БИЗНЕСТІҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТАЛҚЫЛАНДЫ Избранное

Пятница, 26 Июль 2024 07:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 608 раз

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модераторлығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, қалалық прокуратураның, құқықты статистика органдарының жетекшілері, бақылаушы органдар, қалалық әкімдіктің салалық басқармаларының өкілдері қатысты.

BisNess

 

Кеңес отырысында палата директорының орынбасары Майя Исаева кәсіпкерлерге қатысты тексеру туралы баяндама жасады.
«Баршамызға белгілі, 2023 жылдың 31 желтоқсаны күні кәсіпкерлікті тексеруге мораторий күшін жойды. Сол мораторий кезінде шағын бизнес субъектілерін бақылау іс-шаралары мен тексерулер айтарлықтай азайды. Мемлекет басшысының шешімінің нәтижесінде шағын және микробизнес пандемияның қиын кезеңіне төтеп беріп қана қоймай, дами түсті. Ал мораторийдің күші жойылған соң кәсіпкерлік қызметті бақылайтын мемлекеттік органдардың қызметі өзгерді. Шымкент қаласы бойына құқықтық статистика департаментінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың І тоқсанында кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 402 тексеру тіркелген (2023 жылдың тиісті кезеңінде – 190, тексерулер 2,1 есеге өсті). 350 тексеру немесе тексерулердің жалпы санының 87 пайызы – жоспардан тыс тексерулер, олар 2023 жылмен салыстырғанда (187 тексеру) екі есеге жуық өсті. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 1537 тексеру тіркелді (2023 жылы – 529). 2024 жылдың басынан бастап 9 тексеруді тіркеуден бас тартылды. Ал 14 тексеру заңсыз деп танылып, мемлекеттік құрылымдардың лауазымды тұлғалары жауапқа тартылды», – деді Майя Исаева.
Палата директоры орынбасарының мәліметінше, бизнесті тексеру санының күрт көбеюі нәтижесінде кәсіпкерлердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да арта түскен.
«Құқықты статистика мәліметтері бойыша, 2024 жылдың 6 айында 9 254 әкімшілік іс тіркелген, бұл өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 58 пайызға артық. Тексерулердің әрқайсысы дерлік әкімшілік айыппұл кесілумен аяқталады. Тексеру барысында анықталған бұзушылық саны айтарлықтай өзгермейді, яғни, негізінен өрескел бұзушылықтар анықталмайды», – деп жалғады сөзін Майя Исаева,
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Айқын Сейдахановтың айтуынша, кәсіпкерлікті қорғау прокуратура жұмысының негізгі бағыттарының біріне жатады. Департамент тарапынан әр тексерудің негізі мұқият қаралып, сараланды.
Кеңес мүшелері жиынға қатысып отырған бақылаушы органдардың басшыларын бизнеске қатысты тексерулерді тағайындау және жүргізу барысында ҚР Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген талаптардың бұзылуына жол бермеуге шақырды, себебі негізсіз тексерулер нәтижесінде бизнес тұралап қалып, кәсіпкер уақыты мен қаржысын жоғалтады.
Жиында, сонымен қатар, «Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл хартиясының» ережелері жеткізілді. Хартияда кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы тұруға бағытталған ерікті міндеттеме және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қабылдаған болатын.
Қорытындылай келе кеңес мүшелері кәсіпкерлерге бизнесті тексеру рәсімдері мен тәртібі туралы, олар бұзылған жағдайда қаралатын жауапкершілік шаралары туралы және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұруды ұсынды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының баспасөз қызметі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.