Алысты жақындатқан хаттар

Пятница, 17 Апрель 2015 09:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7298 раз

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ баспасөзі от кешіп жүрген солдаттар мен тылдағылар үшін рух беретін, еңсесін тік ұстап, білек сыбана жұмысқа кірісуге бағыттайтын мықты құрал болғаны даусыз. Газеттің әрбір санын тағатсыздана күткен бірі – ұлын, екіншісі – бауырын, ал енді бірі – сүйген жарын соғысқа аттандырған қарапайым халық жағымды жаңалықтан үміттенді.

Жазылған хаттың көрсетілген мекен-жайға жетпесін сезгендер газет арқылы бүкіл қазақ жұртына дұғай сәлемін, аман- есендігін, жаумен арпалыстың қайда болып жатқанын жазған. Майдандағы жауынгерлер мен алыста қалған туысқандардың арасын жазылған хаттар жақын еткен. Онда туған жерге, елге деген сарқылмайтын сағынышы мен мұң-шерін ақ қағаз бетіне құшырлана жазды. Бұл сөзімізге соғыс жылдары шыққан газеттегі мақалалар мен хаттар куә. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс жылдары шыққан басылымды зерттемек болып, облыстық мемлекеттік мұрағатқа бардық. Онда сақтаулы тұрған тігінділер біраз жайттың сырын ақтарады. Ол кезде тек бір ғана облыстық басылым болған. Ол қазіргі аймақ баспасөзінің айнасы – «Оңтүстік Қазақстан».

Басылымның 1941-1945 жылдары шыққан нөмірлерінің тігінделерін ақтарып, тарихи деректерге қанықтық. Онда Социалистік жарыс, партия жиналыстары, «стахановшылардың» ерен еңбегі, колхоздағы озат шопандар, «редакцияға хат» айдарындағы қарапайым халықтың жазған мұң-мұқтажы, фельетондар және көптеген тақырыптарды қамтитын мақалалар басылыпты. Мұның барлығы да соғысқа дейінгі тіршілік. Жаумен арпалысқан соғыс жылдары да газет жұмысын тоқтатпаған. Майданнан келген хаттар, соғыс салығы, кеңес әскерінің жаумен шайқасы, тылдағы еңбеккерлердің белсенді жұмысы сынды мақалалар саны арта түскен. Мәселен, 1945 жылы 1 қаңтарда шыққан газеттің 2 бетінде «Қазақ қыздарына хат» деген мақала жарияланған. Онда жауынгер Мәулен Жолымбетов дала почтасы арқылы елде қалған қыздарға деген сағынышын жазыпты.

«Сүйікті қазақ қыздары! Қадірлі жас жарлар! Сонау ертеде еңсесін сала ерлік еткен біздің қаһарман ата-бабаларамыздың ерлік тарихына көз салыңыздаршы! Сонда еңсегей бойлы Ертөстік, ел үшін туған Едіге, Тарлан атты Ертарғын, Қарақыпшақ Қобыланды көздеріңізге түспес пе? Олар ат жалын тартып, атқа мініп ел шетінен айналып, алыстан ауыр қол келсе, қару-жарақ байланып, жауына қарсы шыққанда олардың сүйікті жар, ақ арулары – қазақ халқының адал қыздары Кенжекейдің, Ақжүністің, Құртқаның оларға не деп қайрат беріп, жауына қарсы қалай сайрап салғаны естеріңізге түспес пе? ...Біз қазақ қыздарының ақ жарқын дидарын, жастық әзілін, достық қатынасын сағындық».

1945 жылы 6 мамырда шыққан санында мына бір хаттың иесі туғандарынан хат ала-алмай, газеттің қол ұшын созуын өтініпті.

«Редактор жолдас! ...Алғашқы кезде үй-ішіммен хат арқылы байланыс жасап тұратын едім. Сол хаттар арқылы елдегі жаңалықтарды білетінмін. Мұның өзі мен үшін үлкен медеу болушы еді. Бірақ, олармен байланыс үзілді. Осы хатты газет бетіне жариялауларыңызды сұраймын... Менің кір жуып, кіндік кескен жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы Корниловка селосына қарасты Аманкелді атындағы колхоз... Елге сәлем айтыңыз, хат жазсын! Жауынгер: Ыслам Торғаев. Дала почтасы №95810-П.».

Ал, келесі хатты оқығанда жүрегіңіз елжірейді. Дала почтасымен келген жауынгер Төлбасы Сейтқасымовтың «Анама хат» деген сәлемдемесі. Онда анасын сағынған жауынгердің ертелі-кеш үйіне оралатыны туралы өлеңі газеттің 1944 жылдың 22 қарашасындағы санында басылыпты.

«Шыдағын, ана, шыдағын.

Жаудың бұзып ордасын,

Соғыс бітер күн жақын!

Зор жеңіспен елге кеп,

Амандасып, көрісіп,

Біз жасайтын той жақын!», – депті жауынгер.

Т. Сейтқасымовтың анасы ұлының жазған хатын оқып, 1945 жылдың 21 қаңтарында «Майдандағы ұлыма» деген деген хатын газетке жариялапты.

«Қалқам, Төлбасы!... Сені, жалғыз сені ғана емес, барлық батыр ұлдардың ақ дидарын көруге асықпыз. Фашизмнің ордасы Берлин қаласының үстіне жеңіс туын тігіп, туған ел, өскен жерге аман қайтыңдар! Міне, менің саған беретін аналық тапсырмам осы. Соқ, неміс қанқұмарды аямастан! Анаң Күнікей Сейтқасымова. Шымкент қаласы, Сыпатаев көшесі, № 55 үй.».

Міне, осындай алыс-беріс хаттар, елдің рухын оятатын мақалала ррасында д соғыстан қажыған халықтың үміт отын жақты. Бейбіт күнге деген сенімін нығайтты. Мұрағаттағы сарғайған газеттерді ақтара отырып, қалам тербеген сол кездегі тілшілер қауымының ағартушылық және идеологиялық жұмысты белсенділікпен атқарғанына куә болдық.

 

 

                                                                                                                     Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Последнее изменение Пятница, 17 Апрель 2015 09:44
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.