ТАҢБАЛАУ – ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ САПАСЫН БАҚЫЛАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН АМАЛ Избранное

Среда, 17 Июль 2024 05:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 673 раз

Елімізде 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық дәрілік заттарды цифрлық таңбалау басталды. Осыған орай,  Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ляззат Қашқымбаева, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева және отандық тауар өндіруші, дистрибьютор компаниялардың өкілдері қатысқан баспасөз мәжілісі өтті.

Tanbalau

 

Мамандардың айтуынша, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау – фармакологиялық қадағалаудың тиімділігін арттыруға, препараттардың сапасын бақылауға, дәрілік заттардың өндіріс кезеңінен бастап түпкілікті тұтынушыға жеткенге дейінгі мониторингін жүргізуге, заңсыз айналымға, оның ішінде жалған өнімге қарсы тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін амал.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 66 медициналық ұйым дәрілік заттарды таңбалау бойынша 2D сканер және деректерді жинау терминалымен қамтамасыз етілген.
–Таңбалаудың маңыздылығы – дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі жөніндегі ақпаратты қолжетімділік етіп, меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдарда өндірушіден пациентке дейінгі әр қаптаманың есебін қамтамасыз етеді. Жалған өнім айналымын тоқтатады, – дейді Сәуле Сансызбайқызы.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда дәрілік заттардың 90 түріне цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі енгізілген болатын. Енді 1 шілдеден бастап көтерме саудадағы субъектілер дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізбеген медициналық ұйымдарға, дәріханаларға босатпайтын болады.
Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінде жұмыс істеу үшін дәріханалар ақпараттық жүйе арқылы препараттарды қабылдауы қажет. Ол үшін жеке компьютер, деректерді жинау терминалы немесе ұялы телефон (iOS немесе Android негізіндегі смартфон) болса жеткілікті. Дәріхана қызметкері дәрі-дәрмекті сатқан кезде кодты оқуға арналған сканері бар бақылау-касса машинасын, POS-терминалын немесе ұялы телефонды пайдалана отырып, ақпараттық жүйеде дәрілік затты айналымнан алуы тиіс.
Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторы қызметкерлері дәрілік заттарды сату үшін дәріханаларға не істеу қажет екенін еске салады:
1. Бақылау-кассалық машинаның (БКМ) болуы. Бұл ретте бақылау-касса машиналарының міндетті болуы таңбалауға байланысты емес және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №208 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасында 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
2. Таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде таңбаланған дәрілік препаратты айналымнан қабылдау және шығару үшін бақылау-кассалық машиналармен үйлесімді 2D сканерін алыңыз (2D сканерлерінің орташа құны 13 мың теңге).
3. Бақылау-касса машинасы болмаған жағдайда, таңбаланған дәрілік затты мобильді бақылау-касса машиналары (WebKassa, Rekassa және т.б.) немесе ұялы телефон арқылы сатуға және айналымнан шығаруға болады.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта таңбаланған дәрілік заттарды айналымнан шығаруды бірқатар екінші деңгейлі банктердің төлем терминалдары арқылы жүзеге асыруға болады.
Қадағалау функциясынан басқа, тегін Naqty Onim қосымшасы тұтынушыларға өнімнің дәріхана сөрелеріне дейін толық жолын, сатып алынған дәрінің Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті рұқсат етілген бағаға сәйкес келетінін білуге мүмкіндік береді. Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы жылына екі рет бекітіледі. Егер таңбалау кодын сканерлегеннен кейін сатып алушы дәрінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін немесе дәрі-дәрмектің құны рұқсат етілген бағасынан жоғары екенін анықтаса, онда ол шағымды қосымшада қалдыра алады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.