ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІНІҢ БАСТАУЫНДА БІЛІМ ТҰРСА... Избранное

Среда, 17 Июль 2024 06:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 787 раз

Бүгінгі қоғамда кездесетін сыбайлас жемқорлық, рухани азғындық, кейбір адамдардың ішкі мәдениетінің төмендігі мен мамандардың біліксіздігі секілді көптеген проблемаларды түбегейлі шешудің бірден-бір жолы – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру.  Түбегейлі ұлттық модернизацияны жүзеге асырмайынша, мынау жаһандану дәуірінде өркениет көшіне ілесіп, бәсекеге қабілетті ұлт, өркендеген мемлекет болуымыз екіталай. Ал, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың ең сенімді жолы – білімді, білікті, саналы һәм парасатты ұрпақ өсіру. Бүгінде мемлекет жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр. Соның айқын мысалы ретінде – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын айта аламыз.

JailiMeKK

 

Отандық білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға сай болуы үшін әуелі мектептің сәулеті мен дәулеті, материалдық-техникалық базасы соған лайық болуы шарт. Әйтпесе, үш ауысымды мектепте оқушылары сыныпқа сыймай, дәлізде дәріс оқып жүрген жағдайда қайдағы сапа туралы сөз қозғамақпыз?! Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қазақстандық білім жүйесінің қашанғы проблемалары – үш ауысымда оқыту, апатты мектеп ғимараттары, мектептердегі орын тапшылығы, мектеп ғимараттарының тозуы, материалдық-техникалық базаның уақыт талабына сай болмауы және ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтық деген сынды мәселелерді шешуді көздейді.
Осынау ауқымды жобаны жүзеге асыруға мемлекет 2023-2025 жылдары қосымша 2 триллион 600 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Бұл қаржыға республика бойынша 842 мың оқушыны қабылдай алатын 401 мектеп салынады. Ал, Шымкент қаласында ұлттық жобаның аясында барлық заманауи талаптарға сай келетін 18 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 12-сінің құрылысы өткен жылы басталған болса, биыл тағы 6 білім ұясы салына бастады. Құрылысы былтыр басталған 12 жайлы мектептің 9-ы қыркүйек айында пайдалануға беріліп, қалған 3-еуі жыл соңына дейін тапсырылады. Бұл мектептер біз көріп жүрген жәй мектеп емес, атына заты сай жайлы мектеп болады.
Қалай дейсіз бе? Айтайық. Ең әуелі бұл мектептердің әрқайсысы 2 блоктан тұрады. Біріншісі бастауыш сыныптарға арналған блок болса, екіншісі негізгі және жоғары сыныптың оқушыларына арналады. Осы блоктардың әрқайсысында жеке-жеке асхана, спорт залы, гимнастика және хореография залдары, кітапхана және оқушылар мен мұғалімдердің жұмыс істеуіне, сабаққа дайындалуына арналған коворкинг кеңістіктер болуы шарт. Оған қоса әр сынып бөлмесі интерактивті тақта және оқушылардың әрқайсысына арналған компьютерлермен жабдықталады. Сондай-ақ, мектептердің барлығында пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар болады.

JailiMeKK-20


«Жайлы мектептерде» оқушы өзін толықтай жайлы ортада әрі қауіпсіз сезінуі шарт. Сол үшін бұл мектептердің әр қабатында оқушылардың тынығуына арналған алаңдар болады. Сыныптарға трансформер парталар орнатылады. Дәліздер мен фойелерде «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр оқушының өз шкафы тағы бар. Оған бала киімін, сөмкесі мен оқулықтарын салып, құлыптап қояды. Сөйтіп оқушы ертелі-кеш ауыр сөмке көтеріп жүруден құтылады.
Бұған қоса ұлттық жоба аясында салынған барлық мектептерде мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған инклюзивті кабинеттер, бөлек әжетханалар мен жуыну бөлмелері және дәліздерде арнайы жолақтар болады. Мұның бәрін аз десеңіз барлық мектептер қауіпсіздік турникеттерімен, бейнебақылау жүйелерімен, өрт қауіпсіздігі және дыбыстық хабарландыру жүйелерімен, сондай-ақ, желдету-салқындату жүйелерімен де жабдықталады. Оған қоса еліміздегі барлық мектептер арнайы мамандандырылған күзет мекемелерімен келісімшарт жасап жатқаны белгілі.
Жалпы бүгінде Шымкент қаласында 13 елді мекенде мектеп жоқ, тағы 21 мектепте оқушы толымдылығы жоғары.
Қазір 13 елді мекендегі мектеп мәселесін, 9 жайлы мектеп есебінен шешіледі. Қалған мектептерді білім берудегі инфрақұрылымды дамыту қорына ұсыныс беру арқылы шешеміз. 2025 жылға дейін 28 000 орынды 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін соның барлығы пайдалануға беріледі. Ал, қалған 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталмақ.
Жалпы, жайлы мектептің құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы қадағалайды. Samruk-Kazyna Construction компаниясының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы Марат Қуанышбаев 12 мектептің құрылысын «АРТ құрылыс» компаниясына сеніп тапсырдық дейді.
– Мердігерлерге қатаң талаптар қойылған. «АРТ құрылыс» компаниясының 20 жылдан астам тәжірбиесі бар. Жобаларды бағалау кезінде қолданыстағы стандарттар, ел Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Құрылыста отандық өндіріс материалдарын пайдалануға басымдық берілген, – дейді Марат Қуанышбаев.
Жайлы мектептердің құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілетін болса, тамыз айында мектептер толықтай дайын болмақ. Бүгінде 1 қыркүйекте пайдалануға берілетін 9 мектептің басшылары да белгілі. Мектеп директоры лауазымына ие болғандар оқу-ағарту минстрлігінің кадрлық резервіндегі мамандар екенін айта кеткен жөн. Басқарма басшысы жайлы мектептегі кадр мәселесі қатаң бақылауда болады дейді. Өйткені, мектептердегі білім деңгейін көтеру тікелей ұстаздарға байланысты екені даусыз. Алдағы уақытта, мұғалімдер тиісті оқудан өткеннен кейін ғана қабылданбақ.
Мемлекет баланың білім алуына қолайлы жағдай жасап жатқанын көріп отырмыз. Демек, ендігі жауапкершіліктің барлығы ата-аналар мен ұстаздар қауымының мойнында. Жайлы мектептерде жасалған жағдайларды дұрыс пайдаланып, балалардың жақсы оқып, дұрыс адам болуына әрқайсымыз үлес қосуымыз керек.

P.S.

Көңілді қуанышқа бөлейтін бір жәйт бар: қазіргі ата-аналардың көпшілігі баласының сапалы білім алуына ерекше мән беретін болған. Жас ата-аналар осы жолда уақытын да, күш-қайратын да, қаржысын да сарп етуге дайын. Бұл біздің қоғамда білімнің қайтадан басты құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетеді. Қоғамдық құндылықтар жүйесінің бастауында білім тұрса, еліміздің көсегесі көгеретіні анық.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.