СҮЙЕК КЕМІГІ ДОНОРЫ БОЛЫП, АДАМ ӨМІРІН САҚТАУҒА ҮЛЕС ҚОСЫҢЫЗ

Пятница, 26 Июль 2024 07:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 700 раз

Гемопоэзді дің жасушалары әр адамның сүйек кемігінде оның құрсақішілік дамуынан бастап пайда болады. Олардан адамның барлық қан жасушалары – эритроциттер, лимфоциттер, миелоциттер дамиды. Сүйек кемігі – сүйек денесінде орналасқан және қан жасушаларын үнемі жаңартып отыратын гемопоэз жүйесінің ең маңызды ағзасы. Трансплантациялау кезінде науқастың ақаулы дің жасушаларының орнына сау жасушалар пайда болады.

 

Бүгінгі күні Қан бағаналы жасушаларын трансплантациялау 70-тен астам түрлі ауруларды емдеудің ықтимал құтқарушысы болуы мүмкін. Жыл сайын орта есеппен Қазақстан Республикасында 300 пациентке лейкемия және басқа да қан аурулары диагнозы қойылады. Елімізде жыл сайын 200-ге жуық адам гемопоэзді дің жасушаларын трансплантациялауды қажет етеді, олардың жартысы балалар мен жасөспірімдер. Кез келген адам белгілі бір науқас үшін донор бола алмайды. Тіпті жақын туыстарының арасында сәйкес донорды табу мүмкіндігі 30% - дан аспайды.
Тіркелім - трансплантацияға мұқтаж пациенттерге ерікті және өтеусіз негізде көмек көрсетуге дайын гемопоэзді дің жасушалары (ГДЖ) әлеуетті донорлары туралы деректерді қамтитын ақпараттық платформа. Барлық ұлттық тіркелімдер халықаралық тіркелімге біріктірілген, жалпы саны 30 миллионнан астам донорды құрайды. Қазақстандық ұлттық әлеуетті донорлар тіркелімінде 11000-нан астам еріктілер бар.
Сүйек кемігі донорларының Тіркеліміне қалай кіруге болады?
Ең жақын қан орталығына барып, сауалнама толтыру қажет(ақпараттандырылған келісім).Теру талдауын жүргізу үшін тамырдан 1 пробирка, яғни 9мл қан тапсыру керек. Донор сүйек кемігі донорларының тіркелім дерекқорында болады, егер донор мен пациент арасындағы фенотиптер сәйкес келсе, тіркелім міндетті түрде донормен байланысады.
Донор мен реципиентті таңдау
Егер бастапқыда туысқан донорлар жоқ екені белгілі болса немесе туыстарының ешқайсысы сәйкес келмесе – туыс емес донорды іздеу басталады. Донор мен реципиент HLA фенотиптерімен толығымен сәйкес келуі керек.
HLA жүйесі-адамның лейкоциттік антигендер жүйесі (Human Leukocyte Antigens).
Сүйек кемігінің әлеуетті доноры кім бола алады?
18 жастан 45 жасқа дейін;
Созылмалы аурулары жоқ (онкология, В,С гепатиттері, стенокардия, миокард инфарктісі, туберкулез, аутоиммунды аурулар, психикалық аурулары);
Салмағы 50 кг-нан жоғары;
Жауапкершілігі мол.
Трансплантация кімге қажет?
қан жасушаларының дамуына әсер ететін қатерлі ісіктер (лейкемия және лимфомалар).
ауыр қан аурулары (талассемия, апластикалық анемия немесе орақ жасушалы анемия, анемия Фанкони және басқалар).
иммунтапшылығы аурулары (ауыр қосарланған иммунтапшылығы синдромы, туа біткен нейтропения немесе созылмалы гранулематозды ауру және басқалар).
Қанның қатерлі ісік ауруын сәйкес донор табылған жағдайда сүйек кемігі немесе қанның гемопоэзді дің жасушаларының трансплантациясы көмегімен емдеуге болады.
ГДЖ трансплантациясы қан құюға ұқсас – яғни процедура кезінде науқасқа донорлық гемопоэзді дің жасушалары инфузия арқылы құйылады. Дің жасушалары қанға түскеннен кейін сүйек кемігінде жаңа эритроциттер, лейкоциттер және тромбоциттер дами бастайды. Ал донордан сүйек кемігінің жасушаларын жинау – аппаратты цитаферез әдісімен алынады. Ол үшін:
Донорды 5 күн бойы препарат беріп ынталандырады. Жанама әсері - суықтау кезіндегідей белгілер болады.
Рәсім 4-5 сағатты алады - қан бір қолдағы тамырдан алынады, ол жасушаларды жинайтын аппарат арқылы өтіп, екінші қолдағы тамырға оралады.
Сүйек кемігінің жасушаларының қалпына келуі – 2 апта.
Донор 6 күн еңбекке жарамсыз болады.
Гемопоэзді дің жасушаларын тапсыру рәсімі - Мүлдем қауіпсіз;
Ауырсынусыз ( плазма немесе тромбоцит тапсыру рәсіміне ұқсас);
Тек сіздің келісіміңізбен ғана жүзеге асырылады;
Дің жасушаларын тапсыру өміріңізде бір рет болуы мүмкін (сәйкестік ықтималдығы 10 000 адамнан 1-еу ғана).
Сүйек кемігі донорлығының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) бекіткен үш қағидасы бар: ӨТЕУСІЗ, ЖАСЫРЫН, ЕРІКТІ.Донорға ақшалай өтемақы төленбейді. Бірақ мемлекет жол жүру, тамақтану, еңбекке жарамсыздық парағын, қонақ үй шығындарын, сондай-ақ донор жалақысын уақытша жоғалтқан жағдайда өтемақы төлейді. Қазақстанда HLA-фенотипін анықтау, операция жасау бойынша барлық шығындарды мемлекет толығымен өзіне алады.
Біздің әрқайсымыз бұл әлемде өте маңызды адамбыз, өйткені біз бірігіп ғажайып жасай аламыз, демек адамның өмірін сақтау – бұл ең керемет ғажайып!

А. ТАШИРОВА,
И. ТУРСЫНАЛИЕВА,
Қалалық қан орталығының трансфузиолог дәрігерлері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.