ҚҰТТЫБЕК ЖАҚЫП – бейнелеу өнерінің феномені Избранное

Пятница, 19 Июль 2024 07:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 687 раз

Елімізге танымал, сәндік қолданбалы өнер шебері Құттыбек Жақыптың шығармашылығымен 30 жылдан аса таныспын, өте қанықпын десем артық айтқандығым емес. Бірнеше жеке көрмелеріне қатысу бақытына ие болғанмын. Құттыбек ағаның шығармашылығы туралы бірнеше мақалам да жарық көрді.

Oner

 

2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Түркі қағанаты» триптихын талқылап, өзім зерделеген ойыммен бөліскенді жөн көрдім.
Біріншіден, аталған триптихта қолданылған әдіске келер болсақ, бұл жаңа «Екі жақты тері» технологиясының әдісін, шығармашылық тұрғыдағы тың инновацияны Қазақстанда алғаш рет қолданып, оны дамытып жүрген терінің түкті жағының түктерін қыру және ою арқылы композиция жасау, майлы бояумен және аралас техникада кескіндеме салудың тұңғыш авторы Құттыбек ағамыз.
Көркем өнерде табиғи материалдардың қолдану, олардың табиғи фактурасын пайдалана отырып көркем шығарма дайындау бүгінгі заманауи тренд. Тері панноларындағы пішіндердің конструкциясы, түстік шешімдер, фон мен фигура қатынастары, бейнелеу үдерісіндегі безендіру элементтерінің тартымдылығы, көріністердің өрнектермен сипатталуы – суретшінің қолданбалы-сәндік бейнелеу стилінің шеңберіне кіретін басым бағыттары.

