Құтқарушылардың бiр күнi

Пятница, 05 Февраль 2016 06:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4568 раз

Төтенше жағдай орын алғанда құтқарушылар қызметіне жүгінетініміз анық. Осындай сәтте сала басшылығы мен қызметкерлердің жұмысы сыналатыны ақиқат. Ал ержүрек жігіттер өміріне қауіп төнсе де, басын бәйгеге тігеді. Сын сағатта адамдарды өрттен де, судан да құтқарады. Ауа райына, уақытқа қарамай, тауға шығып, тасқа өрмелеуге, тіпті шыңырау құдыққа түсуге дайын. Олар үшін ашылмай жатқан есік те түк емес. Үйіңізден шыға алмай қалсаңыз немесе кіре алмаған жағдайда құтқарушылар жаныңыздан табылады.

Сегіз қырлы, бір сырлы...

qutqaru3

ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің Шымкент қалалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен кездескенімізде кәсіпқой спортшыларды көргендей болдық. Тарамыстай тартылған жігіттер тепсе темір үзеді. Олардың сайдың тасындай іріктелген дене бітімінен кез келген сәтте байсалды әрекет ететінін аңғардық. Мұнда 100-ге жуық құтқарушы жұмыс істейді екен.

qutqaru2Әңгімелесе бергеніміз сол, «Құтқару қызметінің» жетекшісі Рақымжан Бекенбаевтың қолындағы рациясына хабар келіп түсті. Кезекші диспетчер Нафися Хамидова қаладағы үйлердің бірінде мектеп оқушысының құлыптанып қалғаны туралы жеткізді. Жедел тапсырма алған алған құтқарушылар дереу жолға шықты. Оқиға орнына жеткен жігіттер арнайы құралдарымен есікті ашып берді. Үйде қалған 9 жастағы Арман қосымша сабаққа жиналыпты. Киініп, сыртқа шықпақ болғанымен, есік құлпы бұзылып, ашылмайды. Анасына қоңырау шалып, шыға алмағанын айтады. Ал анасы дереу құтқарушыларға хабарласады.

Құтқару қызметінің жетекшісі Рақымжан Бекенбаев мұндай оқиғалардың күн сайын қайталанатынын айтады. Жол үстінде диспетчерден тағы да қоңырау түсті. Бұл жолы 5 жастағы баланың аяғы  айналмалы  ойын құрылғысына қыстырылып қалыпты. Оқиға орнына лезде жеттік. Кішкентай балақай аяқтарын шығара алмай жылап тұр. Жанындағы әжесі не істерін білмей әлек. Есі шығып,  баланы айнала береді. Жігіттерді көргенде қуаныштан қатты толқыды. Жедел құтқару жасағының мамандары айналмалы құрылғыны құралмен кесіп, баланы құтқарып алды.

Рейдте жедел жасақ қызметкерлерінің күн сайын түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетінін байқадық. Бірақ ержүрек жігіттердің жігері жасыған жоқ. Жылдам, батыл іс-әрекеттерін көріп сүйсіндік. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, құтқарушылар сан қырлы мамандықтың иесі екенін дәлелдей білді. Жұмыс барысында стропальщик те, газбен-электрмен дәнекерлеуші де, альпинис те,  тіпті фельдшер де болды.

 Кинологтар сайысында жүлдегер атанған

qutqaru4Шақырту біткен соң, жасақ бөліміне қайта оралдық. Бұл жолы құтқарушылар тренажер залында екен. Мұнда олар күн сайын жаттығады. Жылына бір рет міндетті нормативтер тапсырады.Осындай дайындықтардың арқасында Шымкент қалалық жедел құтқару жасағының жігіттері халықаралық «Қазспас» оқу-жаттығу сайысында алдыңғы қатардан көрініп жүр. Құтқарушы қызметінің жетекшісі Рақымжан Бекенбаевтың айтуынша, құтқарушының бойында жауаптылық, салқынқандылық, жанашырлық және  сабырлылық болуы керек.

– Құтқарушы жұмысының тағы бір қиын тұсы – жол-көлік оқиғаларында мүрдені алып шығуға, жарақатынан қан тыйылмағандарға жедел көмек көрсетуге тиіс. Осындайда көп адамның жүрегі шыдамайды. Ал құтқарушы мұндайда сыр бермеуі тиіс, – дейді құтқару қызметінің жетекшісі.

