Хан Кене рухы мәңгі тірі Избранное

Среда, 17 Июль 2024 05:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 826 раз

немесе
«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы – әдебиетіміздің елеулі табысы

Қазақ халқы ұлт-азаттық күресінің көсемі Кеңесары ханның он жылға созылған жорығын кең көлемде бейнелеген белгілі жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының әдебиетіміздегі орны бөлек. Оның бұл жауапкершілігі үлкен, қасиетті де құдіретті тақырыпқа табандылықпен тайсалмай барған дүниесі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы әбден орынды. Автор көп ізденген, көп еңбектенген. Онсыз оның үш ғасыр көлеміндегі қанды қырғын оқиғаларды жинақтай суреттеуі мүмкін еместей. Әсіресе, тарихи тұлғаларымыздың бейнесін даралап, өздеріне тән қасиеттерімен сомдаудағы жетістігі сүйінтті. Жазу мәнері – ешкімді қайталамайды, өзіндік сыршылдығымен, шыншылдығымен тартымды.
Бірінші «Арланның азуы» кітабы қазақ халқының соңғы ханы Кенесарыны тұтқындап, өлтірген Орманбет манаптың албан-суанның аға сұлтаны Тезек төрені анасының асына шақыруынан өрбиді. Ә дегенде автордың «мұнысы қалай, Кенесары хан жорығын бейнелеудің орнына, оны өлтірген қырғыз манабы мерейінің үстемдігін марапаттаудан бастағаны несі?» деген әрі-сәрі күй кешкеніміз, көп ұзамай автордың суреткерлік шешімінің дұрыстығына көз жеткізіп, сабамызға түскеніміз бар.

kitaP

 

Бажайласақ, жазушы әуелі оқырманын екі елдегі билік тізгінін ұстағандардың жан дүниесімен, рухани ой әлемімен таныстыруды, сол арқылы тарихи тұлғалардың тіршілік тынысын барынша сомдай бейнелеуді көздегені байқалады. Мысалы, Кенесары Абылай ханға – немере, Тезек төре – шөбере. Сондай туыстық-жақындығы бола тұра бауыры Кенесары ханды өлтірген Орманбет манаптың анасының асына Тезек төренің бармауы мүмкін емес. Бармаса, «немерелес туысымен астыртын байланыста болған» деген сыпсың сөзді ертең манап орыс отаршылдарына жеткізсе, шаруасының қиындайтынын жақсы білген ол пендешілік шырмауынан шыға алмаған. Тезек төре өзінің абырой-беделін ойлап, Орманбет манаптың берген асына Сұраншы батыр мен Сүйінбай ақынды, Бөлтірік шешенді ертіп барады.
Сән-салтанаты келіскен аста қырғыз ақыны Қатаған мен қазақ ақыны Сүйінбайдың айтысын автор шығарма желісіне енгізгендегі мақсаты – біріншіден, оқырманға эстетикалық ләззат сыйлау, екіншіден, екі елдің рухани жан дүниесі, ой дүниесі байлығының қаншалықты деңгейде екенін талғам таразысына салуды көздеген. Әрі, айтыс сөздерінің мазмұнындағы жайттарға қарай автор шегініс жасаған. Сол арқылы екі елге қатысты ескі тарихты жаңғыртып отырады. Бейбіт сүйгіш халқымыздың 1723 жылы жоңғарлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» азабына ұшырап, жылдар бойы ес жия алмауына жоңғарларды желіктіріп бізге қарсы айдап салған орыс пен қытай ғана емес, қоқан мен қырғыз билеушілері де кінәлі екені шығармада жан-жақты бейнеленген.
Жоңғарлар шабуылы кезінде елінің азаттығы үшін қаншама жастың қыршынынан қиылып, қаншама шаңырақтың күйреп, жоқ болғанына, тірі қалған қазақтардың бас сауғалап босып кеткеніне байланысты бір шеті Құлжа, Кеген, Нарынқол, екінші шеті Шу, Талас, Балқаш, Ташкентке дейінгі аралықтағы бос қалған жерді иемденуді көздеген қырғыз манаптарының жантүршігерлік толассыз шабуылы шынайы суреттелген.

