Тұрғындар мәселесі шешiмiн табады Избранное

Среда, 03 Февраль 2016 05:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4011 раз

Сайрамдағы облыстық өзбек драма театрында бір жылдан бері «қалалық» атанған тұрғындар Қаратау ауданы әкімі Ғалым Исмаиловтың қорытынды жылдық есебін тыңдап, түйіні тарқатылмай тұрған мәселелерін ортаға салды. Басқосуға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен бөлім басшылары, аудан тұрғындары қатысты. Бүгінде бұл ауданға енген 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алапта 213 мыңнан астам халық тұрады. Олардың коммуналдық салаға қатысты өзекті мәселелері жеткілікті.

esep qaratauАлдымен аудан әкімі Ғ.Исмаилов қой жылында жүзеге асқан тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық пен инфрақұрылым мәселелеріне жан-жақты талдау жасады.
– Былтыр «Қайнарбұлақ» саяжайы, «Ақжайық», «Нұртас» шағынауданы мен Сайрам тұрғын алабында ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталса, «Қайтпас», «Мирас» шағынаудандарында жұмыс жалғасып жатыр. Көп ұзамай тұрғындардың таза ауыз суға қолы жетеді. Ал табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ақжайық» шағынауданында ішкі орамдық газ жүйелері жүргізілді. Сондай-ақ, Таскен тұрғын алабы мен «Мирас» шағынауданын табиғи газбен қамтуға бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда, Ал «Қайнарбұлақ» саяжайына электр бағаналары орнатылып, желілер тартылса, «Ақжайық», «Қайтпас», «Достық-2» шағынаудандарында жұмыстар жүргізілуде. Биыл бұл ауылдарда жарық мәселесі толықтай шешіледі, – дейді Ғалым Исмаилов.

Бұдан бөлек аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қазына қаржысына қарап отырмай, күрделі мәселелерді шешуге демеушілерді тартуға кіріскен. Осылайша олар Қайнарбұлақ тұрғын алабының Жаңақұрылыс аумағына екі трансформаторды орнатып берсе, аудан аумағындағы 10 шақырымға жуық жолға шағал тас та демеушілердің есебінен төселген.

Бұдан бөлек «Нұрсәт» шағынауданындағы жарамсыз күйге түскен 110 ойын алаңшасының 88-і кәсіпкердің қолдауымен қайта қалпына келтірілген. Сонымен қатар аудан құрылғанға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемемен тұрғындардың 25 пайызы ғана келісім-шартқа тұрған екен. Ал қалған ауыл тұрғындары сай-сала, шұңқырларға қоқыс төгіп, табиғатқа өлшеусіз зиян тигізіп келген. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 86 пайызға жетіп, бей-берекет тасталатын қоқыстардан айнала түгел тазартылып, тұрғындар өз ауылдарына жанашырлықпен қарай бастапты.

esep qaratau-1Қалаға қосылған елді мекендердегі тағы бір басты мәселе – мектеп пен балабақша тапшылығы. Бүгінде ауданға қарасты 45 балабақшада 8 мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде екен. Ғалым Ыбырайұлы қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен «Бозарық» шағынауданында 320 орынды балабақша құрылысы, қалалық бюджеттің есебінен «Нұртас» шағынауданындағы 320 орынды балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Әкімнің баяндамасынан кейін облыстық мәслихаттың депутаты Р.Омаров, №4 облыстық балалар үйінің директоры Н.Тастыбаева, Сайрам тұрғын алабының төбе биі Қ.Шәмшимедов жарыссөзге шығып, ойларын ортаға салды.

Ал Б.Садықов атындағы №112 негізгі орта мектебінің директоры С. Ярметов спорт залы мен асхана салып беруін өтінсе, Испиджаб ауылының тұрғыны С. Айтметов ауылдарына «Қазпошта» мекемесі керек екенін айтты. Сауал қоюға шыққан адамдардың өтінішінің дені инфрақұрылым, қоғамдық көлік мәселесі, жер құжатын рәсімдеу туралы болды.

Есеп беру кездесуінде сөз алған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент қаласынан төртінші аудан құру – бұл Елбасының шешімі. Аудандағы өзекті мәселелер біздің назарымызда. Қазына қаржысы шектеулі болғандықтан бәрін жоспар бойынша, рет-ретімен шешіп жатырмыз. Болашақта бәрі болады, сәл шыдам керек, сабыр керек», – деді.

Жиын қорытындысында өзекті мәселелер кезең-кезеңімен 2018-2019 жылға дейін шешілетіндігі айтылды. Аудан әкімі Ғалым Исмаиловтың жұмысына тұрғындар оң баға берді.