ӨЗ ТІЛІҢ – БІРЛІК ҮШІН, ӨЗГЕ ТІЛ – ТІРЛІК ҮШІН

Среда, 26 Июнь 2024 06:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 193 раз

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы «Тіл үйретудегі белсенді әдіс-тәсілдер» семинар-тренингін өткізді. Іс-шараға жоғары оқу орындары, мектептер мен оқу орталықтарынан 40-қа жуық тіл маманы мен лингвист-ғалымдар қатысты.

 

Семинарда тілдерді оқытып-үйретуде белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану, оқытудың тиімді жолдарын қарастыру, жалпы оқыту жүйесіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді анықтау, тіл мәдениетін жетілдіру, латын графикасына кезең-кезеңмен көшу мәселелері талқыланды.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы «Қазақ, орыс және латын тілдері» кафедрасының аға оқытушысы Динара Кемелхан «Қазақ тілін оқытуда цифрлық технологияларды қолданудың тиімді жолдары» тақырыбында баяндама жасап, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Айдана Ораз, филология ғылымдарының магистрі Ділдәгүл Арынбаева «Қазақ тілін үйретуде мнемотехникалық әдістерді қолдану» тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар, орталықтың ағылшын тілі маманы Жансая Жақсыбекова «Тілдерді үйретудегі тиімді әдіс-тәсілдер», латын графикасын оқыту және ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізу бөлімінің басшысы Гүланар Қалдыбаева «Латын графикасына көшудің алғышарттары» тақырыптарында баяндама оқыды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, психология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының (МАПН) корреспондент-мүшесі Заурет Кабылбекова «Тиімді қарым-қатынас негіздері» атты психологиялық тренинг жүргізді.
Семинар барысында спикерлер қазақ тілін оқытуда цифрлық технологияларды қолданудың тиімді жолдары, жасанды интеллектіні, мнемотехникалық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып қазақ тілін үйретуді дамыту және тілімізді цифрлық кеңістікте өркендету жолдары туралы ой бөлісіп, сондай-ақ латын графикалы әліпби мәселесін, емлені бір жүйеге түсіру жолдарын тілге тиек етті.
Тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Артық әріптері көп әліпби қолайсыз болады» деген. Еліміздің білім, ғылым, саясат пен техника т.б. жазбаша ақпаратты қажет ететін салаларында смарт және сандық технологияның қарыштап дамыған көшіне ілесу үшін жаңа латын әліпбиіне көшу маңызды. Семинарда алдымен әріптердің мазмұнын, құрылымын, тұрпатын қабылдауға кезең-кезеңмен өтудің тиімділігі туралы сөз қозғалды.
Семинар-тренингте психологиялық топтық жұмыстар, ой қозғаушы іскерлік ойындар өткізілді.

Г. ҚАЛДЫБАЕВА,
Тілдерді оқыту- әдістемелік орталығының латын графикасын оқыту және ақпараттық насихаттау жұмыстарын жүргізу бөлімінің
басшысы

Э.ҚАСПАҚОВА,
орталықтың әдіскері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.