Ораза айтының қасиеттерi

Пятница, 17 Июль 2015 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4589 раз

Мұсылманның екі мерекесі бар екенін білеміз. Олар – Ораза айт пен Құрбан айт. Мухаддис Әбу Дәуіт сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз: «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi».


IMG 2539Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла Тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді».
Ораза айт мерекесi шәууал айының бірінші күнi басталып, үш күнге созылады. Ол күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иiс себіну – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi, айт күні жұма намазындағыдай көпшiлiк бір-бірімен араласады. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де олар сүннет. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.
Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.
Айтта шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап, көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.
Жалпы, адам баласы айт мерекесі күндері қандай ізгі һәм сауапты амалдарды жасауы керек? Ең алдымен, оразаның соңғы кешінде моншаға түсіп, толық тазаланады. Ертесіне айт намазы күні таң сәресіне тұрып, сүннет амалы бойынша «Қоштасу сәресін» ішіп, ауыз бекітіп, айт намазына бару керек. Бұл мұстахаб амалына жатады.
Сонымен қатар, Рамазан айында пітір садақасын бермеген азаматтар садақаларын айт намазының оқылуына дейін беруі ләзім. Пітір – ол жан садақасы болып саналады. Ғұламалар мұны «жанның зекеті» деп есептеген. Өйткені, айт намазынан соң берілген пітір садақа жай садақа ретінде қабылданады. Сондықтан мұны ұмытпаған жөн.
Және де әрбір мұсылман айт күндері мынадай амалдарға назар аударғаны абзал:
– Көп зікір айту, яғни Алла Тағаланы көбірек еске алу, нәпіл намаздарын, құран, діни әдебиеттерді оқу;
– Сауапты істермен айналысу;
– Ғұсыл құйыну, яғни көшеге, намазға тазаланып, дәретпен шығу;
– Жағымды иіс майлар себу;
– Жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);
– Ораза айтының алғашқы күні намазға сәресі ішіп, ауыз бекітіп шығу (құрбан айт мерекесінде айт намазына дейін тамақ ішілмейді);
– Айт намазы күні таңертең намазға дейін Алла Тағаланы еске алып, дұға – тілек жасау;
– Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолды басқа көшемен қайту; Яғни достарымыздың, бауырларымыздың, көршілеріміздің үйлеріне кіріп, айттап, мерекелеу;
– Айт намазына балаларды да қатыстыру;
– Айт күндері мүмкіндігінше азаматтардың бір-біріне сый-сияпаттар жасауы;
– Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;
– Араздасушыларды татуластыру;
– Науқастардың көңілін сұрау, т.б.
Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін амалдар.
 Биылғы жылы айт намазы облыс бойынша 17 шілде күні сағат: 07.00-де оқылады.
Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін.

М. Естеміров,
Облыс имамының
орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.