«Арсыз болмай атақ жоқ... » немесе адал еңбекті бағалайтынымыз рас болса, арзанқол марапаттарға тоқтау салу керек

Среда, 25 Сентябрь 2024 06:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 123 раз

marapat

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда ел бірлігі және тұрақтылығы, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет деген болатын.

Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деп атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Адал азаматқа тән қасиет әрбір жастың бойынан табылу керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады» деген еді.

Расында, Қазақстанның өркениетті мемлекеттер көшіне ілесіп, елімізде әділетті қоғам орнағанын қаласақ, адал азаматқа тән асыл қасиеттерді өз бойымызға, қала берді ұрпағымыздың бойына сіңіруге талпынуымыз керек. Тұлғалық тұрғыдан өсу, жұмысты адал атқарып, өзі ісіміздің, өз кәсібіміздің хас шеберіне айналуға ұмтылу, кез келген жетістікке, игілікке тек тура, адал, заңды жолмен жетуге талпыну – өмірлік қағидамызға айналуы тиіс. Міне, осындай қасиеттерді бойына жинап, елге, қоғамға шын мәнінде пайдалы бола білген азаматтарды қалай марапаттасақ та жарасады.

Адамның еңбегін елеп, лайықты азаматтардың мәртебесін биіктетіп, оларды қоғамға өнеге ретінде ұсыну – мемлекеттің ішкі саясатының маңызды бағыты деп байлам жасауға болады. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл іске ерекше назар аударып келеді. Ел Президенті әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа Абай Құнанбайұлының атын берді. Ал, әскерилер мен құқық қорғау саласының қызметкерлеріне берілетін «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежелері Бауыржан Момышұлының, Сағадат Нұрмағамбетовтің және Рақымжан Қошқарбаевтың аттарымен аталатын болды. Бұның бәрі аталған наградалардың дәрежесін өсіріп, қадірін арттыра түскені анық. Президент осылай мемлекеттік наградалар мен марапаттардың дәрежесін өсіріп жатқан кезде қайдан шыққаны белгісіз қаптаған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер жұртқа көк тиындық құны жоқ медалдар, төсбелгілер, атақ-дәрежелерді үлестіріп жатқаны өкінішті.

Иә, бүгінде елімізде «атақ-даңқ» пен марапат саудасының дәурені жүріп тұр. Әрине, орнымен берілген атақ та, сыйлық та, басқасы да адамның мерейін өсірері ақиқат. Алайда, дүниеге деген ынтызарлық пен мансапқұмарлықтың жетегіне ергендердің ерсі әрекеттеріне қарап тұрып, қарның ашады. Мансапқұмарлықтың шыңына шығу үшін бүкіл өмірін соған арнайтындарды да көзіміз көрді. Қазіргі заманда өзін өзі дамыту жолына, білім алуына емес, тек мансапқа, атаққа қол жеткізу үшін қолындағы барын шашуға дайын адамдар да бар. Осындайда Абайдың:

“Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда?” дегенін күрсіне еске аласың.

Иә. Мойындау керек, өз саласында, өз еңбек жолында әділ мойындалған, еңбегі еленген лайықты азаматтар жоқ емес, жетерлік. Оның өзінде де тым әсірелеп, мақтауын асыру - даңғойлық. Кез келген дүниенің шекарасы бар, орны бар. Соңғы уақытта түрлі сала мамандары арасында жөн-жосықсыз медальдар үлестіру, қисынсыз марапаттар мен лайықсыз атақ беру белең алуда. Одан бөлек, сыйлық, атақ, марапат алу үшін жанкештілікпен араға кісі салып, тамыр-таныс, «көке-жәкесін» пайдалану үрдісі шаш етектен. Адамның дәрежесін еткен еңбегіне, төккен теріне, жасаған жұмысына қарай бағалау керек емес пе? Өкінішке орай, қазір оның қадірін қашырған заман.