kitaP-1


Айырқалпақты қырғыз ағайындар тағдыр талқысымен атажұрты Енесайдан арып-ашып жеткенде, Үйсін атаның ақсақалдары мен билері құшағын жая қарсы алып, төріне оздырып, бауырына тартып, Алатаудың күнгейін, одан әрі Ергененің (Ферғананың) таулары мен жазығына дейінгі жер аумағын басыбайлы сыйлағанын, енді бүгін сол жақсылықты ұмытып, Қоқан бектерінің айтақтауымен өзіне жау болып, қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратуын қалай бағаларыңды білмей дал боласың.
Талай ауылдарымызды қызыл қанға бояп, астамшылығының асқынғаны соншалық атажұрт үшін шайқаста құрбан болған қазақтардың басынан кәлламұнара тұрғызған, өзін «қырғыздың ханымын» деп жариялаған Сәдірдің пиғылын таныған игі жақсылар көмек сұрап, Бұқар жырауды Көкшетаудағы Абылай ханға жұмсауы, Абылай ханның «мен қырғыз халқымен соғысуға бармаймын, Сәдірлермен соғысуға барамын» деп жорыққа дайындалуы роман-трилогия рухын барынша асқақтатып тұр.
Абылай және өзге де хандар айтылғанымен роман-трилогияның басты қаһарманы – сұлтандар мен би-шонжарлардың басын қайтсем біріктірем деген Кенесары хан. Екінші кітап «Серт» толығымен хан Кененің қаһармандығына арналған.
Кенесары сұлтан Орынбор өлкесінің губернаторы Перовскийге Абылай хан атасы тұсынан өз бауырларымен, өз туысқандарымен сыйласқандай орыстармен сыйластықта болғанын, алда да бола беретінін, алайда Омбы, Петропавл басқыншыларының қазақ халқы бейбіт өмірінің тыныштығын кетіруіне байланысты кикілжіңге барғанын; Ресеймен бұрын-соңды жанжалдасуды ойламағанын, халқына қауіп төнбесе, достық қарым-қатынасты сақтайтынын жоғарыдағы ұлық ағзамға жеткізуді сұрап хат жазуы, оны Перовскийдің құптауы; Горчаков бастаған басқа орыс ұлықтары кері әрекетке көшіп, «Кенесары ауылдарын қанға бояп, жақын адамдарын тұтқындасақ, мал-мүлкін тартып алсақ, ақ патшаға берген уәдесін бұзуға мәжбүр етеміз деген арам ойларын жүзеге асыруы – ханның бітіспес күрес жолына түсуіне басты себеп болғанын автор шынайы ашқан.
Хан Кене ақ патша адамдары ғана емес, бұра тартқан туысына да аяушылық танытпады. Көзқарасы үйлеспеген старшын Балқожаның ауылын шауып, қапияда ұлы Алтынсарының (Ыбырайдың әкесі) көз жұмуы, мал-мүлкін түйелерге артып әкете бастауын соғыс кезеңіне сай қаталдық деп білеміз. Балқожа бидің қызы Назеркенің ханның алдына келіп, «мен дүние есігін ашқанда әкемнің досы сіз қандай көрімдік берсем екен?» дегеніңізде, әкем Балқожа «балам есейгенде көрімдігін өзі сұрап алар» деген екен. Сол көрімдікті сұрай келдім» деуі, сөзден жеңілген Кенесары ханның түйелерге артылған мүлікті кері қайтаруы, шылбырмен маталған тұтқындарға бостандық беруі жан сүйсінер өреде суреттелген.
Арада бір жыл өткен соң, Назерке Кенесары ханға арнайы барып, бәйбішесі екеуін қонаққа шақыруы, ханның «орыс патшасына ант берген қыпшақтың үйіне бармаймын» деуі, Күнімжан бәйбіше: «Төрем, алдыңа кеп отырған көп батырдың бірі емес, қыз бала» деп райынан қайтармақ болуы, Назеркенің: «Хан көке, әкемнің досы сізді орыс патшасына ант берген Балқожа би шақырып отырған жоқ, елдің азаттығын аңсаған, амандығын тілеген, сіздің мәрттігіңізге бас иген мен шақырып отырмын», – дей келе өз ырқына көндіруі – тапқырлықтың тамаша үлгісі.
Осы шағын эпизодта үш адамның; Кенесары ханның қатал, қатты, Күнімжан бәйбішенің тұлабойы мейірімге толы сабырлы, салиқалы, Назеркенің ер мен ерді ғана емес, ел мен елді елдестірер даналық мінезі даралана бейнеленген (екінші кітап, 253 б).
