Секта мен культтерден сақтанайық

Пятница, 11 Декабрь 2015 07:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4579 раз

Жалпы алғанда, жаңа діни ағымдарға жаңадан пайда болған, ешқандай этносқа қатысы жоқ діндер жатады. Олардың діни ілімі нақты мемлекет немесе халық тарихымен терең байланыспайды. Кейбір діни ағымдар өздерін саналы түрде мемлекет пен қоғамдағы негізгі діндерге қарсы қояды.

sektЖаңа діни ағымдардың пайда болу себептеріне қарай, зерттеушілер оларды саяси, дүниетанымдық, жеке әлеуметтік үдерістермен байланыстырады. Оларға бірінші кезекте теріс көңіл күйдің бастауы болған адамзаттың ғаламдық мәселелерін жатқызады. Оның таратылуының басты нысаны белсенді миссионерлік қызмет болып табылады. Дәстүрлі емес діннің басым көпшілігі жасөспірімдерді қамтуға тырысады.
Өмірді жаңа тани бастаған жастар жаңа нәрселерге әрқашан жақын болады. Дәстүрлі емес культтерде ортақ белгілер бар. Олар: құдайшылдық, өздерінің лидерлеріне тікелей бағыну.
Жастардың деструктивті культтерге кіруінің негізгі себептері ретінде олардың нашар отбасынан шығуы, жасөспірім кезіндегі психологиялық дағдарыс, өмірдің қиыншылығынан қорқуы немесе өзіне сенбеушілігі, ертеңгі күнге деген қорқынышы, қоғаммен қарым-қатынаста өзін жалғыз сезінуі аталады. Бұл ретте барлық культтердің мақсаты – өз қоғамдарына көбірек адам тарту. Ал дінді олар адамды бақытты ету құралы ретінде пайдаланады. Осы орайда, бүгінгі қоғамда қашан да жасөспірімдерге діни экстремизмнің қаупін, деструктивті және тоталитарлық культтердің мақсаты  не екенін түсіндіріп отырғанымыз жөн. Яғни, бүгінгі жас сектаның торына түсіп қалмау үшін ұдайы нені назарда ұстау қажеттігін түсіне білуі керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кім көпшіліктен (жамағаттан) сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады», – деген. Яғни, жамағаттан алыстаудың нәтижесі діннен алыстау, тіпті исламнан шығып та кету қаупі бар екенін осы хадис білдіреді. Демек, асыл дініміз Ислам көпшіл болуға, бірігіп ел болуға шақырып қана қоймай, жікке бөлінуді құптамайды. Қазіргі кезеңде мектеп оқушылары мен студент жастар жат пиғылды ағымдардың қармағына тез ілініп, соның әсерінен ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына, ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығып жататыны белгілі жәйт. Сол үшін ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн. Сонда ғана бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы әбден мүмкін. Тіптен кей ата-ана баласының осындай ағым жетегінде кеткенін кеш түсініп, бармақтарын тістеп қалуда. Демек, ата-ана «сақтансаң, сақтаймын» қағидасына берік болып, ұрпақ болашағына, ұлт келешегіне бүгіннен алаңдағаны жөн.
Жастарымыз да кез келген діни ағымдардың зияндылығын танып-біліп, оның астарына үңіле білгені дұрыс. Мұны айтудағы себеп, намаз оқитын кей жастарымыз намаз оқымайтын ата-анасын «кәпірге» теңейді. Ислам дінін ата-анаға қарсы шығу деп түсінетін ата-ана діннен қорқуда. Ақиқатында Ислам діні ата-анаға қарсы зұлымдыққа емес, бауырмалдыққа, ізгілікке шақыратын бірден-бір хақ дін.
Әр елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуы ынтымақ, бірлікте. Дана халқымыз «Береке басы – бірлік» деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі Қазақ елі берік ынтамағының арқасында талай-талай игіліктерге қол жеткізіп келеді. Қашан да ынтымақты ту еткен ел азаматтарының қосқан үлесі бар деп білген жөн. Ал егер ел ішінде діни алауыздық туындап жатса, ол елдігімізге нұқсан болары сөзсіз.

Қадіржан МАМЕТОВ,
«Исамеддин баба»
мешітінің бас имамы

Последнее изменение Вторник, 15 Декабрь 2015 05:33
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.