Атақ алушы үміткердің еңбектері, қоғамға мен мемлекетке тигізген пайдасы жан-жақты зерттеліп, атақ пен дәреженің иесі болуға расымен лайық па, жоқ па деген тұрғыда таразылануы тиіс. Қазір кеудесіне жез-темірден «әшекей» тағынған адамнан көз сүрінеді. Лайықтысы да, лайықсызы да, қатысы бары да, қатысы жоғы да жанталасып ілініп жатыр... Салтанатты жиындар мен мерекелік іс-шараларға барсаң, үздіксіз мақтау-мадақтауларды шапалақпен қолпаштаудан шаршайсың. «Пәлен өңірдің құрметті азаматы», «түген мекеменің пәлен жылдығының мерейтойлық төсбелгісі», «пәлен саланың лидері»... Айта берсең, шегі жоқ. «Еңбегім сіңді ме, жоқ па, лайықпын ба, лайық емеспін бе?» деп саралап жатқан ешкім жоқ. Жарқ-жұрқ етіп суретке түсіп, оны мақтанышпен елге жариялап, әлеуметтік желіні "жарып" жатады.. Мемлекеттік награда немесе сыйлық болса, бір сәрі. Қаптаған түрлі қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің арзанқол мадақ-марапаттары.. Ең қызығы, мұндай «марапаттар» ақылы. Ақыға алынған атақ! Ақыға сатылған марапат!

Әйтеуір, жапа-тармағай жалған атаққа ұмтылып жатырмыз. Бұған шектеу жоқ па? Бұл "даңғазалықтан" шығудың шешімі бар ма? Бар. Жалғыз жолы – адал еңбекті әділ бағалау ғана.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай елде арзан атаққа алданғандар мен жеңіл жолмен жетістікке жеткіштер, атақ сатқыштар көбейіп жатқанын тілге тиек етіп, Үкіметке сауал жолдаған болатын.

«Сіз 50 мың теңгеге сондай бір ұйымның атынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медаліне, 100 мың теңгеге «Қазақстанның құрметті азаматы» атағына ие бола аласыз. Ал, сан ғасырдан бері «Ұлт ұстазы» деп халық ұсынған сәулелі сөзді қастерлеп Ахмет Байтұрсынұлына ғана қолданушы едік. Қазір ше? Қазір «Ұлт ұстазы» деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып ала саласыз», - деп ашынып сөйлегені бар Мәжіліс отырысында. Сөз соңында Мемлекеттік рәміздерді ретсіз қолданып, жалған атақ сатып, пайда іздегендердің әрекетіне құқықтық негізде тыйым салу керектігін жіті бақылауға алу керектігін айтып өткен еді.

Атақ-даңқ, шен-шекпен, орден-медаль сияқты сый-сияпатқа құмарлық, сыбайлас жемқорлыққа деген құштарлық қай халықта болсын бар нәрсе. Ал, қазақтар арасында ондай жағымсыз жағдайлар неге орын алады деп ойлайсыз? Мұндай даңғойлық, дарақылық бізге қайдан келген?

Сұрақ көп, жауап жоқ. Арсыздық, атаққұмарлық – қызғанышты, күншілдікті күшейтетін, ашкөздік пен бақталастыққа бастайтын қауіпті дерт. Ол ұлт ұстанымын, сана-сезімін дамытуды тежеп, қоғамның құлдырауына жол ашатын жөнсіз әрекет. Бұл жағдай қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселеге айналды. Оның шешімін табу үшін қоғам ең алдымен ақыл мен парасат, тәртіп пен қағидат күшін біріктіруі қажет-ақ.

«Айтпаса, сөздің атасы өледі» демекші, тағы бір қынжылтатын мәселе, соңғы жылдардағы мұғалімдерге беріліп жүрген қиюы бар да, қисыны жоқ ретсіз марапаттар. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Десе де, айтылып жатқан құнсыз медальдарды ұстаздар қауымының ойланбастан сатып алып, алшаң басып жүргендері көңіл көншітерлік жағдай емес. Осы мәселе бас көтергелі көптеген әлеуметтік парақшалар мен мәдени сайттарда біраз пікірталастар туындаған-ды.