Шығармада Кенесары хан Балқожа бидің үйінде қонақ болып, қоштасар сәтте Назерке қызына бата бермекке ыңғайланғанда: «Хан көке, батаңызды маған емес, Алтынсары бауырымның жалғыз ұлы Ибраһимге беріңізші», – дегенінен оның бауырмал-мейірімділігін ғана емес, ертеңгі күні ел анасы болатын болмысын да танып, сүйсінеміз. Кейін Балғожа бидің немересі Ыбырай Кенесары мұратын ту еткен, ұлтын, елін сүйген ұландарды тәрбиелеп шығарды.
Туындыдағы намысыңды тас қайрақша қайрар көріністің бірі – Кенесары хан құнын қуып, айырқалпақ киген манаптарды шапқалы атқа қонған Тәнеке би мен Барақ сұлтан жорығы дер едік. Қазақ сарбаздарының қаһарынан ығып, Қоқан ханының қарамағына бас сауғалай қашып барған Орманбет, Жантай, Жанқараш манаптар: «Қырғыз елін қырғыза көрме, сұрағандарын беріп, көнбей бара жатса аздап қан шығарып, алдаусыратып аттандырып сал» деп Шыжым биге ауыр міндет жүктеуі, оның ол міндетті ойдағыдай орындап, сөйлеген сөзімен де, қимыл әрекетімен де, тапқыр шешімімен де екі халықтың өзара тіл табысып тату-тәтті тірлік кешкен бейбіт өмірге ештеңе жетпейтініне ой жүгіртуі – қырғыз халқының даналығы дерліктей. Оның қаһарға мінген Тәнеке би мен Барақ сұлтанның алдына ақ қалпағын тастай салып: «Айыбымыз жоқ, тек жапа шеккен жұртпыз деп айта алмаймыз. Арадағы жанжалды ұшындырған сөзге еріп, бір жағына қиқайған шоң мен шоралардың қылығы – бізді осыған әкеп отыр», – дей келіп, «қалың қазақтың ортасындағы сұлтандар сатқындыққа барып, Кенесарыны көзіне шұқып қудаламағанда қырғыздар да жат мінез көрсетпес еді» (387 б.) деуі қара қылды қақ жарған әділ би екенін дәлелдейді.
Шыжым бидің лебізін естіген Тәнеке: «Біз қазақ пен қырғыздың арасын ашуға, ортасына жік салуға келген жоқпыз. Ел ішіндегі шектен шыққан содырларды сабасына түсіріп, тәубасын ұмытпауды ескертуге, ханымыз Кенесарының, сұлтандардың, сарбаздардың өліміне кінәлілерді іздеп, кек алуға келдік. Кінә – халықта емес, халықтың арасындағы бишікештерде» дейді. Екі жақ бітімге тоқтайды.
Үшінші «Рух» кітабында хан Кененің өзі болмаса да оның тәуелсіздікті көздеген мақсат-мұраты ұлы Сыздық сұлтан арқылы күреспен жалғасып жатты.
Кенесары ханның басы шабылар алдында айтылған «Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады!» дегені – сөз күйінде қалмады. Оның өрелі ісін ұрпағы жалғастырды, халқы қолдады. Азаттық үшін жан кешкен батырлар ғана емес, қазақ халқы бодандыққа қарсы тұрды. Сондай қарапайым қарттардың бірі – Батырбек датқа бейнесі сәтті сомдалған. Әулиеата мен Түркістан өлкесін орыс билігіне қарату туралы тапсырма алған генерал майор Черняевтың Батырбек датқа мен Шоқанды қабылдауы, генералдың алдында жуандар «алдияр тақсырлап» бас шұлғи беретінін көріп жүрген Шоқан датқаның генералмен тілдескенде өзін теңдей, тіпті кейде одан жоғары ұстағанына, әр сөзін нық, қысқа қайырғанына қайран қалуы; қызметтен қолы босасымен датқаның үйіне іздеп барып, ұзақ әңгімелесуі, ең соңында, ұнатқан адамының «мына басқыншы орыстар қам-қарекетсіз жүрген қазақтарды өлтіру үшін өмір сүреді» (екінші кітап, 31 б.) дей түсіп, кейде адамның жақсы ниетпен де жаңсақ қадамға баратыны, саясаткердің әр елге керек екені, алайда мансап көздеген барлық саясаткер қатыгез әрі қорқақ болып келетіні, оны Қоқан хандығынан, Бұхара билеушілерінен, енді орыс патшасынан көріп отырғаны туралы сыр шертуі Шоқанды қатты ойландырады. Әсіресе, Әулиеата халқын, бала-шаға, жас-кәрі демей қанға бояп, аяусыз қырғынға ұшыратқан қанішер генерал Черняевқа қызмет етіп, туған халқын бодандыққа беріп қойғанын түсінген оның көзқарасының түбегейлі өзгеруін – Батырбек датқа ұстанымының шарапаты деп ұқтық. Оның болмыс-бітімінен халқымыздың дана кейпін көргендей болдық.
