өзенінің қала аумағында орналасқан барлық арналары, Текесу су қоймасы, Ақжар су қоймасы, Шымкент магистралды каналдың қала аумағында орналасқан барлық арналары, Янгишек каналының қала аумағында орналасқан барлық арналары, Қарасу өзенінің қала аумағында орналасқан барлық арналары, өзеннің бастауын қоспағанда Қошқарата өзенінің қала аумағында орналасқан барлық арналары, Қайнарбұлақ жасанды көлі, Азат каналы, Көкбұлақ каналы, Сасық каналы.
Жалпы су пайдалану қағидаларын бұзған жағдайда Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 412-бабына (судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау) сәйкес хаттама толтырылып, 7 АЕК шара қолданылады.
Өткен жылы Полиция департаментімен бірлесіп өткізілген патрульдеудің нәтижесінде осы бап бойынша 14 тұлғаға 217 350 теңге айыппұл салынды.
Бүгінгі күні республика бойынша су айдындарында 32 адам суға батты, оның 7-і – бала.
Түркістан облысында жыл басынан бері 5 жазатайым оқиға орын алған, ал Шымкент қаласында жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ.

Нұржан ҚАРАКӨЗЕВ,
Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің
Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.