«Қазір өкінішке орай, нарық заманы деп ар, ұят, намыстан гөрі материалдық құндылықтардың бәсі артып тұр ғой. Бүгінде, тіпті, кейбір қоғамдық ұйымдар тарапынан атақ, марапаттардың да ақшаға сатылатындығы туралы естіп жүрміз. Өте ұят! Бұған тоқтам болу керек.

Игілігі болып кейде өңгенің,

Сатылады жерің, суың,

көлдерің,

Оңашада жатыр дейсің

кім көріп,

Біреулердің не алып,

не бергенін?

Нарық заңы. Нені шешпес ақшалар?

Сатылады үй-жай, мүлік, басқалар.

Тек сатылмас мына Жарық дүние,

Сатып алар еді байлар, патшалар» - , деп белгілі қаламгер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бекшүкір Қаршалов өз пікірін өлең жолдарымен жеткізген.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов: «Сатып алған марапат – марапат емес. Біз әрине, түсінеміз. Кей уақыттарда қоғамдық түрлі марапаттар болады. Бірақ, олар ақылы болмауы керек. Қоғамдық марапат ақылы болатын болса, оның еш қасиеті де, құны да жоқ. Біз бұндай мәселенің дұрыс еместігін түсіндіруіміз керек. Кейбір әріптестеріміз соны түсінбей, осындай жөнсіз әрекетке барып жатыр»,- деп үн қосқан болатын.

«Ұстаз» деген ұлағатты есімнің ұсақталып кеткені соншалық, тіпті, ақшаға сатып алған атақ-дәрежелерін кейбір мұғалімдер өздерінің түйіндемелеріне тіркеп, қандай "ұстаз" екендерін дәріптеп жүр. Осындай атақ-дәрежені құнсыз саудаға салып, табыс көздеріне айналдырып жүргендерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр.

«Ұстаз атақ қуса, ұстаз жалғандыққа барса, ұстаздан ұят кетсе, ұлттың ертеңі не болмақ?» деп ашынады елге белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы. Расымен де, болып жатқан жағдаяттарға қарап, «Атың шықпаса, жер өртенің» кебін кигендердің заманы дерсіз. Жиған тәжірибесі мен еңбек жолы толысып үлгермеген, білім ұясынан шәкірт ұшырып көрмеген оқытушы «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Алаш Ұстазы», «Ұлағатты ұстаз» деген таудай атақты тер төгіп, қиналмай-ақ сатып алып жатса, жеткен жеріміз де осы шығар...

Мұндай көк тиындық құны жоқ атақ-дәрежелер мен медальдар тек білім саласы ғана емес, ғылымда, медицинада, әдебиетте, өнерде, журналистикада, тіпті, саясат пен қоғамдық қызметте және басқа салаларда да жетіп жатыр. Ең өкініштісі, осындай атаққа құмар адамдар, сол төсбелгіні кеудесіне тағып алып, соған кәдімгідей малданып жүретіндер арамызда күн өткен сайын көбейіп келе ме деген қаупіміз де жоқ емес. Өйткені, осындай жалған атаққа құмарлық деген ауруы аға буыннан бүгінгі жастарға да жұғып бара жатқандай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мемлекет басшысы айтқан адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтініміз, жаңа қоғамдық құндылықтардың үстемдік еткенін қалайтынымыз, адал еңбекті бағалайтынымыз рас болса, кім көрінгеннің мән-мағынасыз, көк тиындық құны жоқ марапаттар таратып, шынайы, салмақты наградалардың, оны адал еңбегімен алған тұлғалардың қадірін қашыратындардың әрекетіне заңмен тыйым салған жөн болмақ. Өйткені, ақын Мұхтар Шахановтың «Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келеді ортаға» дегеніндей, мәнсіз, мазмұнсыз, арам жолмен сатып алынған марапаттар адал еңбектің бағасын төмендетіп, адал азаматтардың тасада қалуына себеп болып келеді.  

 

Эльмира  СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.