Роман-трилогияда орыс отаршылдығына қарсы күресте табанды қажыр-қайрат танытқан Абылай, Қасым, Кенесары, Сыздық, Алаш көсемдерінің ерлігі естен кетпестей бейнеленгені арнайы зерттеуді қажет етеді. Шығарма құрылымы тартымды, оқырманды алда не болады екен деген ойда қызықтыра жетелеп отырады. Кез келген құбылысты суреттеудегі автор тілі бай, бейнелі.
Әділбек Ыбырайымұлы «туған халқымның игілігіне бір үлесімді қоса алсам» деген ізгі ниеттегі ізденіс жолында аса күрделі, салмағы ауыр тақырыпқа тайсалмай барғанын көріп отырмыз. Кене хан жайлы көркем дүниені ұзақ жыл аңсап күткен қалың оқырман үмітін ақтағанына ризашылығымды білдіремін. «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы – елімізді шексіз сүйіп, оның басқа елдермен тең дәрежеде дамуына қажыр-қайрат, күрескерлік рух, сенім сыйлайтын, қайталанбайтын кітап, әдебиетімізге қосылған асыл қазына деген тұжырымға келдім. Сондай-ақ, бұл көлемі өте үлкен, он жылдың шамасында жазылған еңбектің Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты екенін айтамын. Мемлекеттік сыйлық осындай еңбектерге берілуі тиіс. Бізде кешеге дейін ұлт намысының ақ туы – Исатай-Махамбет, Кенесары, Алаш ардагерлері, Бауыржан Момышұлы тәрізді тума батырлар көп еді. Комиссия мүшелері арасында да батыр мінезді, қара қылды қақ жарар әділеттілер отырғанына сенемін.
Тәуелсіз ел атанғалы бері Кенасары ұлт-азаттық көтерілісі туралы айырқалпақ ағайындар да әділет жолына түсе бастағанын автор қырғыздың белгілі тарихшысы Зәмірбек Осаровтың Кенесары қырғызға соғыс аша келмегені, керісінше көмек сұрай келгені туралы жазғанына тоқтала отырып, «егер біз қазақтың ұлы ханы Кенесарыға қырғыз халқының жасаған қиянатын айтып, Бішкекте оған ескерткіш орнатсақ, сөйтіп бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрасақ жөн болар еді» деген парасатты пікірін орынды келтірген. Бұл «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген халық даналығынан тәлім алып, екі туыс халықты жақындастыра түсуді мақсат еткен қадам.
Роман-трилогиядағы бас қаһарман Кенесары хан қазасын ойлағанда, одан әлденеше уақыт бұрын өмір сүрген ержүрек итальяндық ақын Джардо Бруно еске түседі. Ол – Коперниктің күн жерді емес, жер күнді айналады деген пікірін қолдағаны үшін сегіз жыл зынданда отырып, адам айтқысыз азап шексе де, сенімі мен ұстанымынан айнымайды. Надан тобыр оны өртеп өлтірер сәтте: «Қаһармандық рухтағы хас батырларға бүкіл жаманшылық бақ болып оралады. Олар тұтқынға түссе де, оны ұлы еркіндіктің жемісі ретінде қабылдайды. Жеңілістің өзін келесі бір жеңістің жәрдемшісі ете алады. Менің бүгінгі жағдайым ешқандай да жеңіліс емес, жеңіс» – деген соңғы сөзін ескерсек, қазақ мемлекетін қалпына келтіруді көксеген Кенесары күресі жеңіліс таппаған. Хан Кене рухы мәңгі тірі, ол бізбен бірге жасай береді деген ойымды толық сеніммен айта аламын.
Кенесарының «Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» дегені ақиқатқа айналды. Кенесары хан қаһармандығы, мемлекетшілдігі, күрескерлігі, әділетті қаһарлығы – жасампаз Ұлт идеясы болуы тиіс.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты,
бауыржантанушы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.