«Шымкенттен – Шұбайқызылға!»

Пятница, 17 Апрель 2015 09:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4400 раз

70 жылдыққа 70 шақырым жаяу жүріп өтеді

 

 

20150416 090524Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай өңірімізде түрлі іс-шаралар өтуде. Кеше осы маңызды шара аясында «Шымкенттен – Шұбайқызылға!» жобасы өз бастауын алды. Белгілі жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың ұйымдастыруымен қолға алынған бұл бастамаға өңірдің өзге де танымал ақын-жазушылары және тілшілер қауымы қолдау білдірді. Жоба аясында 12 адамнан құрылған топ 70 шақырымдық жаяу сапарға шығып, Түлкібас ауданының «Шұбайқызыл» төбесіне дейінгі аралықты жүріп өтпек.

Сапардың алдында Шымкент қаласының жаңа шекарасында, яғни Мәртөбе мен Қарасу ауылдары түйіскен тұсында шараға қатысушылар жолдың бағытын пысықтап, журналистерге жобаның мақсат-маңызын баяндады. Жиында, биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан белгілі жазушы Мархабат Байғұт сөз алып, бұл сапардың сұм соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ерен ерлігін еске ала отырып, ұрпақтар сабақтастығы жолындағы қазақстандық патриотизмді насихаттауға арналып отырғанын атап өтті.

– Түсіне білгенге, бұл сапарымыздың мән-маңызы тереңде жатыр, – деді М. Байғұт. – Бұл – уақытымызды сарп етіп, жай қыдырып қайту емес. Алдымыздағы жетпіс шақырымдай аралықта көптеген ауылдар бар екені аян. Біз осы жобамыз арқылы жол-жөнекей аялдап, жұртшылыққа Жеңістің 70 жылдығы, Мәңгілік Ел мұраттары, бірлік пен ынтымақ жөнінде кеңінен насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Әсіресе, бұл шараның жастарға берер пайдасы мол деп ойлаймын.

Бұдан соң Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек пен «Ордабасы оттары» газетінің редакторы, ақын Нармахан Бегалыұлы сапарға қатысушыларға ақ батасын беріп, осы іске қолдау білдірген барша азаматтарға ризашылықтарын жеткізді. Айта кетерлігі, сапарға шыққандардың қатарында ҚР Жазушылар одағы ОҚО филиалының төрағасы, ақын Бақытжан Алдияр, көпшілікке танымал жазушылар – Есқара Тоқтасынұлы, Нұрғали
Қыдырбаев, Абдрахым Пратов, Нұрғиса Төремұратов, сондай-ақ, «Шырайлым – Шұбайқызылым!» байқауының жүлдегерлері Дәурен Айманбетов, Мұқағали Кенжетайұлы және Әлішер Әлімжан сынды жас ақындар бар.

Аталған сапарға мұрындық болған бастама иесі Мархабат Байғұттың айтуына қарағанда, Шұбайқызыл шоқысының таңдап алынуы да тегіннен-тегін емес. Түлкібас ауданындағы бұл өлкенің қадір-қасиеті жөнінде жазушының өзі сапар барысында жан-жақты әңгімелеп, туған жердің қатпары қалың кәрі тарихынан сыр шертті. Бұл шоқтығы биік төбе ұзақ уақыт бойы «Красная горка» есімімен аталып келген. Жазушы осыны айтып, төбенің тарихи-географиялық атауын қайта оралту туралы мәселе көтерген екен.

– «Красная горканың» бастапқы атауы – Шұбайқызыл шоқысы екенін жұрт мүлде ұмытып кеткен. Шұбайқызылды «Красная горка» атандырғандар оны «маевкалар» мекеніне айналдырып, қызғалдақты аяусыз қырып, жұлып, табиғатқа залал келтірген. Ел арасында «Шырайлым – Шұбайқызылым! Құзғындар көрген қызығын. Жаным-ай жотам-жасылым; Жүдегеніңе жасыдым...» деген жыр жолдары қалған, – дейді М. Байғұт.

Осы орайда, қаламгердің ұсынысы бойынша бірқатар жұмыстардың қолға алынғанын атап өткен жөн. Мәселен, Түлкібас аудандық әкімдігі, аудандық ардагерлер кеңесі және «Мархабат – Мирас» қоғамдық қоры жас қаламгерлер арасында «Шырайлым – Шұбайқызылым!» атты байқауын үш мәрте ұйымдастырыпты. Байқаудың ауқымы алғаш аудандық, кейін облыстық, өткен жылы республикалық деңгейді қамтыған. Көптеген талантты жастар байқауға белсене қатысып, балауса талапкерлердің тұсауы кесілді. Шұбайқызыл төбесі, туған жер, атамекен тақырыбында өрелі өлеңдер, қарасөзбен өрнектелген толғамдар дүниеге келді.

Туған жерге тағзым етіп, оны аялауға шақырған ізгі шарада Ақсукент, Жаскешу және өзге де бірқатар елді мекендерде Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішке тағзым жасалмақ. Жобаға қатысушы ақын-жазушылар алғашқы күні Сазтөбе интернатына, екінші күні Түркібасы әулие басына жеткеннен кейін аудан орталығына түнейді. Сапардың үшінші күні, яғни 18 сәуір күні Шұбайқызылға жетіп, мерекелік басқосуға қатысады.

 

 

Cәбит ТАСТАНБЕК

Последнее изменение Пятница, 17 Апрель 2015 09:39
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.