Oner-1


Сонау ықылым заманнан бабаларымыз малды ешбір қалдықсыз пайдаланған. Еті азық болса, асығын, тобығын ұлттық ойында, жілігін бесіктің шүмегі ретінде және сүйегінен көптеген бұйымдар жасаған. Қиының өзін отын ретінде пайдаланған. Ал терісінен сырт киімдер тіксе, жүнінен текеметтер басып, әр түрлі бұйымдар тоқыған.
Қазіргі уақытта заманауи материалдардың үй тұрмысына енуіне байланысты теріге және жүнге деген сұраныс күрт төмендеп отыр. Құттыбек аға теріні өз шығармасында ұтымды пайдаланып, өзінің авторлық әдісімен шығармашылық туындыға айналдырып отыр. Осының нәтижесінде суретшілер ортасында мал терісіне деген сұраныстың қайтадан артатыны сөзсіз. Ал шығармашылықта пайдаланылатын табиғи материалдардың құны ешуақытта төмендемейтіні белгілі.
Құттыбек ағаның шығармашылығын зерттеп жүрген өнертанушылар өнердің бұл жаңа түрін шартты түрде «көркем ойылған тері» деген терминді ендіріп отыр.
Автордың шеберханасында кезекті шығармашылығын орындау кезін бақылай отырып, тері түктерінің ұзындығын биік, аласа және тықыр етіп ойнақы форма беріп қырқу арқылы көлемді көркем туындыны біртіндеп айқындала бастағанына куә боласыз. Жұмыс барысы кезеңіндегі оның мольберт алдындағы жіті көзқарасы, санасында туындаған дүниені қолындағы қайшы мен кист арқылы іске асыру кезіндегі көңіліндегі толқуды байқамау мүмкін емес. Терінің кей тұстарын қырып тастап, ол жерге сиқырлы палитрасын пайдалана отырып, тері мен түкті, тері мен бояуды шебер үйлестіру арқылы керемет композицияны шығарғанда таң қалмай қоймайсыз. Осылай туындаған көркем дүние өнерсүйер қауымның қызығушылығын оятып, тамсандырады. Оның шығармашылығындағы тек өзіне тән тылсым дүние кез келген көрерменді баурап алады. Біз мұндай көріністерді автордың жеке көрмелерінде қойылған шығармашылығы мен көрермен «бетпе-бет» кездескенде айқын аңғарып жүрміз.
Автордың шығармашылық жұмыстарында монохромды түстер гаммасы өз үйлесін тауып ерекше көрік береді. Ол терінің түгінің табиғи түсі мен фактурасын ұтымды пайдалану арқылы туындының құндылығын арттыра түседі. Автор кейбір туындыларында қойдың немесе ірі қара малдың терісін тұтастай пайдаланса, кей туындыларында басқа да материалдарды қолданып, композициясына ерекше көрік береді.
Енді Жақып Құттыбектің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып отырған «Түркі қағанаты» сериясы – бүкіл мағлұматты бере отырып, ұлтымыздың көне тарихынан сыр шертеді. Шығармада сонау түркілер дәуірі кезеңінен бізге мұра болып жеткен отбасы құндылықтарын, діни табыну рәсімдерін, батырлардың шайқас алаңындағы қаһарман ерлігін образды түрде бейнелейді.
Триптихтағы композицияның «Отбасы» атты шығармасы ірі қара малдың терісінің түкті жағына бейнеленген үш бөліктен құралған күрделі композициядан тұрады. Аталған композицияда түркі әлемінің тарихи ескерткіштерін бедерлейді. Сонымен қатар Ұлы түркілер заманының мәдениетінің озық болғанын нақтылай түсетін балбал тастар ертеден-ақ ғұрыптық, діни-нанымдық қызметтерді атқарғанын хабардар етеді. Суретші ежелгі қола, темір дәуірінде жартас бетіне салынған петроглифтерді сөйлете отырып өз композициясына ерекше көрік береді. Орталық бөліктегі шеңбер ішіндегі композицияда отағасы, отанасы және ұрпағы бейнеленген. Шеткі композицияларында бүтін бір әулеттен тараған ұрпақтың өсіп-өнуі арқылы өмірдің, дәуірдің жалғасын табуы суреттелген. Композицияда қазақ халқы үшін киелі саналатын көкбөрінің, бүркіттің бейнесі, ат тізгіндеген шабандоздар бейнеленген. Көк Бөрі – Түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Көкбөрі – Көк Тәңірінің нұры, жеңімпаздық символы, ерліктің тұлғасы болып есептеледі. Ата кәсібін ұрпағына мұра етіп қалдырған берекелі отбасының тарихы бір туындының мазмұнымен ұштасып жатыр.
«Отбасы» атты композициясының түстік шешімі жағынан монохромды етіп алынған. Автор бұл туындысында ашық қоңыр, ақ және қою қоңыр түсті бояулардың реңдерімен мейлінше графикаға жақын мәнерде орындап шыққан. Композицияның астыңғы бөлігінде, дөңгелек табанында аңыздарда түркілердің түпкі тегі саналатын қасқыр бейнесі орналасқан. Композициядағы қосалқы кейіпкерлер: екінші пландағы аспанға ақ жамылғыларын серпіп жатқан әйелдер, қарулы салт аттылар, аң аулау сәттері, тотемдік аңдар мен құстар туындының тақырыбын ашып, толықтыра түскен. Композициядағы теріден өрілген бұрымдар мен сәндік тігістер туындының құндылығын арттыра түскен. Ортаңғы бөліктегі композиция шешімі сауатты шешілуінің және бояу түстерінің алуандылығы арқасында тепе-теңдік сақталып, өте тартымды шыққан.
Триптихтың «Табыну» атты бөлігінде ақ бұқаға мінген киелі бейнедегі Құдай кейпіндегі күнбасты адам бейнесі композицияның ортасы болып табылады. Ол айналасын нұрға бөлеп, шуақ шашып тұр. Еліміздің аумағында табылған жартастарда бейнелеген таңбалардан «Күн тәріздегі» пішіндерге ұқсас бейнелерді жиі кездестіруге болады. Бұл жартастардағы таңбалар өте құнды мәдени мұралар санатында. Сондықтан, суретшінің туындыларындағы көне бейнелер мен таңбалар – жергілікті мәдениет пен Ұлы дала тарихынан күмбірлеп сыр шертіп тұрғандай әсерде боласыз. Автордың бұл туындысынан жартас бетіндегі таңбаларды терең зерделеу арқасында табыну процессін ұтымды пайдалана білгенін байқаймыз. Шеткі бөлікте Құдайға табынып, құлшылық етіп тұрған қос кейіпкер композицияны өз бейнелерімен толықтырып, тепе теңдік заңдылығы дұрыс сақталып, екі жақтан тұйықтап тұрғандай. Төбеден ғажайып құбылыстың куәгері ретінде екі жақтан екі алып құстың ұшып жеткенін де байқауға болады. Оң жақтағы жоғарғы бөлікте рәсімдік іс-шараға қатысып тұрған әйелдің бейнесі орналасқан. Автор сомдаған кезеңдегі шамандық таным мен наным, Құдай кейпіндегі күнбасты адам бейнесіне табынушылық, айналасындағы элементтер тақырыпты ашуға өз ықпалын тигізген.
Түстік түзілімі бояуының қанықтығымен ерекшеленетін бұл композиция қарама-қайшы тондарымен дараланады. Бұл туынды ақ, қара, ашық қоңыр, күрең қызыл түске боялған тері бөліктерінен құралған ерекше композициясымен әсерлі. Композиция аралас техника стилінде орындалған. Артқы фонында көгілдір суық түске боялған теріні қолданып, шығарманы толықтыра түскен.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, елімізде мал терісіне деген сұраныстың жоғалып бара жатқан тұсында теріні көркемдеп өңдеп, заманауи бейнелеу туындысы деңгейіне көтеріп отырған сәндік қолданбалы өнер шебері Құттыбек ағамыздың еңбегін ерекше назарға алу қажет деп санаймыз.
Таза полотноға ойыңды түсіру оңай дүние емес екенін ескерсек, автор фактурасы мен формасы икемге келе бермейтін теріні көркем өңдеу арқылы туындысын сөйлете отырып, теріні ұтымды қолдану арқылы түстік қатынасты шебер шешіп, көркем туындыны қайталанбас шығармаға айналдыра білген. Теріні өңдеу технологиясын жетік меңгеруі тіптен бөлек әңгіме. Құттыбек аға осылайша теріден панно композициясын жасау арқылы өткен дәуірден сыр шертетін көркем дүниені туындатып, басты идеясын жүзеге асырған.
Алдағы уақытта бәлкім теріні көркемдеп өңдеу қарқынды дамып, Құттыбек ағаның өнердегі ізбасарлары мыңдап көбеюуі мүмкін. Бірақ елімізде аталған бағыттың «пионері» Құттыбек аға болып қала бермек. Оның осы бағыттың, осы ғасырдағы көшін бастаушы, феномені, белгілі бір дәуір тынысын образ деңгейіне дейін көтере білген, кәсіби қабілет-қарымы кең суреткер ретінде танимыз. Оның шығармалары көркемдік тұрғыда түсіндіруді қажет етпейтін туынды.
Ойымды қорыта келе, Құттыбек Жақыптың «Түркі қағанаты» атты туындысы 2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына әбден лайық деген ұсыныс білдіремін. Бұл тек авторға ғана берілген баға емес, бұл еліміздің бейнелеу өнеріндегі инновациялық бағытқа берілер жоғары баға болар еді деп санаймын.

Садыбек БЕЙСЕНБАЕВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің,
қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик,
ҚР Суретшілер Одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.