Ораза айт құтты болсын!

Пятница, 17 Июль 2015 05:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4456 раз

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

543407 1421729726Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша отандастарымды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.        
Бір ай бойы оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты.  Алла разы болсын.
Айт – арабтың «иъид» деген сөзiнен шыққан. «Иъид» сөзiнiң негізгі түбiрi – «ъада». Ол «мерекелеу», «бiр-бiрiн мерекемен құттықтау» деген мағынаны қамтиды. «Ъада» сөзiнiң масдары (iс-әрекеттi бiлдiретiн терминi) – «иъадат», яғни «хал сұрасу», «бiр-бiрiн қуанту», «қуанышқа топталу». Демек, айт сөзiн «мереке», «мейрам», «қуаныш», «шаттық» деп түсінеміз. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке.
 Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.
Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да – мұсылманға тән сипат. Исламда әрбір ізгі амал – садақа. Көршіге көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру, тіпті жетімнің басын сипап, өзгелерге жылы шырай таныту, ол да – садақа.                
Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын.
Құрметті жерлестер!
Биылғы жылы айт намазы облыс бойынша 17 шілде күні сағат: 07.00-де оқылады. Ораза айтта отбасымызды шаттыққа бөлеп, ағайынға сыйлық берудің де маңызы зор.
Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі баянды болғай! Әмин!

Ахметжан қажы
 Керімбек,
Қазақстан
мұсылмандары діни
басқармасының ОҚО
бойынша өкіл имамы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.