13 жылдан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Рақымжан алуан оқиғалардың да куәсі болыпты. Талай адамды ажал аузынан арашап, талайға өмір сыйлады. Ол жасақ құрамындағы жігіттердің бәрі жұмысын адал, абыройлы атқарып жүргенін айтады. Әсіресе Рауан Дүйсенбеков, Көркем Қайратұлының жұмысын мүлтіксіз орындайтынын атап өтті.

Кинолог қызметінің басшысы Алина Низамиовамен  әңгімелескенімізде, осы кәсіптің қызығы мен қиындығына қанықтық. Кинолог Алина құтқарушы иттерді дайындайды. Мұнда Мега, Шах. Рой, Жасмин есімді екі неміс овчаркасы, екі лаврадор иті бар екен. Ол иттердің ептілігін мақтана әңгімеледі.

– Бұйрықтарымызды бұлжытпай орындайды. Адамның дауыс мәнерінен және қас қабағынан бәрін түсінеді. Иісті де сезеді, дыбысты да жақсы аңғарады. Әсіресе,  Рой өте ақылды. Адамға өздігінен шабуыл жасамайды. Қар астында, ғимаратта қалып қойған адамдарға жәрдем береді. Адамды көрген жағдайда қасына барып,  хал-жағдайын білдіру үшін бізге үріп, белгі береді. Оларды нағыз құтқарушылар деп айтуға болады.

Біз иттермен жаттығуларға жиі шығамыз. Жақында Тайгада болып қайттық. Онда иттердің дайындығын пысықтадық. Неміс овчаркалары із кессе, лавродалар жоғалған, қар астында қалған  адамдарды іздеп табады. Құтқарушылар жасағында иттердің еңбегі ерекше, – дейді кинолог.  

Шындығында иттер құтқаруды жаттығуда емес, іс жүзінде меңгерген. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді жақсы орындайды. Жылына бірнеше рет ұйымдастырылатын сайыс-жиындарда кинолог өз иттерінің қабілетін, үйренген дағдыларын сынға салып тұрады. Оның үстіне мұндай шаралар әр жыл сайын түрлі аймақтарда жүргізіледі. Кинолог А. Низамиованың айтуынша,  иттер мамыр айында Алматы  қаласында сынақ тапсырады екен. Бұл ең алдымен иттердің дағдыларын мықтап қалыптастыруға, апаттық жағдайда жақсы жұмыс істеуі үшін қажет. Ал кинологтар сайысына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінетін Зевс ит еңбек демалысында болып шықты.

 «Жедел көмек көрсету – міндетіміз» 

qutqaru1Жыл сайын  құтқарушылар облыстарға жиі шақырылып тұрады. Қазақстанның әр қалаларында болады.  Мәселен қалалық құтқару жасақтары Атбасар, Торғай қалаларының тұрғындарына көмектесті. Шығыс Қазақстан облысында болып, қар басқан үйлердің жолдарын тазартты. Өзен суының деңгейін бақылап, су басу қаупінің алдын алды.

– Қаланың бәрін қамтуға қол күшінің жетпейтіні рас. Оның үстіне кейбір тұрғындардың болмашы нәрсені желеу етіп,  құтқару қызметін шақыратыны бар. Бірі кілтін жұмыста қалдырып кетіп, есік ашып беруін өтінеді. Бірі аулаға иттен кіре алмағанын айтып, хабарласады. Осындай сәтте өмірі қыл үстінде тұрған адамға көмегіміз қажет екенін ескермейді, – дейді Рақымжан Бекенбаев.

Осы орайда диспетчерлік бөлімнен тағы бір хабар келіп түсті. Сақадай сай тұрған жігіттер шапшаң қимылдап, тағы да дабыл бойынша жолға шықты. Бұл жолы құтқарушылардың экипажы алыс жолға шықты. Түлкібас аумағында адам жоғалған көрінеді. Міне, осылайша шымкенттік Құтқару қызметі құтқарушыларының күнді түнге жалғаған қауырт жұмысы басталып та кетті.

Айта кетерлігі, Төтенше жағдайлар министрлігінде құтқару қызметінің шегі белгіленбеген. Қызметі де қауіпті. Құтқарушының тағы бір қасиеті, жұмыстан тыс жерде де адамға араша түсуге даяр. Бұған дәлел көп. Медициналық көмектің арқасында өмірге қайта келген адамдар жеткілікті.  Мұның бәрі құтқарушының күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Денсаулықтарына қауіп төндіре отырып жұмыс атқарған олардың басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олардың қауырт, ауыр жұмыстары құтқарылған адамдардың алғысымен бағаланады.

Құтқару жасағының диспетчер қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Төтенше оқиға болған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет. 

 

Последнее изменение Пятница, 05 Февраль 2016 07:06
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.